Өндіріс

Өзенмұнайгаз

Журналистер Өзен кенорнын аралады

07/11/2019

Қарашаның 5-і күні бір топ журналист Өзен кенорнына келіп, өндірісті аралады. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері маңызды нысандардың жұмысымен танысуды Мұнай өнеркәсібі құралдарын және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасынан бастады.

Аталмыш басқармадағы сораптардың жабдықтарын жөндеу цех басшысының орынбасары Абдулла Піржаров 327 маман еселі еңбек етіп жатқан цех жұмысын бүге-шігесіне дейін түсіндірді. Журналистер өздерін қызықтырған сұрақтарына тұщымды жауап алды.

Бұдан соң БАҚ өкілдері Жерасты жабдықтарын диагностикалау және жөндеу цехына ат басын тіреп, 300-ден астам қызметкері бар еңбек ұжымының тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнай дайындау және өндіріске қызмет көрсету басқармасының жақында іске қосылған 20 мың текше метр су тұндыру қазандықтарын көрді.

Журналистерді Мұнай және газ өндіру департаменті директорының орынбасары Әлібек Данабаев ертіп жүрді. Ол 55 жылдық тарихы бар кенорынның өткені, бүгіні мен болашағынан әңгіме қозғады.

Қонақтар жанқиярлық еңбекті талап ететін өндірістің қарбалас жұмысымен таныса жүріп, мәртебелі мамандық иесі мұнайшылардың ас мәзірімен танысу мақсатында асханадан түскі ас ішті.

Сапар соңында ел игілігі үшін тер төгіп, ел ырысын еселеп жүрген еңбекқор жандардың жұмыстарына табыс пен сәттілік тіледі.