Өндіріс

Ембімұнайгаз

Прорва кен орындарында күкірттің алғашқы партиясы жөнелтілді

09/09/2019

«Ембімұнайгаз» АҚ игеріп отырған Прорва кен орындары тобынан 250 тонна түйіршіктелген күкірт жөнелтілді. 2018 жылғы желтоқсанда ілеспе мұнай газын дайындау қондырғысын іске қосқалы бері барлығы 350 тонна күкірт өндірілді. Қазіргі таңда бұл «Ембімұнайгаздағы» ең ірі Қондырғы. Оның қуаты жылына 150 млн текше метрді құрайды.

Аталған қондырғыда Прорва кен орындары тобында мұнайды өндіру барысында алынған ілеспе газ күкіртті сутектен тазаланып, тауарлық өнім дайындалады: тауарлы газ, түйіршіктелген күкірт, тұрақты газ конденсаты.

Айта кетейік, экология саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес өндіріс барысында алынған ілеспе мұнай газы толығымен кәдеге жаратылуы тиіс. Қондырғыны іске қосу газды жағуды толығымен тоқтатуға мүмкіндік берді. Газды дайындау барысы автоматтандырылған және апаттық жағдайға қарсы қорғаныстың бірнеше деңгейімен қамтылған. Оның үстіне, газды қайта өңдеу технологиясы экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және күкіртті сутекті жоюдың жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді.

Қондырғыда 2018 жылы барлығы 147 млн текше метр газ қайта өңделді. Оның 98 млн текше метрі сатылды, 34 млн текше метрі компанияның ішкі қажеттіліктеріне жұмсалды. Газ конденсатын өндіру көлемі 4 мың тоннаны құрады.

«Ембімұнайгазда» бұдан басқа Шығыс Мақат және С. Балғымбаев кен орындарындағы ілеспе мұнай газын дайындайтын тағы екі қондырғы жұмыс істеуде. Олар Атырау облысының Исатай, Мақат және Қызылқоға аудандарының тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етіп отыр.