Біздің мамандар

Қаражанбас

Барлаушы геолог Әділ Нұрмановқа құрмет көрсетті

28/11/2019

Маңғыстаулық барлаушы геолог Әділ Нұрмановтың есімі көпшілікке етене таныс. Саналы ғұмырын мұнай-газ өнеркәсібіне арнаған ардагер қараша айында 85 жасқа аяқ басты. Қаражанбас кен орнына елеулі еңбек сіңірген ақсақалды «Қаражанбасмұнай» компаниясының басшылығы арнайы барып құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді.

«Сіздің Қаражанбас кен орнының ашылуы үшін атқарған еңбегіңізді білеміз. Кезінде қойылған шектеулерге қарамастан, табанды еңбектің арқасында иен даланы қайнаған тіршіліктің ортасына айналдыруға айтулы үлес қостыңыз. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Қазіргі таңда компанияда еңбек ететін әрбір маман кен орнының ашылуы – Әділ Нұрманов есімімен тығыз байланысты екендігін жақсы біледі», – деді «Қаражанбасмұнай» АҚ бірінші вице-президенті Сүйіндік Алдашев. Дәстүр бойынша С.Алдашев абыз қарияға шапан жауып, жары Әмина Қатароваға да қошемет көрсетті.

Өз кезегінде «АрғымақТрансСервис» ЖШС бірінші вице-президенті Шаттық Құлшықов: «Ақсақал болып әдемі қартаюды Сізге қараған сайын анық аңғарамыз. Үнемі кен орнының болашағына алаңдап, кездескен жерде ниетіңізді, тілектестігіңізді білдіріп отыратындығыңыз біздерді жігерлендіреді. Сізге әрдайым шын жүректен кіршіксіз ниетімізді білдіріп, алғыс айтамыз. Ауырмаңыз, арамызда аман жүріңіз», деп ықылас танытты. «ТКжҰҚКБ» ЖШС директоры Таңартар Жайман да Әділ Молдашұлына ыстық ықыласын жеткізді. Мұнымен бірге компанияның коммерциялық сұрақтар бойынша вице-президенті Бауыржан Баймулдинов, әлеуметтік және әкімшілік шаруашылық жұмыс департаментінің директоры Ренат Қаражанов та құттықтап, ұжым атынан Әділ Нұрмановқа сый-сыяпаттарын табыстады.

Құттықтай келгендерге Ә.Нұрманов сонау жастық шағындағы барлау кезеңіндегі естеліктерімен бөлісті.

«Біз сол кездері Бозащыны аралап шығу үшін рұқсат сұрап, жиі хат жаздық. Оны шешуге жергілікті аудандық атқару комитетінің қауқары жетпеді. Әскери мекеме болғандықтан тікелей орталыққа бағынатын. Хат жаза жүріп, 1972 жылы аралауға рұқсат алдық. Орталық жақ бізге рұқсат берген соң, бер жағындағы Долгийден (Каспийдің шығысындағы арал) барлау жұмыстарын бастап кеттік. 1973 жылы Қаражанбастан бір скважина қазуға рұқсат алдық. Оны қазу үшін Бұрғылау шебері Санақ Таяновты топографмен ертіп жібердім. 1974 жылы 26 қаңтарда түнде оқыстан хабар келді. «Қаражанбастан фонтан атып кетті» деп жігіттер сүйінші сұрай келді. «Бөтелкеге құйып әкелдіңдер ме?» десем, «ұмытып кетіппіз» дейді. Түсін, түрін сұрап жатырмын. Мүмкін су шығар деймін күдіктеніп. Содан жан-жаққа хабар беріп, ертеңінде 27 қаңтар күні түсте жолға шығып кеттік. Қыс ортасы болғандықтан далада қалың қар бар еді. Үш машинамен Қаражанбасқа барсақ, 12-ші скважинаның маңайы мұнайдан «көлге» айналыпты. Мұнай бұрқылдап атып жатыр екен. Қуанышымызда шек жоқ. Бұрғылау жұмыстарын бастағанда бірден «Мұнай ата қояды» деген ой болған жоқ… Бұл туралы 1974 жылдың ақпан айында Кеңес Одағының «Мұнай-газ геологиясы» журналының №5 санында «Қаражанбастан мұнай фонтаны атқылады» деген мақала жарық көрді. Қаражанбастан сөйтіп алаң емес, аймақ ашылды. Қасынан тағы да қазу жұмыстарын жалғастыра бастадық. Арада бір жыл өткенде Терістік Бозащыны барлау жұмыстары басталды. Ол 1975 жылы маусым айында ашылды. 1976 жылы Қаламқас кен орны жұмысын бастады. Әрқайсысынан 1 млн. тоннадан кем түспейтін мұнай көлемін есептеп шығарып, орталыққа тапсырдық. Сөйтіп барлау жұмыстары басталған кен орындары бүгінде Қазақстанның негізгі мұнай өндірісінің біріне айналды…», – деді Ә.Нұрманов.

Сөз соңында ақсақал батасын беріп, үнемі назардан қалдырмай елеп-ескеріп отыратын компания ұжымына рахметін жеткізді.

Анықтама үшін: Әділ Нұрманов 1934 жылы 5 қарашада Маңғыстау облысында дүниеге келген. 1957 жылы Алматыдағы С.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетін геология саласы бойынша аяқтаған алғашқы түлектердің бірі. Оқуды аяқтаған соң жолдамамен туған жерге оралады. Сол жылы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі құрылғанда, өңірдегі барлау жұмыстарына қатысып, кейін көптеген барлау экспедицияларына жетекшілік етті.

Жанкелді Қаржан