Өзекті

«ҚазМұнайГаз» үшін шығынсыздықтың бастауы қайда?

10/07/2019

Мұнай бағасы 2019 жылдың басынан бері 60 пен 70 доллар аралығында таразыланып тұр. Қаңтарда 61 доллардан басталған баға сәуірде 72-74 долларға дейін көтеріліп, осы айда жыл басындағы деңгейіне қайта оралды. «Қара алтын» құны құлдыраса да, «ҚазМұнайГаз» бірінші тоқсанда өз позицияларын сақтап, жақсы нәтиже көрсете білді. Компанияның Басқармасы төрағасының орынбасары – қаржы директоры Дәурен Қарабаев елдің басты мұнай-газ компаниясының қаржылық көрсеткіштері, қарыздары, IPO және бейіндік емес активтері жайында әңгімелеп береді.
 

Дәурен Сапарәліұлы, «ҚазМұнайГаз» мұнай бағасының құбылмалы болуына әзір ме?

Әрине, мұнай бағасы әрекетіміз бен қаржылық тұрақтылығымызға айтарлықтай ықпал етеді. ҚМГ-ның ашық есептеріне зер салсақ, компанияның кірісі (операциялық кіріс, таза кіріс және т.б) мен мұнай бағасының өзара астасу тарихын көреміз. Бағаға тәуелділік жоғары. Бұл жағдай белгілі бір дәрежеде мұнай бағасы түсіп жатқан шақта күрт қысқартуға келмейтін «сығылмайтын» әлеуметтік шығындар үлесіміздің өзге мұнай-газ компанияларымен салыстырғанда көбірек болуымен байланысты.

Алайда, дұрыс айттыңыз, компания түрлі жағдайларға әзірленіп жатыр. ҚМГ стратегиясы мұнай бағасы шамамен 70-75 долларға жеткенде немесе одан да төмендеп, 45 долларға дейін түскенде де, яғни, біршама пессимистік сцернарийлер кезінде де дамудың ықтимал жолдарын қарастырып отыр. 2019 жылғы операциялық және күрделі шығындар жоспарымыз Brent құны тіпті 55 долларға дейін арзандаған күннің өзінде тұтастай алғанда шығынға ұшырамайтындай етіп жасақталған. Ескеретін тағы бір жайт, кұрделі шығындар қысқартылды, белсенді инвестициялау кезеңі аяқталды, ал Қашаған өз күшімен өндіріске кірісіп отыр.

Бұған қоса, ҚМГ сыртқы қарыздарын қайтару кестесін ретке келтіріп, әр жылға бөлінген берешек салмағын біршама теңдестірді. Бүгінде өтеу кестесі активтерімізден, соның ішінде,  тапқан табысының барлығын іс жүзінде Болашақ кеңейту жобасына/Сағалық қысымды ұстап тұру жобасына  қайта инвестициялап жатқан ТШО-дан және жағымды ақша тасқынын қалыптастыра бастаған Қашағаннан келетін түсімдерге жақсырақ сәйкес келеді

Сыртқы міндеттемелеріміздің көбінде орындалуы мұнай бағасына тәуелді, яғни, біздің бақылауымызға көнбейтін ковенанттардан арылдық. Есіңізде болса, сол үшін «ҚазМұнайГаз» 2015 жылы сыртқы міндеттемелердегі конвенанттардың мәнін бұзбау мақсатында 4 млрд доллардан астам қарызын шұғыл өтеуге мәжбүр болып, еурооблигация ұстаушыларына біраз комиссия төледі.

Сонымен қатар, бізде мұнай бағасына, атап айтқанда, мұнай мен газды тасымалдауға, қайта өңдеуге байланысты емес кіріс үлесіміз өсіп, мұнай бағасына тәуелділігімізді азайтатын мүмкіндік туып отыр.

Осылайша, біз мұнай нарығының күрт арзандауынан сабақ алдық. Және де жағымсыз сценарийлерге дайындығымыз жақсы деп ойлаймын.

 

Бәлкім, өткен жылмен салыстырғанда бірінші тоқсан көрсеткіштері жақсаруының себебі осы болар?

Иә, бізде өндірістік те, қаржылық та көрсеткіштер бойынша өсім бар.

Мұнай өндірісін өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 77 мың тоннаға арттырдық. Ал, табиғи және ілеспе газ өндірісі 4,7 пайызға өсті. Сонымен қатар, мұнайды магистральдық құбырмен де, теңізбен де тасымалдау динамикасы жақсы. Былтырғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда мұнда өсім 6,7 пайызды құрады, ал жоспарлық көрсеткіштерді келтіретін болсақ, асыра орындау деңгейі 13,9 пайызға жетіп отыр. Транзитіне байланысты газ тасымалдау 3,6 пайызға төмендесе, жекелеп алғанда, Қытайға экспорт көлемі 15,2 пайызға артқан.

Қаржылық нәтижелерге келсек, бірінші тоқсанда түсім 20,5 пайызға артып, 1,765 трлн. теңгеге жетті. Оның ұлғаюы негізінен KMG International компаниясының мұнай сату көлемінің ұлғаюына және экспортқа шығарылған газ мөлшерінің көбеюіне байланысты болып отыр.

Таза кіріс 2018 жылдың 1-ші тоқсанымен салыстырғанда 51,4 пайызға артып, 309 млрд теңгеге дейін өсті. Пайданың айтарлықтай бөлігі шикі мұнай сатудан түсті. Өзге себептерге тоқталсақ, кірістің молаюына мұнай өңдеу зауыттарының модернизациялануына байланысты өз мұнай өнімдеріміздің бұрынғыдан көбірек сатылуы, ҚХР-ға экспортталған газ көлемінің артуы, экспорт бағасының қымбаттауы, мұнай өңдеу зауыттары жаңартылғандықтан, қайта өңдеуден түскен кірістің көбеюі де түрткі болды. Бұның бәріне Қазақстанда жанармай құю станциялары желісіне иелік еткен «KMG-Retail» ЖШС-ін сатудан түскен табысты қосыңыз.
Айтпақшы, бұл — соңғы жылдары ҚМГ активтерін сату жолында жасалған ең ірі келісімдердің бірі емес пе?

Нақтырақ айтсақ, бұл – жекешелендіру аясындағы ең ірі мәміле. «КМГ-Retail» ЖШС 60,5 млрд теңгеге, яғни, инвестицияның баланстық құнына шамамен сәйкес келетін бағаға сатылды. Тарихи тұрғыдан алғанда, ҚМГ жанармай құю станциялары желісін салуға және дамытуға 64 миллиард теңгеге жуық қаржы салған. Алайда, осы секторға жекеменшік инвестиция көбейгендіктен, бұндай нарыққа ҚМГ-ның, яғни, мемлекеттің қатысуына қажеттілік болмай қалды. Бұл нарықта кейінгі жылдары бәсеке күшейгендіктен, бизнес шығынға ұшырап, жиналған қордаланған зиян мөлшері 4 миллиард теңгеге жуықтады. Жалпы алғанда ЖҚС желілерін сату негізсіз емес, себебі олар ҚМГ-ның стратегиялық маңызды активтерін қатарынан шығып қалды. Және де оның компания жиынтық активтерінің құрамындағы үлесі небәрі 0,5 пайыз еді. Сонымен қатар, бұл жағдай мемлекеттің жеке капиталды жеткілікті деңгейде тартқан қызмет түрлерінен кету жоспарымен үндесіп отыр деуге болады. Сатып алу-сату келісімінің шартына сәйкес, «ҚазМұнайГаз» брендін ЖҚС желілері 2019 жылдың соңына дейін пайдаланады.

Егер жекешелендіру туралы жалпы айтатын болсақ, соңғы 4 жылда біз 31 заңды тұлғаны 120 млрд теңгеге жуық сомаға сатқан екенбіз, сонымен қатар, 9 заңды тұлғаны таратып, алтауын қайта құрылымдадық. «КМГ-Retail» ЖШС-нен бөлек айрықша ірі активтерге келсек, олардың ішінде «Еуро-Азия Эйр» авиакомпаниясы» акционерлік қоғамын, Қазақстан-Британ техникалық университетін, «ҚазТрансГаз-Тбилиси»,«ҚМГ-Сервис-Грузия» компанияларын ерекше атап өтуге болады.

Сөз орайы келгенде айта кететін тағы бір жайт, 2017 жылы сатылған активтерден түскен 3,8 млрд теңге әрі қарай Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына бағыттау үшін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамына аударылып қойды.

Өкініштісі сол, бізде проблемалық профильді емес активтер де бар. Мысалы, жеделдетілген индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Үкімет «ҚазМұнайГаз» компаниясына «Шортанды-Бурабай» курорттық аймағында гольф клуб салуды тапсырды. Құрылысы аяқталған соң біз ол клубты мемлекет меншігіне өтеусіз беруге тиіс едік. Алайда, бұл нысанды ұстап тұруға едәуір шығын кетеді, сондықтан, Үкімет гольф-клубты өткізуді тапсырды. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылдан бері «ҚазМұнайГаз» оны бірнеше рет сатуға шығарған болатын.

Активтер құрылымын оңтайландыру жұмыстарын жалғастырып келеміз. 2025 жылға дейін «ҚазМұнайГаз» 65 активтен шығып, 27 профильді емес нысанды сатуды жоспарлап отыр.

 Ұлттық компанияның сыртқы қарызы едәуір. Оны азайту үшін қандай шаралар қолға алынып отыр?

«ҚазМұнайГаз» инвестицияларды жүзеге асыруға белсенді түрде қор тартты. Біздің өзге ұлттық компаниялардан ерекшелігіміз осында шығар. Мәселен, Қашағанға, KMG International-ге, мұнай-газ құбырларын салуға, мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялауға инвестиция қарыз қорлары есебінен тартылды. Бұдан бөлек, кассалық үзіліс кезеңінде, әсіресе мұнай бағасы құлдыраған шақта, қарыз ағымдағы қызметті қаржыландыруға да тартылды.

Сәйкесінше, ҚМГ-ның ұзақ мерзімді қарызы мен ұлттық компанияның тікелей борышы ұлғайды. Бірақ, 2017-2018 жылдардан бастап біз ұзақ мерзімді стратегиямыз бен бизнес-жоспарымызды ағымдағы қызмет пен күрделі салымдарға кететін ақшалай шығындарымызды тапқан қорымыздың шегінде ғана жүзеге асыратындай етіп құра білдік.  Осыған байланысты, ҚМГ-ның қарызы әрі қарай өспейді деп ойлаймыз, және де сол қарызды кесте бойынша, бәлкім, мерзімнен бұрын да өтейтін болармыз.

Бұндай теңдестірілген бизнес-жоспардың қабылдануы қаржылық тұрақтылыққа да ықпал етті. Мысалы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» компаниясы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының әдістемесіне сәйкес, қаржылық тұрақтылықтың жасыл аймағына шықты, ал Standard&Poor’s және Fitch рейтинг агенттіктері соңғы бірнеше жылда алғаш рет сәйкесінше 2018 жылдың қарашасында және 2019 жылдың наурызында дербес қаржылық рейтингімізді көтерді.

Топ ішіндегі ақшаны басқаруды оңтайландыру есебінен «ҚазМұнайГаз» 2018 жылы 1,6 млрд. доллар сомасындағы еурооблигациялар құнын өтеді. Бұл – Қазақстаннан шығарылған ең үлкен еурооблигациялар санатынан еді. Сонымен қатар, «Сбербанкке» 400 млн доллары көлеміндегі қарызын қайтардық.

Бұған дейін айтып өткенімдей, біз өз еурооблигациялар шарттарын мұнай бағасы түскенде автоматты түрде бұзылмайтындай етіп өзгерттік.

Осындай жұмыстардың арқасында бүгінде компанияның қаржылық жағдайы тұрақталды, қарызды әрі қарай өсіру жоспарланып отырған жоқ, себебі, мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялауға, газ тасымалдау қуатын күшейтуге және Қашағанға қатысты негізгі инвестициялық жобалар аяқталғаны белгілі. Біздің болжамымыз бойынша, алдағы 5-10 жыл біз үшін органикалық және сапалық өсім кезеңі болады, яғни, бүгін айналысып жүрген ісімізді одан сайын жақсартып, оңтайландырамыз. Бұл жағдай мемлекеттің экономикадағы ұлттық компаниялар үлесін ұлғайтпау жоспарымен де сәйкес келеді. ҚМГ геологиялық барлау, әсіресе капиталды көп қажет ететін және тәуекелі жоғары Каспий қайраңында бұл жұмыстар бойынша белсенді инвестор болып қалады. Осы орайда біз халықаралық мұнай-газ компанияларымен белсенді ынтымақтастық орнаттық.

Баға арзандаған кезде «ҚазМұнайГаз» мұнай жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттар аясында алдын-ала төлемдер тартты. Қазір компания ТШО мұнайын аванстау жөніндегі міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындау мүмкіндігін қарастырып жатыр ма?

Шындығында, біз 2016-2017 жылдары ликвидтік тапшылықты жабу үшін халықаралық трейдерлерден акционер ретінде ТШО-дан ұзақ мерзімді мұнай сатып алуға қарсылық ретінде 3 млрд доллар көлемінде қосымша аванс алдық. Бастапқыда есеп айырысуды 2021 жылдың сәуіріне дейін жоспарлаған едік. Алайда, мұнай бағасы көтерілгендіктен, ол мақсатымызға ертерек жетеміз деп ойлаймын. Мысалы, 2019 жылдың басында сол аванстан 2,2 млрд доллар қалса, қазір 1,3 млрд доллар қалып отыр.

Белсенді инвестициялаудың кезеңі аяқталғаннан кейін компания шығындары қаншалықты қысқарды?

Өткен жылдары жыл сайынғы капитал салу көлемі 4 млрд долларға жетті. Стратегия мен бизнес-жоспарымызда қарастырылғандай, бүгінде күрделі шығындар мөлшері 1-1,5 млрд шамасында болады деп ойлаймыз. Бұған инвестиция да кіреді.

2018 жылдың соңында «ҚазМұнайГаз» мейлінше қомақты сомада төленген салықтар туралы есеп берген еді. 

Өткен жылы бірлескен кәсіпорындардың үлесін қоса алғанда, салық пен өзге де міндеттемелер бойынша 1,539 трлн. теңге төледік. Бұл 2017 жылдың көрсеткішінен 35 пайызға жоғары. Осы соманың 840 миллиарды ҚР Ұлттық қорына, 562 миллиарды республикалық бюджетке және 137 миллиарды жергілікті бюджетке жіберілді.

Бюджет төлемдерінен бөлек, компанияның бірқатар әлеуметтік міндеттемелері де бар. Мәселен, біз жыл сайын демеушілікке, қайырымдылық қорларына және түрлі әлеуметтік бағдарламаларға қаржы бөліп отырамыз. Елордадағы 5000 орындық «Жекпе-жек сарайының» құрылысын қаржыландырдық. Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша 21 млрд теңгеге жуық қаражат Түркістанда 7000 орындық стадион мен конгресс-холл салуға бағытталып отыр.

Әрине, біз «ҚазМұнайГаз» компаниясының IPO тақырыбын айналып өте алмадық. ҚМГ-ның листингі жайлы әңгіме көп, бірақ, компанияның өзі үнсіз. Бұған не себеп?

Өзіңіз білесіз, «ҚазМұнайГаз» — Қазақстан Үкіметінің мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасының бір бөлігі. Қазір компания акционерлері мен басшылары осы мақсатты жүзеге асыру жолдарын қарастыруда. Әзірге оның процесі мен мерзімі жайлы қандай да бір қосымша ақпарат жоқ. Бүгінде «ҚазМұнайГаз» өсім стратегиясын іске асыруды, компания қызметіне озық халықаралық тәжірибелерді енгізуді және қаржылық тұрақтылықты әрі қарай нығайтуды көздеп отыр.

Компания инвесторлар үшін қаншалықты қызықты?

Нарық ҚМГ туралы мейлінше көп ақпарат біледі деп ойлаймын. Бұл компанияның өзі мен активтері туралы ақпараттың белгілі бір көлемде жарияланып тұруына және бірқатар халықаралық биржалардың листинг талаптарына сай болуына байланысты. Инвесторлар қазірдің өзінде компанияның қаржылық тартымдылығын бағалай алады.

Көпшілікке мәлім жайттардың ішінде IPO-ға дайындық аясында соңғы екі жылдағы  нақты жетістіктерімізді атап өтуге болады. Жоғарыда айтып өткенімдей, компания бірнеше ірі күрделі жобаны аяқтады, қалыптасқан еркін ақша ағыны профилін жақсартуды жалғастырды, өзінің жалпы қаржылық тұрақтылығын нығайта түсті. Өткен жылы қарашада S&P компаниямыздың рейтингін ерікті түрде көтерді, соның нәтижесінде ҚМГ-ның кредиттік рейтингісі «ВВ-» дәрежесінен «ВВ-»-ға дейін жоғарылады. Осы жылы наурыз айында Fitch компания рейтингін өз еркімен «В-»-дан «ВВ-»-ға дейін көтерді. Аталған рейтингтердің өсуіне мұнай бағасы қымбаттаған шақта және өтімділік пен қарызды басқару деңгейі көтерілген тұста қаржылық көрсеткіштердің жақсаруы, зауыттарды модернизациялау нәтижесінде қайта өңдеу көрсеткіштерінің жақсаруы және Қытайға газ экпортының бастауы игі әсер етті.

Маусымның 6-ы күні Moody’s ҚМГ-ның кредиттік рейтингісі Ваа3 деңгейінде растап, оған қатысты «Тұрақты» деген болжамын жариялады. Бұл көрсеткіш — Қазақстанның суверендік рейтингімен деңгейлес. Жоғары рейтинг ұзақ мерзімді қарыздар мен қаржыландыру құнының қолжетімділігін қамтамасыз етіп, компанияның беделіне жағымды әсер етеді. Инвесторлар үшін бұл — компанияның табыстылығын анықтаудағы басты өлшемшарттардың бірі. Біз қаржылық жағдайымызды әрі қарай да жақсартуға ниеттіміз.

Бұдан бөлек, «ҚазМұнайГаз БӨ» АҚ-ы еншілес кәсіпорны еркін айналымдағы өзінің жай және артықшылықты акцияларын сатып алып, ҚМГ тобымен толық бірікті.

«ҚазМұнайГаз» — Қазақстан экономикасының флагманы және еліміздегі ең үлкен ұлттық компаниясы. Және де біз өңірдегі ең ірі деңгейлес біріктірілген мұнай-газ компанияларының біріміз. Өндірістік және қаржылық көрсеткіштеріміз де өте мықты.

Сұхбатыңызға рахмет!