«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ  Басқарма Төрағасы Сауат Мыңбаевтың құттықтау сөзі

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ  Басқарма Төрағасы Сауат Мыңбаевтың құттықтау сөзі
17.09.2018

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ  Басқарма Төрағасы Сауат Мыңбаевтың құттықтау сөзі

Құрметті әріптестер!

Баршаңызды мұнай және газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Төл мереке әр шаңыраққа шаттық, ырыс-береке және бақыт әкелсін. Сіздердің еңбектеріңіз еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына қызмет етіп келе жатқанын мақтанышпен атап өткім келеді. 
Жыл сайын біз төл мерекемізді тойлап қана қоймаймыз, сонымен қатар бір жылғы жұмысымызға талдау жасап, алдағы уақытқа жаңа міндеттер белгілейміз. Бұл өткенімізге ой жүгіртіп, болашағымызға айқын қарауға мүмкіндік береді.
ҚМГ соңғы жылдары бір мезетте бірнеше стратегиялық маңызы бар жобаларды іске асырып жатқанын жақсы білесіздер. Бұлардың қатарында Қашаған мен Қарашығанақтан үлестерді сатып алуды, еуропалық активіміз – «Ромпетрол» компаниясына инвестиция салуды айтуға болады. Оның сыртында бір уақытта үш ірі зауытты жаңғыртып, газ-тасымал жүйесіне елеулі қаржы құйдық. Әрине, бұның бәрі борыш жүктемесі тұрғысынан алғанда өз әсерін тигізбей қоймайды. Алайда, бұл жобалардың барлығын соңына дейін жеткізбесек, алға жылжуымыз қиын болатын еді. Сондықтан да бүгінгі күні ауқымды инвестициялық салымдардың кезеңі аяқталғанын жақсы жаңалығымыз деуге әбден болады. 
Біріншіден, ірі жобалар бойынша айтып өтейін. Қашаған 2016 жылдың қарашасында іске қосылды. Бұл ірі жоба қазір кіріс әкеле бастады. Сондықтан да бұл жобаға енді қомақты қаржы құймайтынымыз анық. Қарашығанақтың 10 пайыздық үлесін сатып алу да өзін-өзі ақтады. Қазір ұлттық компанияның үлесіне тиесілі кіріс түсіп жатыр. 
Екіншіден, магистралды құбыр желісінің құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта біз көгілдір отынмен еліміздің оңтүстік өңірін толық қамтамасыз етіп, газ тәуелділігінен біржола құтылдық. Біз ішкі нарыққа шамамен 13,7 млрд. текше метр газ жеткіземіз. Алайда бұдан бізге ешқандай пайда түспейді. Осы отын түрінің ішкі тасымалынан компаниямызға жылына 57 млрд. теңге шығын келеді. Бірақ біз оны газ экспортынан түсетін кіріс есебінен өтеуге қол жеткізе білдік. Біздің газ 2017 жылдың қазанынан бастап Қытай бағытына қарай экспортқа шығарыла бастады. Бұл жоба енді кіріс әкеліп, борыштық міндеттемелердің өтелуін қамтамасыз етіп отырғанын да айта кеткім келеді. 
Үшіншіден, Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Осы зауыттар мұнайды өңдеу көлемі мен тереңдігін ұлғайтты. Мұнай өнімдерінің К4 және К5 стандартарын шығара бастады. Шымкент мұнай өңдеу зауытында да барлық іске қосу-реттеу жұмыстары бұл күндері бітуге дайын.
Осы айтып отырған жұмыстардың бәрі мұнай бағасының күрт төмендеуі кезінде орын алды. Осының бәрі біз үшін қиын кезең болды. Бірақ мұның бәрі артта қалғаны бізге алдағы күнге сеніммен қарауымызға мүмкіндік беретіні сөзсіз. 
Енді структуралық тұрғыдағы жаңалық­тарымыз туралы айта кетсем деймін. 
Біріншіден, ұлттық компанияның жаңа стратегиясын қабылдадық. Оған сәйкес ҚМГ екі деңгейлі жаңа операциялық модельге көшуді бастады. Бұрынғы ҚМГ – бұл шағын холдингтік ұйым еді. Оның құрамында өз алдына ұлттық компания мен холдинг болып табылатын еншілес ұйымдар болғанын сіздер жақсы білесіздер. Оның әрқайсысында – өзінің директорлар кеңесі, әрбір деңгейде өзінің тәуелсіз директорлары, әрбір компанияда өзінің стратегиясы болды. Біз бір компания тобының құрамында болсақ та, корпоративтік орталыққа қол жеткізе алмағанымыз шындық еді. Бұл ретте басқарушылық ақпаратпен үйлесім әлсіз болғанын да жасыра алмаймыз. Үйлестіру жұмыстарының әлсіздігі де өз кезегінде жалпы компаниялар тобының тиімділігіне кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Сондықтан да біз ұлттық компанияны енді тұтас топтың стратегиясын, әдістемесін, стандартарын және бірыңғай қазынашылық орталықты қалыптастыру бойынша функцияларды орындайтын бірыңғай корпоративтік орталыққа айналдырып отырмыз. Бұдан былай ҚМГ басты басқарушылық шешімдерді өзі қабылдайтын болады. Операциялық модельдің бірінші деңгейі дегеніміз осы. 
Ал екінші деңгей – тек тікелей өндіріспен ғана айналысатын компаниялар. Олардың міндеті – тиімді өнім шығару немесе қызмет көрсету. Өздеріңізге белгілі, біз «ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» құрылымын тараттық. Қызметкерлері ҚМГ-ға жұмысқа орналастырылды. Бір бөлігі қысқартылды. Бұл интеграция оңай болмағаны түсінікті, бірақ бәрі ойдағыдай өтті. Қызметкерлердің барлығына бірдей жағдай жасауға тырыстық. Ең алдымен адамдарды іріктеуде бәсекеге қабілетсіз, әділетсіз критерийлердің орын алуына жол бермедік. Бүгінде осы сияқты процестен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы өтіп жатыр. Келесі кезекте – «ҚазТрансГаз». Бұл процесс осылай жалғасын таба береді. 
Екіншіден, өткен тәжірибені ескере отырып, ағымдағы қызметті қалыптастыру кезінде, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру барысында қаржылық тәртіп қажет болды. Сондықтан біз инвестицияларға лимит орнаттық. Әрбір жобаның мерзімі және олардың кірістілігін талдау бойынша қатаң регламент енгіздік. Бұл мұнай бағасы көтерілген жағдайда инвестициялық шектеулер алына ма дегенді білдіре ме? Жоқ. Инвестициялар мүмкіндіктермен өлшенуі тиіс. Ол ешқашан борыштық жүктеменің артуына жол бермеуі тиіс. Осындай жаңа қатаң талаптарға байланысты бірқатар жобалардан бас тартуға тура келді. Дей тұра, ең маңызды жобаларымызды соңына дейін жеткізу басты міндетіміз екенін ешқашан естен шығарған емеспіз.
Осы атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын іргелі істер біздің ұлттық компанияны жаңа жоғары деңгейге шығаратынына сенімім мол. Осы жолда бәріңізге сәттілік және табыс тілеймін. Еңбектеріңізге жеміс, отбастарыңызға амандық тілеймін! Компаниямыздың абыройы асқақтай берсін!


Сауат Мыңбаев, 
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 
Басқарма Төрағасы 

Официальный сайт РД КМГ и дочерних компаний

верх