Өзекті

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы А.С.Айдарбаевтың Қазақстан мұнайының 120 жылдығымен құттықтауы

28/08/2019

Құрметті әріптестер!

Биыл бәріміз үшін айрықша мереке! Қазақстан мұнайына – 120 жыл толды!
Баршаңызды «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ниясының және жеке өзімнің атымнан осы мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Бұл ардагерлер мен мұнай-газ саласында еңбек етіп жүрген жандардың, жалпы қазақ халқының ортақ жетістігі!
1899 жылы Қарашүңгілде алғаш рет мұнай фонтаны атқылады. Ғасырдан астам уақыт ішінде мұнай-газ өнеркәсібі қалыптасып, қарыштап дами түсті. Ірі кен орындары ашылды. Мұнайшылардың бірнеше ұрпағы алмасты.
Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері мұнай-газ саласы жаңа кезеңге қадам басып, өндіріс өрледі. Жер байлығын игеруге отандық және шетелдік инвесторлар тартылып, қомақты қаржы құйылды. Әлемнің алпауыт компанияларымен әріптестік қарым-қатынас орнатылды. Бүгінге дейін салаға шамамен 200 млрд. АҚШ доллары тартылды.
Бұл өндіріс тиімділігін арттыру мен инфра­құрылымды дамытуға, сол арқылы мұнай-газ өнеркәсібін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берді.
Нәтижесінде, салада жағымды өзгерістер орын алды. Өндіріске озық технология енгізілді, мұнайшылар игілігі үшін тұрмыстық нысандар бой көтерді, әлеуметтік инфрақұрылым жақсарды. Өткен жылдар мен бүгінгі өндірістің ахуалын мүлдем салыстыруға келмейді. Жер мен көктей! Кәсіпорындар заманауи жабдықпен қамтылып, жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған.
Жиырма сегіз жылда «қара алтынды» өндіру көлемі үш еседен астамға ұлғайды. Былтыр Қазақстанда 90 миллион тонна мұнай өндірілді! Бұл рекордтық көрсеткіш!
Бүгінгі таңда еліміз мұнай өндірісі бойынша дүниежүзінде 13-ші орында тұр.
Мұнай-газ саласын аяққа тұрғызып, ілгері дамытуда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алар орны бөлек. Елбасының қажырлы еңбегі мен саяси жігерінің арқасында еңсемізді тік көтеріп, талай биікті бағындырдық. Біз мұны жоғары бағалаймыз әрі есімізден шығармаймыз.
Мұнай-газ кешені ел экономикасының қозғаушы күшіне айналып, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға өлшеусіз үлес қосты.
Осы жерде «ҚазМұнайГаздың» ұлттық оператор ретінде орны ерекше. 2002 жылы құрылған компания жүктелген стратегиялық міндеттерді ойдағыдай орындап, алдыңғы қатардан көрініп келеді. Қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» 80 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайлары жасалды. Себебі, жұмысшының өмірі мен денсаулығы қашанда бірінші орында. Бұған қоса, мамандарды дамыту, олардың біліктілігін арттыру ісіне де айрықша көңіл бөлінуде.
Соның арқасында жоғары өндірістік және қаржылық көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз. Атап айтқанда:
Отандық үш мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары ойдағыдай жүзеге асты. Нәтижесінде ішкі нарықтағы жанармай сұранысы толығымен өтелді. Мұнай өнімдерінің саны да, сапасы да артуда.
Газ тасымалдау инфрақұрылымы кеңейіп, халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын тауып келеді. Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласын газбен қамтитын «Сарыарқа» магистральді құбырының құрылысы аяқталуда.
Оның үстіне, батыс елдерінің жанармай нарығына жол аштық. Румыниядағы қос зауытымыз қазақстандық мұнайды өңдеп, Еуропаның мемлекеттеріне жеткізіп отыр.
Өндіріс заманға қарай жаңарып, жаңғыртылуда. Кен орындары цифрлық жүйеге өтуде.
Геологиялық барлау жұмыстары қарқын алып, ресурстық базаны кеңейту шаралары жүргізілуде.
Экологиялық жобалар іске асырылып жатыр.
Бүгінгі күні бәрімізді тамыры тереңге жайылған қазақстандық мұнайдың тарихы біріктіріп отыр.
Осы жетістіктердің астарында адам еңбегі, қажырлы күш, айқын мақсат пен өз жұмысына берілген жандардың ұстанымы жатыр. Бұл үлкен ұжымдық жұмыс, бірнеше мамандық иелерін бір арнаға тоғыстырған еңбек. Бұрғылаушылар мен технологтар, геологтар мен инженерлер, қаржыгерлер, экономистер және «қара алтынды» барлау мен өндіруге атсалысатын барлық маман иелері, яғни Сіздердің әрқайсыңыз саланың дамуы­на өз үлестеріңізді қосып келесіздер.
Әрқайсыңыз білімді әрі тәжірибелі мамансыздар. Алға қойған міндетті орындап, күрделі мәселенің шешімін дер кезінде тауып, жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарып келесіздер.
Адал еңбектеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Қашанда биіктен көріне беріңіздер. Жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға бірлік-береке тілеймін.
Келешегіміз жарқын болып, еліміз гүлдене берсін!