Өзекті

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының 2019 жылдағы басты 10 оқиғасы

23/12/2019

Қуаты артты

Қызылорда облысы Қазалы ауданының Ақсуат кентінің маңында «Қорқыт Ата» компрессорлық стансасы іске қосылғаннан кейін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры толық жобалық қуатына шықты. Нәтижесінде, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының өткізу қабілетін жылына 10 млрд текше метрден 15 млрд текше метрге жеткізу жөніндегі ең ірі инвестициялық жоба тәмамдалды. Газдың 5 млрд текше метрі еліміздің оңтүстік аймақтарындағы көгілдір отынға сұранысты толығымен өтейді. Ал қалғаны Қытайға экспортқа жөнелтілетін болады.

 

Меншік иесі ауысты

Ақпан айында «ҚазМұнайГаз» атауымен жұмыс істейтін жанармай құю стансалар желісін 60,5 млрд теңгеге сату жөніндегі мәміле аяқталды. Сәуірдің 1-ші күнінен бастап ЖМҚС желісі «Petro-retail» ЖШС компаниясының меншігіне өтті. ЖМҚС желісін сату ҚМГ стратегиясына және Үкіметтің экономикадағы мемлекет үлесін азайту жөнінденгі жоспарларына сәйкес келеді.

 

Еншілес ұйым қор нарығынан кетті

Ақпанда ҚМГ еншілес ұйымы – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ артықшылықты акцияларды кері сатып алу бағдарламасын аяқтады. Жалпы сомасы 15,9 млрд теңгеге артықшылықты акциялардың 65%-ы сатып алынды. 2019 жылдың 14 мамырынан бастап ҚМГ БӨ акциялары биржада сатылмайтын болды.

 

Тұрақты және позитивті

Наурыз айында Fitch халықаралық рейтинг агенттігі ҚМГ рейтингісін «ВВВ-/Болжам тұрақты» деңгейінде растады. Сонымен қатар агенттік жеке рейтингтің (stand-alone credit profile) «b»-дан «bb-» дейін жоғарылауын атап өтті.

Тамыз айында Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі ҚМГ-ның Қазақстан Үкіметінің қолдауынсыз дербес негіздегі кредит төлеу қабілеті рейтингісін «Ва3»-тен «Ва2» дейін жоғарылатты. ҚМГ-ның ұзақ мерзімді рейтингісінің болжамы «тұрақтыдан» «позитивтіге» қайта қаралып, «Bаа3» деңгейінде расталды.

 

Жер астынан шыққан бұрқақ

Наурыз айында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға қарасты Қаламқас кен орнында күрделі учаскеде ұңғыманы бұрғылау кезінде газ-су аралас бұрқақ пайда болды. Кейіннен газ-су қоспасының ошағы жана бастады.

Апат орын алған сәттен бастап мамандар күрделендірілген бұрғылау ерітіндісімен ұңғыманы жуу жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ грифондарды жою үшін жөндеу-оқшаулау жұмыстарын жүргізді. Өртті ауыздықтауға 80-нен астам маман мен техниканың 25 бірлігі жұмылдырылды. Апат салдары жойылып, ұңғыма жабылды. Құрбан болған мен зардап шеккендер жоқ.

Дегенмен мұнайшылардың айтуынша, өрт осыдан бір күн бұрын мұнай компаниясының өкілдері оқытқан дұғадан кейін өшті.

 

«Түркістан» Бакуге аттанды

Сәуір айында Ақтау теңіз портында Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша фидерлік кеме қатынасы ашылды. Баку портына контейнерлер тиелген алғашқы қазақстандық «Түркістан» фидерлік кемесі жөнелтілді. Жобаның теңіз операторы – «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК.

Фидерлік кемелер апта сайын жүріп тұрады. Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымалдаулар «Қорғас–Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақтағы құрғақ портының Алтынкөл шекаралық стансасынан Ақтау теңіз портына дейін жеткізіліп, әрі қарай Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жөнелтіледі.

 

«Сарыарқа» тынысы

Қазан айында «Сарыарқа» газ құбырының желілік бөлігінің құрылысы аяқталды. Оның жалпы ұзындығы 1061,3 шақырым. Газ құбыры небәрі 8 ай ішінде салынды. Құбырларды жалғау жылдамдығы тәуілігіне 6-8 шақырымды құрады. «Сарыарқа» газ құбыры Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан қалаларын тоғыстырды. Құрылыс жұмыстарына 2 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Құрылыс кезінде өндірістік жарақат алудың бірде-бір оқиғасы тіркелмеді.

Жобаның жалпы сомасы – 267,3 млрд теңге.

Газ құбыры пайдалануға берілгеннен кейін 2 миллионға жуық қазақстандық табиғи көгілдір отынға қол жеткізе алады.

 

Экспорттың жаңа бағыттары

Қарашада Атырау мұнай өңдеу зауыты К5 экологиялық санатына сәйкес келетін Аи-92 маркалы бензиннің бірінші партиясын Еуропа нарығына жөнелтті. Экспортқа шығарылған алғашқы партияның көлемі – 1 827 тонна. Еуразиялық экономикалық одақтан тыс жерлерге жанармайды жеткізуге өндіру көлемінің ұлғаюы мен мұнай өнімдері сапасының жақсаруы мүмкіндік берді.

Бұған қоса, қараша айында «CASPI BITUM» БК ЖШС Өзбекстан Республикасына шамамен 10 000 тонна битум экспорттады. Ішкі нарық битуммен толықтай қамтамасыз етілгеннен кейін өнім экспортқа шығарыла бастады. Экспорт тұрақты негізде жүзеге асырылады деген жоспар бар.

 

Қарызды қайтару парыз

Қараша айында ҚМГ Vitol халықаралық трейдинг компаниясы мен халықаралық банктер синдикатынан аванс алу есебінен «Теңізшевройл» ЖШС-нен мұнайды жеткізу жөніндегі келісімшарттық міндеттемелерін мерзімінен бұрын өтеді.

Аталған міндеттемелерді мерзімнен бұрын өтеу ҚМГ компаниялар тобының қаржылық жағдайын жақсарту, қарыздарын басқару және ақша ағындарын оңтайландыру жөніндегі іс-шаралар кешенін өткізу нәтижесінде мүмкін болды.

Аванс толық өтелгеннен кейін мәміленің барлық тараптары арасындағы мұнайды жеткізу жөніндегі келісімшарттар күші олардың әрекет ету мерзімдеріне дейін (2021 жылдың бірінші жартыжылдығы) сақталатын болады.

 

Бір жыл – 10 әріптес

Жыл бойына ҚМГ Әзірбайжанның «Socar», Ұлыбританияның «BP», Италияның «ENI», Францияның «Total», Ресейдің «ЛУКОЙЛ» және «Татнефть», Норвегияның «Equinor», Германияның «Linde AG» сияқты алпауыт компаниялармен, сондай-ақ Қазақстанның Энергетика және Экология министрліктерімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға, бірлескен қызмет жөніндегі келісімдерге, көмірсутек шикізатын барлау мен игеру туралы келісімшарттарға қол қойды.