Біздің мамандар

Ембімұнайгаз

Ембілік ардагер мұнайшылар ұлықталды

06/09/2019

Қазақстан мұнайының 120 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ембімұнайгаз» АҚ бас кеңсесінде Компанияның Орталық басқару аппараты зейнеткерлері мен бұрынғы басшыларды Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің «Қазақстан мұнайына 120 жыл» мерекелік медалімен марапаттау шарасы өтті.

Қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналған мерекелік шаралар легі үстіміздегі жылдың сәуір айында басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Атырау қаласындағы Қ.Қайсенов атындағы орта мектептің оқушылырына «Ашық сабақ» шарасын, ембілік жас мамандар арасында «Брейн-ринг» интеллектуалды ойынын, «Мұнайшы барысы»  атты қазақ күресі сайысын, «Велошеру» шарасын,  өндірістік құрылымдық бөлімшелер  қызметкерлері арасында спартакиада ойындарын кезең-кезеңімен ұйымдастырдық.  Мұнайшылар арасында өтіп жатқан  мерекелік шаралардың біразын біз Ембі  өндірісінің қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан ардагер-мұнайшыларымыздың құрметіне арнадық. Сіздердің еңбектеріңізді біз әрдайым еске алып, жас мамандарға үлгі тұтамыз. Сіздер қалыптастырған өндірістегі табысты еңбек күні бүгінде сәтімен жалғасуда, — деді салтанатты жиында ардагерлерді құттықтаған ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Компания бойынша 2100-ден астам ардагер болса, соның ішінде, 260-сы Орталық басқару аппаратынан зейнеткерлікке шыққан. Ал, ӨҚБ ардагерлеріне басқармалар басшылары мен жас мамандары арнайы үйлеріне барып, мерекелік медальдарын тапсырды.

ЕМГ қоғаммен байланыс қызметі конференция қатысушыларына арнап компанияның, жалпы мұнай-газ саласының тарихынан сыр шертетін фотокөрме ұйымдастырды.

Мақсым Ізбасов, компанияның бұрынғы басшысы:

— Бүгін қазақ мұнайының қарашаңырағы «Ембімұнайгазда» үлкен салтанатты шара өтті. Мұнайшы ардагерлер осы салтанатты жиынға қатысты.

Өткенге көз жүгіртсек, 1899 жылы 7-қарашада №7 ұңғымада 40 метр тереңдіктен тәулігіне 20 тонна мұнай алынып, ол бөшкелер арқылы түйеге артылып тасылды. Содан бері талай кезеңді бастан өткерген Қазақстан бүгінде мұнай-газ саласы қарқынды дамыған ел ретінде  дүниежүзіне танылып отыр.

Ембінің барлық ардагерлерін осынау айтулы мерекемен құттықтаймын. Жеткен жетістік болашақта қол жеткізетін табыстың баспалдағы болсын.

 

Айман Кенжебаева, ембілік ардагер:

— Қазақстан 120 жыл бойы мұнай өндіріп келеді. Мен Ембідегі қызметімді «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-де геолог болып бастадым. Ембілік геологтардың қатысуымен көптеген ірі кен алаңдары ашылды.

Қазіргі таңда «Ембімұнайгаз» басшылары үлкен жұмыстарды атқарып жатқанын көріп, қуанып отырамыз. Ауқымды шаралардан зейнеткрелерді де ұмыт қалдырмайды. Әлеуметтік көмектерге де көңіліміз толады. Ембілік жұмысшылардың барлығын төл мерекемен құттықтаймын!