Біздің мамандар

Ембімұнайгаз

Ембіліктер Мәскеуде болды

28/11/2019

«Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты барлық еңбек ұжымдарында «Мұнайшы қыз» әйелдер клубының ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының падишасы, Қазақстан Республикасының халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Қазақтың аяулысы, перизаты, Өшпейді ешқашанда Фариза аты» атты поэ­зия кештері өткен болатын. Шарада ақынның өмір кезеңдерін бейнелейтін бейнероликтер көрсетіліп, өлең шумақтарынан үзінділер оқылды. Театрландырылған қойылым ұйымдастырылды. Компания басшылығының қолдауымен шарада үздік деп танылған өнерпаз мұнайшылар – қызметкерлер Ф.Оңғарсынованың 80 жылдығына орай Мәскеу қаласындағы «Современник» театры сахнасында «Фариза» спектакліне жолдама алған болатын. Аталған мәдениет шарасы Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің ұйымдастыруымен өтті.

Сапар кезінде ембілік мамандар Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтің қабылдауында болды.

– Мәскеуге барып, өте ерекше әсер алдық. Ресейдегі Қазақстан елшісі, жерлесіміз, Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов ағамызбен кездесуіміз біз үшін үлкен мәртебе. Одан қалса, Мәскеудің орталығында, «Современник» театрында елшілік ұйымдастырған қазақ поэзиясының падишасы, ақиық ақын Фариза апамыздың 80 жылдығына арналған кеші бізге ерекше рух берді.

Қазақстан актерлері Назгүл Қарабалина бастаған өнер майталмандары жалғыз бізге емес, сондай-ақ Мәскеу халқының жүректерінен орын алғаны соншалық, қимастықпен қоштасып жарты сағаттай орындарынан тұрып, қошемет көрсеткені қазақ деп соққан жүрегімізді елжіретті.

Қызықты сәттердің бірін айта кететін болсам, Мәскеу қаласын аралап жүргенімізде Қызыл алаңда жігіттермен қазақылығымызды паш етейік деп гитарамен Фариза апамызды бір еске алып, Жылыойға салем әнін айтып, содан Шәмшінің әндерінен шырқап бір марқайып қалдық. Осындай мүмкіндік берген «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығына ерекше алғыс айтқым келеді. Өйткені, жас мамандарды қолдап, алға ынталандырып келетінінің талай куәсі болып жүрміз, – дейді қайнарлық Мәулен Мұхамбеталиев.

– Ембіде армандар орындалады. Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған Поэзия кешіне мен «Ембімұнайэнерго» басқармасының намысын қорғап қатыстым. Бірақ, бұл кезде басты жүлде Мәскеуге сапар екенін мүлдем білмедім.

Ал, Ресей Федерациясының астанасына сапар ұмытылмастай әсер қалдырды. Елшімізбен кездесіп, әңгіме айтып отыру – мен үшін үлкен бақыт. Әңгіме арқауы, әрине, Атырау туралы болды. Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов өзге елде жүрсе де, оның елге деген сағынышы, жанашырлығы анық сезіліп тұрды.

Келесі күні театр сахнасында қойылған «Фариза» спектаклін тамашаладық. Айта кетсек, бұл – «Совеременник» сахнасында қойылған қазақ тіліндегі тұңғыш спектакль болды. Алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өмірімде алғаш рет Қызыл алаңды көріп, «мен Мәскеуге тағы да оралам» деген өзіме уәде бердім, – дейді Айнагүл Гумарова.

Ғалия ҚАРАЖАНОВА