Өндіріс

Қаражанбас

«Қаражанбасмұнай» АҚ мұнай өндіру жоспарын толық орындады

31/01/2020

«Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығы 2019 жылы атқарылған компания жұмыстарына қорытынды жасап, Қаражанбас кен орнының қос ауысымдағы жұмысшыларына және кеңсе қызметкерлеріне есеп берді. Компания Президенті Ли Тецян, бірінші вице-президенті Сүйіндік Алдашев, вице-президенттер Нұрсейіт Союнов, Асқар Рзаханов, Бақтияр Балжанов, Бауыржан Баймулдинов, қауіпсіздік техникасы және еңбек қорғау департаментінің директоры Самат Бисеновтің қатысуымен өткен басқосуда былтырғы жылы атқарылған жұмыстар туралы толық ақпарат берілді.

«Қаражанбасмұнай» АҚ Президенті Ли Тецян компанияның 2019 жылғы жалпы жұмысына шолу жасап, стратегиялық жоспары туралы айтып өтті. Компания былтыр мұнай өндіру жоспарын толығымен орындап, 2 162 мың тонна қара алтын өндірді. Өндіріс жөніндегі вице-президент Нұрсейіт Союнов өндіріс жұмыстарының орындалысы, коммерциялық мәселелер жөніндегі вице-президент Бауыржан Баймулдинов өндірілген мұнайдың қай бағытқа жөнелтіліп жатқандығы мен сатылуы туралы айтса, экономикалық мәселелер жөніндегі вице-президент Бақтияр Балжанов 2019 жылғы кіріс-шығыс көлемі төңірегінде есеп-қисаптарды жұмысшылар назарына ұсынды.

Бұдан бөлек, қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау департаментінің директоры Самат Бисенов жұмысшылар денсаулығы, оның ішінде медициналық тексеріс, жиі кездесетін ауру түрлері, оның алдын алуға бағытталған жұмыстар туралы деректер келтірді.

Кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президент Асқар Рзаханов өткен жыл жұмыстарының есебінен бөлек, 2020 жылы Қаражанбас кен орнында жасалуы тиіс жұмыстар, оның ішінде белгілі бағыттарда асфальт жол төсеу, жатақхана құрылысы, санаторий-курорттық жолдамалар, балалар лагері, мәдени іс-шаралар, сонымен бірге жеңілдетілген ипотекалық несие беру туралы баяндады.

Әрбір есеп беру соңынан жұмысшылар сұрақтар қойып, басшылық тараптан тиісті жауаптар берілді.