Өзекті

«Сарыарқа» газ құбырының желілік бөлігінің құрылысы аяқталды

09/10/2019

«Сарыарқа» газ құбырының құрылысы уақтылы аяқталды. 171 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ететін құбырдың жалпы ұзындығы 1061,3 шақырымға созылды. Бүгін, қазанның 9-шы жұлдызында Нұр-Сұлтан қаласының маңында «алтын торапты» дәнекерлеу рәсімі өтті.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы шеңберінде салынған газ құбыры Орталық Қазақстан мен ел астанасын ортақ газ тасымалдау желісімен байланыстырды. Бұл бір жылдан аз уақыт ішінде салынған тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба», — деді салтанатты рәсім барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ Ахметжан Есімов.

Салтанатты шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, ҚР Энергетика министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты.

Газ құбырының құрылысы осы жылдың наурыз айында басталған еді. Ол Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша салынды. Заманауи технологиялық жабдықты пайдалану дәнекерлеу жұмыстарын тәулігіне 6-8 шақырым жылдамдығымен жүргізуге мүмкіндік берді. Жоба құрылысына 2 мыңнан аса адам тартылды.  Бұл ретте құрылыс жұмыстары барысында еңбекті қорғау талаптары қатаң сақталғанын атап өткен жөн – 8 ай ішінде бірде-бір өндірістік жарақат алу оқиғасы тіркелмеді. Қазіргі уақытта Жезқазған, Қарағанды, Теміртау және Нұр-Сұлтан қалаларында газ өлшеу станциясы мен бес газ тарату станциясын салу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұдан кейін әкімдіктер елді мекендерді, соның ішінде елорданы газдандыру жұмыстарына кіріседі.

Жобаның құны – 267,3 млрд теңге. Газ құбыры пайдалануға тапсырылғаннан кейін «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамына жалға беріледі. Бұл компания газ тасымалдауды іске асырады. Бұл ретте газ тарифін қалыптастыру кезінде  компанияның газ құбырын пайдалану шығындары және жалдық төлемдері ескерілетін болады. Дегенмен соңғы бағаны ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті бекітеді. Себебі бұл осы мекеменің құзырындағы мәселе.

Өз тарапынан Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі елордада газ тарату желілерінің құрылысы үш кезеңге бөлінгенін атап айтады. Бірінші кезең бойынша мердігерлік ұйым анықталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кетті.  Жалпы, құрылыстың бірінші кезеңі 2020 жылдың соңында толық аяқталады.

Газ құбыры пайдалануға берілгеннен кейін оның экологиялық тиімділігі айқын болары сөзсіз. Екі миллионнан астам адам көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, газ құбыры өтетін аймақтардың экологиялық ахуалы жақсарады. Бұдан бөлек, «Сарыарқа» магистралі бірқатар облыста шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.

Алдағы уақытта газ инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту көзделіп отыр. Ол еліміздің басқа да өңірлерін газбен қамтуға мүмкіндік береді.