Әлеумет

ӨзенМұнайСервис

«Мерекең құтты болсын, балдырған!»

07/06/2019

«ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1 маусым – халықаралық Балаларды қорғау күнін жоғары деңгейде атап өтті.

Мереке күні  Серіктестік Р.Өтесінов атындағы дене шынықтыру және спорт кешенінде өз қызметкерлерінің балаларына арнап мерекелік шара ұйымдастырды. Онда 300-ге жуық бала бас қосып, қызыққа толы ертеңгіліктің куәсі болды.

– Балаларды қорғау дегеніміз – әрбір сәбидің тыныштығын қорғау, тәтті ұйқысын бұзбау, алаңсыз күлкісін тоқтатпау деген сөз. Бұлтсыз күн, ашық аспан астында, нұрын шашқан күн сәулесіндей біздің балаларымыз бейбіт өмір сүрсе екен, олардың жүректерін қайғы мұң шалмаса екен деген тілек  ниетіміз бар. Қымбатты балалар, бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! Сендерге бақытты балалық шақ, әрқашанда сыңғырлаған күлкі тілеймін, – деп «ӨзенМұнайСервис» ЖШС Әлеуметтік сұрақтар жөніндегі атқарушы директоры Нұрым Ермағанбетов жылы лебізін білдірді.

Салтанатты шарада аниматорлар балаларға арнап ән шырқап, түрлі интеллектуалдық ойындар ойнатып, командалық жарыстар өткізді. Балалар барынша атсалысып, әр сайыста жеңімпаз болуға деген ұмтылыстарының ерекше екендігін байқатты.

Мерекелік жиын барысында Серіктестіктегі «Еңбекті қорғау» жылына арналған  «ТҚ,ЕҚжҚОҚ» бөлімі мен «ӘСжШҚ» бөлімі біріге ұйымдастырған «Техника қауіпсіздігін сақтайық» атты сурет байқауының нәтижесі жарияланып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Байқауға барлығы 7 үміткер қатысып, өз туындыларын ұсынған болатын. Конкурс мақсаты – мектепке дейінгі және ересек жастағы балалардың шығармашылық қабілетін  көрсету,  сурет салу арқылы олардың азаматтық жауапкершілігін тәрбиелеу,   танымдық қызығушылықтарын арттыру, эстетикалық талғамдарын қалыптастыру. Кішкентай қылқалам шеберлерінің қатарынан үш үміткердің еңбегі І, ІІ, ІІІ жүлделі орынға лайықты деп танылып, 4 үміткер ынталандыру сыйлығын иемденді. Жүлделі орынға ие болған жеңімпаздарға қаржылай сертификаттар табыс етілді. Ал, ынталандыру аталымын жеңіп алған балаларға «ОйнаTOWN» ойын-сауық орталығының карталары сыйлыққа берілді.

Шара соңында барлық балаларға балмұздақ, сусын секілді тәттілер үлестіріліп, балалар ертегі кейіпкерлерімен естелік суретке түсті.