Өндіріс

ҚазТрансОйл

«ҚазТрансОйл» компаниясы 2019 жыл бойынша есеп берді

31/01/2020

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамында көшпелі кеңес өткізді. Кеңесте мұнай тасымалдау жөніндегі ұлттық оператордың 2019 жылы атқарған қызметі туралы есебі тыңдалды. ҚМГ басшылығы ҚазТрансОйл компаниясына мұндай кеңейтілген құрамда алғаш рет келіп отыр.

Алқалы жиынға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының мұнай тасымалдау, халықаралық жобалар және «Сарыарқа» газ құбырын салу жөніндегі орынбасары Данияр Берлібаев, Басқарма төрағасының орынбасары – қаржы директоры Дәурен Қарабаев, Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Жақып Марабаев, Басқарма төрағасының стратегия, инвестициялар және бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Дастан Абдулғафаров, сондай-ақ қаржы, өндірістік, құқықтық және кадр бөлімшелерінің басқа да өкілдері қатысты.

Компанияның өткен жылғы қызметі туралы есеп берген «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Димаш Досанов барлық негізгі көрсеткіштер орындалғанын айтты. 2019 жылы жиынтықты мұнай жүк айналымы 45,6 млрд тонна-шақырым болды. Магис­тралды мұнай құбырлары жүйесі бойынша «ҚазТрансОйл» бөлек 44,5 млн тонна мұнай тасымалдады. Бұл көрсеткіш жоспардан 389 мың тоннаға көп.

«ҚазТрансОйл» АҚ-ның күрделі салымдары жөніндегі жоспары 95%-ға немесе 41,1 млрд теңгеге орындалды. Былтыр компания мұнай құбырының 1044 шақырымына құбырішілік диагностика жүргізді. Соңғы төрт жыл ішінде магистралды мұнай құбырларының 412 шақырымы жөндеуден өтіп, 978 мың ақауы жойылды. Тозығы жеткен 5 сорғы қондырғысы ауыстырылды.

Трансформация бағдарламасын іске асыру шеңберінде «ҚазТрансОйл» компаниясының басқару құрылымы қайта ұйымдастырылды. IT-функциялары оңтайландырылды. Бейінді емес салада еңбек ететін қызметкерлерді аутсорсингке көшіру жөніндегі жобалар жүзеге асырылды. 2017 – 2021 жылдары осы жобаларды іске асырудан түсетін жалпы экономикалық пайда 5,6 млрд теңге деңгейінде болады деп күтіледі.

«ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамында бизнес-процестерді оңтайландыруға және олардың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін жоғарылатуға бағытталған Цифрлық технологияларды дамыту бағдарламасы әзірленді.

Димаш Досановтың айтуы бойынша, 2020 жылы компания мұнайды апатсыз және үздік тасымалдау жұмыстарына, «Кеңқияқ — Атырау» стратегиялық маңызды жобаны аяқтауға ерекше ден қояды.

«Компания қызметкерлері арасында жарақат алу деңгейін азайту, қауіпсіздік және еңбек қорғауды арттыру мақсатында «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамында 2020 жыл Қауіпсіздік жылы болып жарияланды. Бұл біз үшін аса жауапты міндет», – деді компания басшысы.

Есепті тыңдағаннан кейін ҚМГ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев компанияның тұрақты көрсеткіштерін атап өтіп, қолданыстағы бизнес-процестерін оңтайландыру жөніндегі сараптамалық жұмысына оң баға берді.

«ҚазТрансОйл» компаниясының стратегиялық мақсаттары – сенімді, үздік мұнай тасымалдауды қамтамасыз ету мен қауіпсіздік ережелерін сақтау болса, онда олар орындалуы тиіс. Бизнес-процестерді үздіксіз жетілдіруге бағытталған цифрландыру бағдарламалаңызға оң баға беремін. 2020, 2021 жылдары және бұдан кейінгі уақытта да компания қай бағытта дами түсетінін нақты айқындап алған маңызды», – деп сөзін қорытты А.Айдарбаев.

ҚазМұнайГаз басшысы ҚазТрансОйл алдында мұнай тасымалдау бағыттарын әртараптандыруды қамтамасыз ету, қызметті жетілдіру және қауіпсіздік техникасын арттыру жөніндегі міндеттер тұрғанын еске салды. Сонымен қатар ол «Кеңқияқ – Атырау» реверсі жобасын іске асыру барысын ерекше қадағалауды тапсырды.