Өндіріс

ҚазТрансОйл

270 студент мұнай тасымалдау технологияларын меңгеруде

10/07/2019

Техникалық жоғары оқу орындарының және колледж студенттері мен оқушылары «ҚазТрансОйл» АҚ кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтуде. Мұнай құбыры саласына инженерлік-техникалық кадрларды даярлау жобасы Жастар жылы шеңберінде сәуір айында ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен басталды.

Маусым айының басынан бері компанияның 12 өңірінде орналасқан мұнай құбыры басқармаларына 84 студент пен 97 оқушы келді. Олардың барлығы құбыр көлігімен байланысты мамандықтар бойынша білім алады. Білім беру орындары тағылымдамадан өтуге үміткерлерді өздігінен іріктеп алып, олардың тізімін жасақтады. Көптеген оқушылар көп балалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан. Компания болашақ мамандарды кәсіби бейімдеуге және тәжірибелік дағдыларды нығайтуға барлық жағдай жасайды.

Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының «Өзен» бас мұнай айдау станциясының бастығы Ерболат Бешімовтің айтуынша, «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамында жастарды қолдауға бағытталған Жол картасы аясында студенттік тәжірибе жобасы жүзеге асырылуда.

«Кәсіпорындарда студенттер мұнай тасымалдаудың технологиялық үдерісімен танысады. Жұмысқа кіріспес бұрын тәжірибеленушілер 10 сағаттық қауіпсіздік техникасын үйрету курсынан өтті. Жастар үлкен қызығушылық танытып, жаңа білімдер мен дағдыларды игеруде әрі дағдылануда, тіпті өндірісті дамыту бойынша өз ойларымен бөлісуде», — деді Е.Бешімов.

Студенттер мен оқушылар бір ай бойы өндірісте тәжірибеден өтеді, әрқайсысына тәлімгер тағайындалады. Тәжірибе аяқталғаннан кейін колледж оқушыларына 80 мың теңге, жоғары оқу орындарының студенттеріне 120 мың теңге көлемінде стипендия беріледі.

Маңғыстау индустриялық-техникалық колледжінің 3-ші курс оқушысы Ертай Мұратбай алғаш рет нақты өндірістегі кәсіби дағдылардан өтті.

«Мен бірінші рет осындай үлкен компанияда тәжірибеден өтіп жүрмін. Тәлімгердің көмегі өте ұнайды, өндірісте біз электронды сызбалармен таныстық. Айдың соңында біз стипендия аламыз. Бұл жастарға өте жақсы қолдау», — деп өз әсерімен бөлісті.

Студенттердің көбісі өндірістік тәжірибеден компанияның құрылымдық бөлімшелерінде өтуде — Атырау мұнай құбыры басқармасында — 72 адам, Маңғыстау мұнай құбыры басқармасында — 68 адам, Батыс операторлық қызметтер басқармасында — 42 адам, Қарағанды мұнай құбыры басқармасында — 46 адам.

2019 жылдың жаз айларында «ҚазТрансОйл» АҚ кәсіпорындарында барлығы 440 студент пен оқушы кәсіптік практикадан өтеді.