Біздің мамандар

Д.Хасанов: «Компаниямыздың басты құндылығы – адами ресурстар»

28/11/2019

26 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында «Самұрық-Қазына» компаниясының ұйым­дас­ты­руымен «Өзің дамы – еліңді дамыт» атты «Жас Самұрық – 2019» жастар слеті өтті. Іс-шараға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қарасты мекемелерден 50-ден астам қызметкер қатысты. Олар жеке даму және корпоративтік еріктілік сияқты екі негізгі тақырыпты талқыға салды.

Сондай-ақ, Storytelling форматында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, спортшылар, қоғам қайраткерлері, Самұрық-Қазына қор компанияларының топ-менеджерлері сөз сөйледі.

«ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ Адами ресурстарды басқару жөніндегі басқарушы директоры Дәулетжан Хасанов слет қатысушыларымен өзінің кәсіби тәжірибесімен, басқару принциптерімен және табысқа жету жолдарымен бөлісті.

«Компанияның 3 басты ресурсы бар: қаржылық, материалдық және адами. Бүгінде компаниялардың айырмашылығы осы адами ресурсқа тікелей байланысты. Біз үшін адам – компанияның басты құндылығы болып табылады», – деді Дәулетжан Хасанов.

Сонымен қатар, ол Стивен Ковидің «7 навыков высокоэффективных людей», «Скорость доверия», Брайан Трейсидің «Выйди из зоны комфорта» сияқты кітаптарын оқуға кеңес берді.

«Әр адам өзіне нақты мақсат қою арқылы үлкен жетістікке жол ашады. Мақсатың 80% нәтиже берсе, жоспарыңа жеткенің. Өзіңді дамытқаның – компанияның дамуы. Ал, компанияның дамуы – еліміздің көркеюі», – деп түйіндеді басқарушы директор.

Айта кетейік, аталмыш шараға Қазақ­станның барлық өңірінде еңбек етіп жүрген 300-ден астам жас маман келген. Слет шеңберінде әр қатысушыға тіркеу нөмірі берілді. Және кейбіреуіне, кездейсоқ сандар генераторының көмегімен анықтау арқылы, спикерлердің оқуға кеңес берген кітаптары табысталды.

Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» қор компаниялары арасында «Prime games» интеллектуалды ойыны өткізілді.

«Жас Самұрық – 2019» компания топ-менеджерлері мен жастар арасындағы ашық пікірталас алаңына айналды.