Базарбай бригадасының бір күні

Базарбай бригадасының бір күні
13.05.2016
442
Өндіріс

Базарбай бригадасының бір күні

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты №4 Мұнайгаз өндіру басқармасындағы Базарбай Өтепбаевтың №4 Скважиналарды жерасты жөндеу бригадасына ат басын бұрған болатынбыз. Қара жұмыстың қазанында бірнеше жылдардан бері қайнап, темірдей төзім, салиқалы сабырмен шыңдалған мұнайшы жігіттер шалт әрі епті қимылдайды.

Бригада операторы Сырлыбек Самұратов, оператор көмекшісі Демеген Маймақов, машинист Жәнібек Қарақұловтар бір ауыздан «бейбіт елде, берекелі босағаның бірі болып тіршілік етіп жатқанымызға бек ризамыз» десті.
Аталмыш бригада айына 14-15 скважинаны жөндеуден өткізеді. Олар айлық жоспарды орындау арқылы мұнай өндіру саласына өздерінің зор үлестерін қосып келе жатқан үздік бригадалардың бірі. Жігіттер түнгі кезекте де еселі еңбек етеді.
Өзінің бригадасы туралы шебер Базарбай Өтепбаев былай деп сөз өрбітеді: «Дүниеде адамнан көнбіс, одан төзімді жан жоқ. Скважиналарды жерасты жөндеу жұмысының қиындығына қарамастан 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасап келе жатқан сайдың тасындай жігіттердің еңбектеріне қалай риза болмайсың.Олардың әрқайсысы өз мамандықтарын қадірлей біледі. Жігіттер өзара түсіністікпен, маңызды жұмыстарын барынша мүлтіксіз орындауға тырысады. Өз тарапымнан мен де жігіттерге үнемі қамқорлық танытып, мәселелеріне көңіл бөлемін. Жігіттер көп сөзге жоқ. Олар әдемі сөзден ештеңе өнбейтінін, жетістік әрекетте екендігін жақсы түсінеді. Қай істе де жетістікке жету үшін ұмтылыс болуы тиіс. Әріптестерімнің жұмысқа деген құлшыныстары көңіл көншітерлік. Адам өмірге келгесін бақытты болуға ұмтылады. Біреулер үшін бақыт-мансап болса, біреулер үшін – байлық. Ал біз үшін бақыт дегеніміз – күн сайын беріле, ақ адал еңбек ету. Адам баласына өз еңбегінің жемісін жеуден артық ләззат жоқ». 
Әр адамның жанында ашылмай жатқан кені бар демекші, Базекең өзенмұнайгаздықтарға белгілі әнші, ақын, музыкант ретінде де жақсы таныс. 
Бригада мұнайшылары өздерінің әлеуметтік жағдайларының толық шешілгендігін де тілге тиек етті. «Тозар елдің жанжалы көп, озар елдің арманы көп» демекші, өзенмұнайгаздық мұнайшылардың болашаққа деген сенімдері мол.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх