Артық қоқыстан арылсақ...

Артық  қоқыстан  арылсақ...
05.12.2018
25
Әлеумет

Артық қоқыстан арылсақ...

Ой түрткі

Сіз бен біз өмірге дүние жинау үшін келген сияқтымыз. Жанталасып дүние жинап жүрміз. Дүние керек, әрине. Бірақ біз шектен шығып кеттік. Алтын аралықты ұмыттық. Біз бұл өмірге құр қол келеміз. Кетерде де өмір бойы жиғанымызды тастап кетеміз. Сол байлығымыздың барлығын жол соңында тастап кететінімізді біле тұра, көрсеқызарлықпен дүниені жинай бергеніміз дұрыс па?! Ойланып қараңызшы, ауыр жүк арқалағаннан гөрі жеңіл өмір сүрген жақсы емес пе?!
«Бұл дүниенің тіршілігі ермек қана» деп бабалар ескертіп тұрған жоқ па?! Сахабалар жалғанның барша жылтырақ алтынына көздерін тас жұмыпты. Сахаба болу қолдан келмесі анық, әйтсе де артық қоқыстан арылып, қажеті жоқ мүлік жинаудан бас тарту ақылды адамның қолынан келетін іс деп білемін. 
Жақында бір тәмсіл оқыдым. Небір ығай-сығайлардың көзіне сұлу бойжеткен болып көрінген қу дүние «Мен қу дүниемін ғой. Мені адамдардың бәрі иеленгісі келеді. Бірақ мені ешкім қуып жеткен емес. Сонда да адамдар қайта шыға алмайтын тар, терең шұңқырға құлағанша артымнан жүгіруін қоймайды» дейді. Ой тастап тұр...
Түрік сатиригі Әзиз Несиннің бір кейіпкерінің «басымды бас емес, азық-түлік пен дүние-мүлік дүкені дерсің...» деген сөзін оқып, ішек-сілем қатып күліп алдым. Материалдық дүниеден азат, ақ ниетті адам боп өмір сүргенге не жетсін, қолдан келсе...    
Сонымен, жұмыс үстелімізден бастайық... кабинетке кірісейік... Ескі-құсқыны, қажетсіз, жарамсыз қоқысты лақтыруға аямаңыз. Тез арада құтылыңыз. Қоқысты қолыңызға ұстап алып, базарда тұрғандай айналдыра қарап, «ай, осы 2000 бірдеңесінші жылы қажет болып қалуы мүмкін ғой» деп ойланып тұрмаңыз. Жауап біреу. Қолыңыздағы нәрсе ешқашан қажет болып қалмайды. Балконыңыздың немесе шкафыңыздың бір бұрышында шаң-шаң болып, жағымсыз энергия шығарып жата береді. Қоқысты тастауды ұмытпаңыздар! Шелектен, жан-дүниеңізден, компьютеріңізден, өміріңізден!

Сарша СҮГІРӘЛІ,
 «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх