Өзекті

ҚазМұнайГаз және ЛУКОЙЛ бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды

20/09/2019

2019 жылдың 20 қыркүйегінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ Президенті Вагит Алекперов Қазақстан Республикасы аумағында бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды. Құжатқа қол қою рәсімі В. Алекперовтың Алматы қаласына сапары аясында өтті.

Компаниялар ынтымақтастықтың негізгі шарттары бойынша келісіп, Қазақстан Республикасы аумағындағы кейбір учаскелердің көмірсутекті әлеуетін бағалау мақсатында бірлескен геологиялық зерттеу жүргізуге дайын екендерін білдірді.

«ҚазМұнайГаз бен ЛУКОЙЛ-ды өзара тиімді серіктестік қатынастар байланыстырады. Бүгін қол қойылған келісім – осы серіктестігімізді дамытудың кезекті қадамы. Екі компанияның мол тәжірибесі мен іс-әрекетінің ұштасуы бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізуге және жалпы еліміздің мұнай-газ саласының тұрақты дамуына оң әсерін тигізетініне сенімдімін», — деді ҚМГ басшысы А. Айдарбаев.

ҚМГ мен ЛУКОЙЛ «Қарашығанақ», «Теңіз», «Құмкөл» ірі мұнай жобалары, сонымен қатар «Каспий Құбыр Консорциумы» мұнай тасымалдау жобасы бойынша стратегиялық серіктестер болып табылады. Айта кетейік, 2019 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, ҚМГ және ЛУКОЙЛ арасында «Жеңіс» теңіз жобасында көмірсутек шикізатын барлау және өндіру туралы келісімшартқа, ал маусым айында «I-P-2» жобасы бойынша Қағидаттар туралы келісімге қол қойылған болатын.