Спорт саңлағы Ақтауда тұрады

Спорт саңлағы Ақтауда тұрады
28.09.2018
20
Қызметкерлер

Спорт саңлағы Ақтауда тұрады

Біздің мақтанышымыз

«АрғымақТрансСервис» компаниясында қауіпсіздік техникасы бойынша инженер болып жұмыс істейтін Руслан Сүйеговтың есімі көпшілікке етене таныс. Спортты жанына серік еткен ол – каратэ киокушинкайдан екі дүркін әлем чемпионы атанған саңлақ спортшы. 

Сырттай қарағанда салмақты көрінетін біртоға Русланды ғаламат каратэші деп ойламайсыз. Әңгіме барысында салмақты кейпінен жаңылмай, нық сөйлейді. Жұмыстан тыс уақытта жаттығу залынан табылатын оның он сегіз жылдан бері шығыс жекпе-жегінен жасөспірімдер арасында қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанғаны – бір бөлек әңгіме. 
Ең алғаш ағасы Бекзат екеуін әкелері жетектеп Маңғыстаудағы белгілі бапкер каратэ киокушинкайдан ІІІ дан иегері Үсен Молдағалиевке әкеліп тапсырған. Талапшыл әке бапкерге қос ұлын табыстап тұрып, зор сенім білдірді. Араға уақыт салып, жылдар өте келе Руслан каратэнің қыр-сырына тереңдей бойлай түсті. Ал ағасы Бекзат еркін күреске ауысып кетті. 
Арада уақыт өткенде қос ұлдың Маңғыстау облыстық біріншілігінің финалында жолдары түйісті. Содан бері Руслан алпысқа жуық ірі турнирге қатысып, басым көпшілігінде топ жарды. Оның ішінде жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы атанып, 2004 жылы Жапонияда өткен әлем біріншілінде алтыннан алқа тақты. Финалда жапонның хас мықтысынан айласын асырған оған халықаралық каратэ киокушинкай федерациясының президенті Хатсу Райома ұсыныс білдірді. Жапон елінде қалып жаттығуға мүмкіндік берілгенімен, Руслан елімізде қалуды жөн көрді. Ересектер арасында да айтулы табысқа қол жеткізген саңлақтың алдында үлкен асулар күтіп тұрған еді. 
Айта кетерлік бір жайт, бойы ұзын, дене бітімі мығым келген 15 жастағы Руслан ересектермен бірге дайындалды. Жаттығуда жауырыны қақпақтай жігіттермен тайталасып, тіпті ұтып кететін жайттар жиі орын алатын. Соны байқаған бапкері Тәжімұрат Нәзірбеков Ақтау қаласында өткен Азия чемпионатына шәкіртін қосты. Талап бойынша ересектер қатарында өнер көрсетуге жасы толмаған спортшыға тыйым салынатын. Ал Руслан өзін сынап көру үшін ширек финалға дейін қатысып көрмекке бел буды. Бірінші айналымда Иранның мықты спортшысымен жолы түйісіп, одан басым түсті. Ол уақыттары әлемде Иран құрамасы каратэ киокушинкайдан әлемде үздіктер қатарында болатын. Өзінен бірнеше жас үлкен спортшыны ұтқан Руслан ширек финалға дейін барып, бапкердің ұсынысымен жарыс жолынан өз еркімен шығып қалды. Осыдан кейін оның даңғыл жолы ірі жарыстарда сан рет жалғасын тапты. 
Он сегіз жасында Қазақстан біріншілігінде алтынға қол жеткізгеннен кейін оның ұлттық құрамадағы орны айқындалды. Ақтау қаласындағы политехникалық колледждің студенті әлемдегі мықты спортшылардың қатарын толықтырды. Содан бері Қазақстан біріншілігін алты рет ұтқан ол Еуропаның 4, Азияның 1, әлемнің 2 дүркін чемпионы атанды. Қазақстан кубогында 3 рет жеңімпаз болғаны тағы бар. Бұдан бөлек, халықаралық көптеген турнирлерде жеңістің биік тұғырына көтерілді. Томағасын сыпырып, дүбірлі додаға қосқан бапкері Тәжімұрат Нәзірбеков оның бабын келтіріп, білгенін үйретіп бақты. Соның арқасында шәкірті І дан иегері атанып, үздіктер көшінде өзінің жолын қалыптастырды. 
2010 жылы Испанияда Еуропа чемпионаты өтті. Аса ауыр салмақта өнер көрсететін дала перзенті қарт құрлықты бағындыруға аттанған. Жеребе ауыр түсіп, бірінші кездесуде испаниялық Джонатон Тинеомен кездесті. Джонатонның Русланнан сегіз жас үлкендігі бар. Оның үстіне, есімі белгілі спортшы – әлемдік додаларда талай мықтының мысын басып, тауын шаққан әккі спортшы. Жергілікті спортшының жеңіске жетеріне испан жанкүйерлері еш шүбә келтірмеген. Бірақ мақсаты айқын, жеңіске деген жігері жасындай жарқылдаған Руслан сын сағатта мүлт кетпеді. Бапкерімен ақылдаса отырып, тактикалық әдіс-тәсілді алдын ала сәтті ойластырды. Соның арқасында ол бірінші айналымда тең түсіп, екінші кезеңде айқын басымдылықпен ұтып, Джонатонды жарыс жолынан шығарып тастады. Испан спортшысы намысқой екен. Араға бір жыл салып, Русланда кеткен есені қайтарам деп Астанада өткен әлем біріншілігіне арнайы келді. Алайда екеуінің екі салмақта өнер көрсетуіне байланысты жолдары түйіспеді. Дегенмен, 2012 жылы Германияның Гамбург қаласында өткен Еуропа чемпионатының финалында Руслан Джонатонмен қайта жолығып, ұпай айырмасымен жеңіске жетті. 
Бүгінде «АрғымақТрансСервис» ЖШС-де еңбек ететін ол жұмыс кезінде де жаттығуды қалт жібермейді. Таң қылаң берісімен Қаражанбас іргесінде қарт теңізді жағалай жүгіріп, тәнін сергітеді. Кешкілік жұмыстан соң спорт залына барып, бірнеше сағат бойы спорттық бабын баптайды. 
Жұмыс уақытымен жарыс сәйкес келген жағдайда басшылық оған түсіністік танытып, әркез колдау көрсетіп отырады. 12 жылдан бері Руслан талай жарысқа барған кезінде «АрғымақТрансСервис» ЖШС-не басшылық еткен Ли Тецян, Шаттық Құлшықовтар қолдау білдіріп, азаматтық танытты. Осы үшін белгілі спортшы басшылыққа реті келген жерде алғыс айтуды ұмытқан емес. 
Маңғыстауда туған саңлақтың есімімен бүгінде шығыс жекпе-жегін меңгерген әлем мықтылары әлі күнге санасады. Аса ауыр салмақта сынға түсіп жүрген қайсар ұлдың аз сөйлеп, көп жаттығатын ерекше қасиеті әркез құрамадағы әріптестеріне үлгі. 
Ақтау қаласында өзінің жеке залын ашқан ол бүгінде тоқсанға жуық балаға каратэ киокушинкайдың қыр-сырын үйретіп, жеңіске жетуге үйретіп жүр. Бапкерлікті қатар алып жүру де зор жауапкершілікті жүктейді. 
Руслан туралы әңгіме болғанда, оны мақтайтындардың қарасы көп. Біз қазақ спортының бір уығын ұстаған халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің айтулы жетістігіне ризашылық білдіріп, оның есімімен әрдайым мақтанамыз. 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх