Әлеумет

Атырау мұнай өңдеу зауыты

Жаңарған инженерлік ғимарат пайдалануға берілді

25/12/2019

23 желтоқсан күні Атырау мұнай өңдеу зауытында инфрақұрылымдық ARMAN жобасы аясында іске асырылған, жаңғыртудан кейін күрделі жөндеуден өткен үш қабатты жаңа инженерлік ғимараттың ашылу салтанаты өтті.  Шараға «АМӨЗ» ЖШС Бас директоры Ш.Данбай, «Техникалық бақылау» ЖШС басшысы С.Есырева, құрылымдық бөлімшелер мен цехтардың басшылары және қызметкерлері қатысты.

 Жаңартылған ғимараттың алдындағы қызыл лентаны зауыт басшысы Шухрат Данбай кесті, ал символикалық кілтті оған С.Есырева табыстады.

«Бұл ғимарат – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қолдау білдіріп, көп күш-жігер пен қаржы жұмсалып жатқан ARMAN жобасының алғашқы нәтижесі. Жұмыс берушінің қызметкерлері алдындағы ең басты міндетінің бірі – дұрыс, қауіпсіз, ыңғайлы жұмыс орнымен қамтамасыз ету, — деді ашылу салтанаты кезінде кәсіпорын басшысы. – Біздің зауытымыз Қазақстан бойынша жұмыс орнын басқарудағы ақылды философияны қолданысқа енгізу жағынан көш бастап тұр. Бұл ғимараттың әрбір бұрышы пайдалы етіп салынған».

Бас директордың сөзінше, бұл тәжірибені ол Ресейдің жетекші өнеркәсіптік кәсіпорны – «Росатом» компаниясынан үйреніп, АМӨЗ-ге енгізуге бел буған.

Жарты жылға жуық уақыт аралығында ең озық нормалар мен ережелерге сәйкес, ғимаратта мұнайды терең өңдеу кешенінің және зауыттың басқа бөлімшелерінің инженерлері мен операторлары үшін оупен-спейстер құрылды, офистік жабдықтар мен жайлы жиһаз орнатылды. Сонымен қатар мұнда конференц-зал, тамақ қабылдауға арналған бөлмелер, шешінетін орындар,тіпті жуыну бөлмесі де бар. Барлық бөлмелер бірыңғай корпоративтік стильде жасақталған. Корпуста бір мезгілде 200 адамға дейін жұмыс істей алады. ARMAN жобасы шеңберінде түрлі зауыт цехтарының 16 әкімшілік-тұрмыстық кеңселерде және басқа да ғимараттарда (операторлық, диспетчерлік пункттер және т.б.) қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндай ауқымды жаңарту АМӨЗ-де алғаш рет жүргізіліп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, ARMAN жобасы – зауыттық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша зауытта іске асырылып жатқан жаңа алты жобаның бірі.

«АМӨЗ» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімі