Өнегелі өмір

Өнегелі өмір
12.10.2018
26
Қызметкерлер

Өнегелі өмір

Алғашқылар

1961 жылы Өзен кенорнында Михайл Кулебякиннің бригадасында алғаш мұнай бұрқағы атқылаған болатын. Сол бригаданың жұмыскері Нәсіпқали Әлмағамбетов тарихи сәттің куәгері болды. Өзен кенорны тарихында есімі алтын әріпппен жазылған, Қызылсай ауылының іргетасын қалаушы, кенорын алғашқы игерушісі ардагер-мұнайшы бүгінде Жаңаөзен қаласында тұрып жатыр. Тоқсанның ауылына жақындаған ақсақал ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиен сүйіп отырған бақытты жан. 
Ол Атырау облысындағы қарапайым шаруа отбасында 1933 жылы 30 тамызда дүниеге келді. Әкесі Дәулетқали бақташы, анасы Жәмилә сауыншы болып жұмыс атқарды.  Бала Нәсіпқалидың есінде әке-шешесінің ауыр жұмыстан кейін шаңырағына қас қарая шаршап, сүріне-қабына жететіндері қалып қойыпты.
Тұтқиылдан басталған соғыс халықтың ең саналы бөлігін алып кетті. Ел ішіндегі жілігі татитын ер-азаматтардың бәрі соғысқа аттанды. Солармен бірге  Нәсіпқалидың тетелес үш ағасы да кетіп, ауылға оралмады. Біреуінің жатқан жерін 2010 жылы Ростов қаласынан тапты. Ол да болса көңілге демеу еді. Бұлар бала болып ойнамады, аштық пен соғыс бала жүрегін жаралап кетті. Алыста қалған балалық шақтың кермек дәмі аузында қалып қойды. Сол кездегі достары Задош пен Нұраддинді сағынады. Германияда әскерде болды. Отан алдындағы әскери борышын абыроймен атқарып келді. Дәм айдап қасиетті топырақ Маңғыстауға келіп, еңбек жолын бастады. Қара шаңырақ Қызылсайға көшіп келген үш үйдің біреуі Нәсіпқалидікі болды. Үш жыл жертөледе тұрды. Ессіз ғашық болып Сая есімді мұғалімға үйленді. Педагогикалық училищені бітірген Сая Қызылсайдағы алғашқы мұғалім болды. Екеуі жарты ғасырдан астам уақыт отау құрып, түтін түтетті. Елмен бірге тыныс­тап, елмен бірге еңбек етті. Бар мен жоқтың дәмін татып өскен ерлі-зайыптылар қанша қиындық көрсе де, білім алудың қажеттігін ұғынды. Кез келген нәрсеге қол жеткізудің оңай емес екенін кішкентай кездерінен біліп өскен олар техникумның сырттай бөліміне түсіп, білімдерін жетілдірді. Ұлықты ұл, қылықты қыз сүйді. Сыйласып, үйлесімді өмір сүрді. Өмірден озған қосағын сағынып жүрген азамат, адам өмірі сағыныштан тұратынын айтады...
Бүгінде көпті көрген кәрі кітап іспеттес Нәкең «темір етікті теңге, темір аяқты тебен қылған қайран жастық бізге оралар ма?» – дейді.. 40 жыл бұрғылау  саласында тер төккен ардагер өзіне тапсырылған міндетті нан тауып жүрген жері болғандықтан, бар күш-жігерін салып, ынтамен атқарды. Еңбек жолын бұрғылауда қарапайым оператор болып бастаған мұнайшы бұрғышының көмекшісі, бұрғышы, шебер қызметтерін зор жауапкершілікпен атқарып, ұжым құрметіне бөленді. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегі еленбей қалған жоқ. Еңбекқор жан 1974 жылы социалистік жарыстан ІІ орын алғаны үшін Мәскеуден күміс медаль, 1979 жылы «Еңбек Қызыл Ту» ордені, Қазақстан мұнайының 100 жылдығына орай естелік, «Ерен еңбегі үшін», Өзен бұрғылау басқармасының 50 жылдық, 2015 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың 70 жылдығына орай естелік медальдармен марапатталды. «Ардақты ардагер мұнайшылар»  энциклопедиясына енгізілді. Бос уақытында қазақтың әндері «Ақбақай», «Дударайды» айтқанды ұнататын Нәкең: «біздің қазақта «артық байлық не керек, ден сау болса болады-ай!» – деген ән бар. Расында да солай... «Шаранамен туып, бөз оранып өтетін» бес күн тіршілікте денін сау болып, адамдармен сыйласып өткенге не жетсін...», – дейді күлімсіреп.
Адам өмірі – қолға тұрмас жібектей сусыған бір бұлдыр-бұлдыр дүние ғой. Сегіз ондықтан асса да сөзі түзу, жүрісі ширақ қарияның сүйікті асы түйенің шұбаты екен. Маңғыстаудың шұбаты көрер көзге ғажайып, аппақ бал сияқты үйіріліп тұрады. Денге – саулық, тәнге – қуат. Шұбат әлемде теңдесі жоқ сусын, әрі тамақ.
Ардагер-мұнайшы жас ұлғая келе көңілдің салқын тартып, қадір-қасиетіңді білетін көз көргендердің азайып бара жатқанына қынжылыс білдірді. Бұл сірә, өмірдің күзге ұласқаны болса керек. «Шал мен теңізді» жазған Эрнест Хемингуэй «Адамда қиыншылық пен қуаныш аяқталғанда, кеудені бос қуыс кернейді» деп жазады...
Бүгінде Аллаға шүкір айтып, берерін тауыс­пасын деп шүкіршілік етіп отырған ардагер-мұнайшы «өткен өмір көрген түстей» деп басын шайқайды.  Адамның ғұмыры диірменнің тасындай шыр айналып, зуылдап өте беретінін бабаларымыз айтып кеткен. Біздерге ақсақал «Бақ қарасын, қыдыр дарысын, Отанымыздың басы аман болсын. Осы айтқандырым қабыл болсын!» – деп батасын берді.
Ел үшін туған тұлғалар болады. Жаратылысынан бар қасиет ол адамды әрқашан елге қызмет етуге бағыттап отырады. Нәсіпқали Әлмағамбетов осындай жанның бірі. Оның өмірі мен еңбегі біздер үшін үлгі-өнеге. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх