Әлеумет

Ембімұнайгаз

Ембілік мұнайшылар көпбалалы отбасыларға баспана сыйлады

11/06/2019

Бүгін «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің бір күндік жалақысы есебінен Атырау облысының 5 ауданындағы көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға баспана кілттерін табыс ету шаралары басталды.  Ембілік мұнайшылар атынан  баспаналарды тапсыруға қатысты салтанатты шаралар: бүгін Құрманғазы ауданының Құрманғазы ауылында, Исатай ауданының Исатай стансасы мен Аққыстау селосында, 12.06.2019 ж. — Қызылқоға ауданының Жамансор елді мекені мен Мұқыр ауылында, 13.06.2019 ж. — Жылыой ауданының Құлсары қаласында, 17.06.2019 ж. — Мақат ауданының Мақат пен Доссор кенттерінде өтеді.

— 2019 жылдың наурыз айында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Атырау облысындағы сапарында бизнес өкілдерімен болған кездесу барысында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларын қолдап, табысы төмен тұрғындарға тұрғын-үй бойынша қолдау көрсету туралы мәселелерді нақты атап өткен болатын. Біздің Компанияда мұқтаж жандарға қолдау көрсету дәстүрге айналғандықтан, мен компания қызметкерлеріне баспаналары жоқ, қиын жағдайда тұрып жатқан жерлестерімізге бір күндік жалақы есебінен көмек ұйымдастыру жөнінде үндеу жарияладым. Ұжымдағы бірлік пен татулықты байқатып, бір ауыздан қолдау көрсеткен ұжымға алғысым шексіз. Рамазан айы қарсаңында жиналған қаражатқа Құрманғазы, Исатай, Мақат, Жылыой, Қызылқоға аудандарында 3 пәтер мен 5 үй алынды. Ембілік мұнайшылардың үлесімен облыстағы көп балалы, аз қамтылған сегіз отбасы баспаналы болды. Енді балаларына дұрыс тәрбие беруге жағдай бар деп есептеймін, — деп атап өтті өз сөзінде ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы да ЕМГ қызметкерлерінің жалақысы есебінен жинаған қаражатқа тәрбиесінде мүмкіншілігі шектеулі балалары бар Атырау қаласындағы 4 отбасының баспанасына  күрделі жөндеу жүргізіліп,  жылғызілікті қарияға жаңа баспана салынып берілді. 2016 жылы Атырау қаласындағы балаларының екеуі ауыр дертке шалдыққан көп балалы отбасыға жаңа баспана салынды. 2018 жылы Компания ұжымы қатты нөсерден зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданының тұрғындарына да қолдау көрсетті. ЕМГ ұжымының бір күндік жалақысы есебінен жиналған қаражат «Біздің қала-Зырян» қайырымдылық қорына аударылып, Малеевск, Зубовск, Зырян қаласының шеткі мөлтек аудандарындағы баспанасы жөндеуге келмейтін жанұяларға 4 пәтер мен 3 үй алынды.

Биыл игі шара жалғасып, аудан әкімдігімен бірлесе отырып, мұқтаж жандардың тізімі анықталып, оларға баспана кілті табыс етілді. Сонымен қатар, бұл жанұяларға азық-түлікпен де көмек  көрсетілді.

«Ембімұнайгаз» АҚ 1922 жылы құрылған сәтінен бастап бүгінгі күнге дейін қала құраушы және әлеуметтік саланы да назардан тыс қалдырмайтын кәсіпорын болып саналады. Бұл принциптер Компания миссиясында да көрсетілген. Компания әлеуметтік және бизнес мүдделердің тепе-теңдігін сақтау арқылы жұмысшыларға тұрақтылықты, акционерлерге тиімділікті қамтамасыз ету үшін өндірістік қызметті жүзеге асырып, әлеуметтік қолдау бағытына да көңіл бөледі.

«Ембімұнайгаз» АҚ — 1922 жылдан басталған тарихынан күні бүгінге дейін өнім өндірумен қатар әлеуметтік салаға бағыт ұстаған отандық компания. Компания өзінің қызметкерлеріне және акционерлер үшін тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қызмет етуде. Компанияның ұстанған басты бағыты қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтау, бұл орайда 2018 жылы апатты жағдайлардың орны алу көрсеткіші нөлдік деңгейді көрсетті. 2012-2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897,1 млрд. теңгеден астам, соның ішінде 2018 жылы — 199,2 миллиард теңге аударылды. Осы кезеңдерде Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат, соның ішінде 2018 жылы — 1,9 миллиард теңге аударылды.