Үнемшіл адам байымақ

Үнемшіл адам байымақ
12.10.2018
23
Әлеумет

Үнемшіл адам байымақ

Ой түрткі

Үйленіп отбасын құрғаннан кейін, әркім шамасына қарай дүние-мүлік, дәулет жинайды. Абай атамыздың өзі: «әрбір жинақылықтың түбі – кеніш»  екенін ескерткен.Меніңше, кез келген есі дұрыс адам дүние жинайды. Ақша жинайды. Құс ұшу үшін жаралса, адам бақытты болу үшін жаралған. Бақытты материалдық байлықпен байланыстырып отыр екен деп ойлап қалмаңыз. Әйтсе де тіршілігімізде қаражат рөлінің жоғары екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Енді адам баласы қаражатты не үшін жинайды дегенге келейік... Біріншіден, бала-шағаның тұрмыстық керек-жарағын қамтамасыз етсем деген ниетпен жинайды. Екіншіден, баспаналы болып, жұмыстан демалып, қонақ күтіп, адамша өмір сүру үшін жинайды. Үшіншіден, Құдай сақтасын, ауырып қалған жағдайда ешкімге алақан жаймау үшін... Төртіншіден, той-томалақ, өлім-жітімге жинайды. Сондай-ақ, ағайын-туысқа қол ұшын созу үшін де адамға ақша ауадай қажет.
Жалпы баюға ұмтылу ниетінде жаман ештеңе жоқ. Қазақта «түстік өмірің болса, мал жи» деген нақыл бар. «Кедейдің байға, байдың құдайға жетем дегені» тіптен, әлеуметтік прогрестің ең мықты қозғаушы күштерінің бірі екені де белгілі емес пе? Ендеше «қанағат қарын тойдырар...» деп қолдағы барға қанағат етіп, тасбақа тірлікпен жыбырлап жылжи беру нағыз ақымақтық нышаны дер едім.
Дастархан басында отырып, «ақша өмірдегі ең басты мәселе емес» деп пәлсапа соққанды ұнатамыз. Сіздің ақшаңыз болмаса, сіз ешкім де емессіз. Ақшаның көмегімен ғана сіз өзіңізге және айналаңыздағы адамдарға қуаныш сыйлай аласыз. Бұл – өмір шындығы. Ақылды адамға «Алтын балық» ертегісінің кейіпкері сияқты, жылдап тесік астаудың қасында отыра берудің қажеті шамалы.
Қарап отырмай «ақша-адамды аздырады» дейтініміз де бар. Барлық миллионерлер мен миллиардерлер бұзылып кетіп жатқан жоқ. Олар ақыл мен қабілеттерінің арқасында осындай дәрежеге жетті. 
Ақшаңыз болса, сіз саяхатқа шыға аласыз, өмірдің қызығын көресіз, туысқандарыңызға көмектесесіз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, адал еңбекпен тапқан табысты үнемдеп жұмсай отырып, баюды көздеу – дүниеқорлықтың белгісі емес.

Сарша Сүгірәлі,
 «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх