Серіктестікте оқу-жаттығу шарасы өтті

Серіктестікте оқу-жаттығу шарасы өтті
30.10.2018
24
Өндіріс

Серіктестікте оқу-жаттығу шарасы өтті

Қазанның 17-і күні «ӨзенМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өндірістік қызмет орындарындағы қауіпсіздікті нығайту мақсатында оқу-жаттығу шарасы өткізілді. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға қарасты мекемелер шеңберінде жүргізілетін қауіпсіздік жүйесін сақтау мақсатында бекітілген жоспар бойынша 2018 жылдың жарты жылдығына арналған оқу-жаттығу шарасына цех қызметкерлері, ТҚЕҚжҚОҚ бөлімінің мамандары, басшылық құрам және өрт сөндіру қызметі мен жедел жәрдем қызметі қатысты. 
Жылына екі рет өткізілетін оқу-жаттығу «Түсіру-көтеру операциялары кезінде тальдық жүйеден элементтің құлауы», «Скважиналар сағасындағы өртті алғашқы өрт сөндіру құралдары арқылы ауыздықтау», «Жазатайым оқиға кезінде немесе жәбірленушінің денесінде сыну болған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсету» тақырыптары бойынша ұйымдастырылды. Оқу-жаттығу барысында Серіктестіктегі ТҚЕҚжҚОҚ бөлімінің бастығы Нұрым Ермағанбетов бәрін қадағалап, бірқатар тапсырмалардың орындалуын бағалады. 
«Мұндай сақтандыру шаралары «Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс» департаментінің бекіткен ереже-тәртіптеріне және қауіпсіздікті сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алу бағдарламаларына сәйкес жоспарлы өткізіліп тұрады. Міндетті түрде өрт сөндіру қызметі мен медициналық көмек қызметі жұмылдырылады. Оқу-жаттығу шараларында жауапты мамандардың тығырықтан шығуы, төтенше жағдай кезіндегі қызметкерлердің іс-әрекеті және өрт сөндіру, медицина қызметкерлерінің оперативтілігі мен кәсібилігі басты назарда болады. Шара кезінде апатты жою жоспары бойынша Серіктестік басшылығына, ТҚЕҚжҚОҚ бөліміне және цех қызметкерлеріне хабарлама тарату 10 минут көлемінде орындалса, оқиға орнына өрт сөндіру қызметі 5 минутта, жедел жәрдем қызметі 6 минутта келді. Сондай-ақ, оқу-жаттығу кезінде әдейілеп ұйымдастырылған жазатайым оқиға салдарынан сыныққа ұшыраған қызметкерге кәсіби алғашқы медициналық көмек көрсетілді», – деді Н.Ермағанбетов.
Апатты жою немесе оның алдын алу, жазатайым оқиғаны болдырмау үшін ұйымдастырылған шарада оқиға кезінде кез келген апаттық жағдайда қызметкерлердің тарапынан орындалатын алғашқы әрекеттер және алғашқы көмек құралдарын қолдану нұсқаулықтары сияқты бірқатар міндеттерді атқару жұмыстары пысықталды. 
Қаламқас Аманқосова 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх