Біздің мамандар

Ембімұнайгаз

Марапат мерейді өсіреді

06/09/2019

Ел дәулетін еселеп,  экономиканың қарыштап дамуына үлес қосып жатқан ембілік мұнайшыларды марапаттау шарасы 2-қыркүйек күні де компания бас кеңсесінің акт залында жалғасын тапты. «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ кәсіби және мерейлі мерекеге орай мұнайлы астанада ұйымдастырылған шараларды қорытындылай келе, сала мамандарына алғысын білдірді.

— Біз бүгін Қазақстан мұнайының 120 жылдық тойына қатысты бас қосып отырмыз. Осы айтулы оқиғаға орай Компанияда бірнеше салтанатты шаралар өтті. Қазақ мұнайының бастау алған жері – Қарашүңгілде  үлкен шара өтіп, ардагерлерімізге құрмет көрсеттік. Барлық басқармаларда құттықтау шарасы өтті. Бүгінгі шара сіздердің еңбектеріңізге берілетін баға – марапаттауға қатысты ұйымдастырылып отыр. Ембі өндірісі табысты болса, ол – алдымен сіздердің еңбектеріңіздің арқасы. Біз мұны жақсы түсінеміз, бағалаймыз, — деп атап өтті ЕМГ басшысы Әнуар Еркінұлы.

Сонымен қатар, компания басшысы кәсіпорынның жеткен жетістіктері туралы баяндады. Айта кетсек, 120 жылдық кезең ішінде қазақстандық мамандар өсіп, қалыптасты.  Ембілік мамандар еліміздегі ірі кен алаңдарының ашылуына алғашқылардың бірі болып үлес қосқанын үнемі мақтанышпен айтамыз. Теңіз, Өзен, Манғышлақ, Прорва, Кенбай сияқты ембіліктер тапқан ірі кен алаңдары күні бүгінге дейін ел экономикасының дамуында зор үлес қосып отырған кеніштер.  Аға буын салған сара жол күні бүгінге дейін жалғасуда. Ғасырдан астам уақыт өнім беріп келе жатқан ембі өндірісін дамыту үшін тың жобалар қолға алынып отыр. Табысымыз да айтарлықтай.

— Ең алдымен, мұнай өндіру көлемін 2 млн 820 мың тоннадан 2 млн 895 мың тоннаға өсіруге қол жеткіздік. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Ембі кен алаңдары өнім берудің жоғарғы сатысында. Осыған орай, біздің алдымызда өнім  көрсеткішін арттыру мәселесі  тұр. Стратегиялық маңызды бағыттарды қарастырудамыз. Өндіріске жаңа технологияларды енгізу, жаңа активтерді алу, кен орындарын толық барлау, жаңа келісімшарттарды алу, шығындарды оңтайландыру, мұнай кәсіпшіліктерінің құрал-жабдықтарын жаңарту, жолдар мен арнаулы техникаларды жөндеу – біздің негізгі мақсатымыз, — деп атап өтті компания басшысы.

Шара барысында Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің 120 жылдығына арналған мерекелік төсбелгілері Басқарма төрағасының орынбасарларына, департамент директорларына, қызмет басшыларына және бұдан басқа бір топ маманға табыс етілді.

Сонымен қатар, компанияға қарасты өндірістік құрылымдық бөлімшелер жұмысшыларын марапатталып, салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты.