Маңғыстау облысында өткен «Жыл адамы — 2019» байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Байқауға Маңғыстау облысында тұрақты тұратын, жыл бойы үздіксіз еңбек еткен өз саласының майталмандары қатысты.

Биыл «Жыл адамы — 2019» атағына 21 үміткер лайық деп танылды. Соның ішінде «Жыл мұнайшысы» атағына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қарасты «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы өндірістік-техникалық бөлімнің 1-санатты мұнай және газ өндіру жөніндегі инженері Айман Кенжебаева ие болды.

Айман Гурьев политехникалық техникумын «мұнай-газ скважиналарын пайдалану» мамандығы бойынша бітіріп, 1987 жылы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына 3-ші дәрежелі оператор болып орналасады. Еңбек жолының бастауы қанатын қатайтып, жігерін жаныған ол өндірісте өзіне тапсырылған жұмысты тыңғылықты орындап, сол кәсіптің майталман маманы атанады. 1995 жылдан бері 1-ші санатты инженер қызметіне ауысып, бүгінде абыройлы еңбек етіп жүр. Айман Кенжебаева «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның, «CNPC» ҚҰМГК-ның алғыс хаттарымен марапатталған.

Әріптесімізді марапатымен құттықтаймыз!