Әлем көз тіккен Үш қиян

Әлем көз тіккен Үш қиян
28.09.2018
30
Қызметкерлер

Әлем көз тіккен Үш қиян

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

Пролог орнына

Дала... шексіздік ... Ғасырлар бойы Еуразия кеңістігінде көшіп-қонып жүрген көшпелілердің сана түйсігіне берік орныққан еркіндік символы. Ықылым заманнан төрт құбыласы тұйықталмаған, көсіле шапқан тұлпарға, желдей ескен сұңқарға жеткізбес кеңдіктің белгісі. Төңкерілген көгілдір күмбездей аспан әлемі тура осы салқам даланың сағым ойнаған белдерінен басталып кететіндей. «Көк аспанда күн күймесі қалай еркін қозғалса, сайын далада скиф керуендері де солай еркін көшіп-қонады» деген екен бағзы заманда скиф данышпаны Анахарсис.
Табиғаттың осы бір пәлсапалық суреті маң даланы мекен еткен жұрттың миына әбден сіңісті болып, еркіндік пен кеңдіктің өлшеміне айналғаны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сондықтан да еркін өскен түз тағысындай қайсарлық, басына ноқта салдырмас тарпаңдық, қырандай тегеуірінді тектілік құдіреттері әу бастан қанымызға сіңгені тегін емес. Қазақтың «қазақ» аталуының түпкі қисыны да осында жатыр. Азат елдің баласы еңсесін ездірмей, ерегескен жауына «егеулі найзасын» тіреп, «қозы жауырын оқ» болып атылса, топырағының осындай қасиетінен болар.
«Түнде – ұйқы көрмедім, күндіз – күлкі көрмедім; қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді: күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып – бәрі елім үшін» дейді көне дүниенің кемеңгер көсемдерінің бірі Тоныкөк.
Тұлымдысын құл болудан, бұрымдысын күң болудан сақтаған елдің болмысында еркіндіктің рух оты маздайды. Ол қажет кезінде лап етіп жанып, қалың елдің қайраулы алмас қылышындай жарқылдайды. 
Нарын құмында жүріп, «Ереуіл атқа ер салмай, еңку, еңку жер шалмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі бітер ме?!» – дейтін Махамбет Өтемісұлы – сондай наркескен ерлердің бірегейі. Батыс өңірде Бөкей ордасында хан мен билердің, олардың жебеушісі патша жендеттерінің халықты еркіндігінен айырып, жерін тартып алып, не түрлі зұлымдық пен қиянатқа барып, әбден езгіге салған кезде бас көтерген рухы биік ақтаңгер батыр «Жайық үшін жауласып, Еділ үшін егеске» түсті. Жан алып, жан берісіп, «қасарысқан дұшпанға қанды көбік жұтқызбай» тынбауға бел байлаған Исатайдың сенімді серігі болған ер бейнесі халықтың жады мен ойында мәңгілік сақталған. 
Осы өңірдің тумасы, тамаша қылқалам шебері марқұм Қиссамединовтің «Махамбет» атты портреті бар. Домбырасы қолында, бұла күші бойында, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты батырдың кекке толы нар тұлғасы ұлтарақтай жер үшін, езілген елдің кегі үшін күреске толы күндерін көз алдына келтіріп, күңірене толғап, жан дүниесін өртеген алапат жалынмен дем алып тұрғандай. 

Хан емессің қасқырсың,
Қас албасты басқырсың
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені басқа ұрсын!
Хан емессің лаңсың,
Қара шұбар жылансың.
Хан емессің аянсың,
Айыр құйрық шаянсың! 

– деп Ордада жүргенде ханға қасқайып қарсы қарап, кесімді сөзін айтқан нар тұлғаның болмыс бітімі еркіндік аңсаған елдің тұтас сомдалған бейнесі сияқты. 
Жиырма бес жасында алғаш рет түрменің не екенін көрген Махамбет 1836 жылы 10 желтоқсанда Орынбор генерал-губернаторы Перовский жіберген тергеушіге берген жауабында: «Бұдан 6-7 жыл бұрын Орал шекарасынан жасырын өткенім үшін патша өкіметі адамдарының қолына түсіп, екі жылға жақын (1829-1831) Калмыков түрмесінде отырып, 1831 жылы оба ауруы кезінде түрмеден қашып шықтым» дейді. 
Түрменің сызы Исатайдың да жамбасынан өтті. Ақыры езілген елді соңынан ерткен Исатай батырдың жанында Махамбет көтерілісшілердің рухани жетекшісі, елі мен жерінің еркіндігі үшін басын бәйгеге тіккен бостандық жыршысына айналды. 
Бекетай құмында Орынбордан келген подполковник Гекке бастаған жазалаушы отрядпен өліспей-беріспей шайқасып, кейін Исатай қаза тапқанда Назар, Шүрен елінде жүріп, қол жинап, қайтадан күреске шығып, ақыры жау қолынан қапыда қаза тапқан дала дауылпазы байтақ батыс өлкенің, езілген халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап өтті.
Содан бері талай су ақты. Уақыттың есепшоты екі ғасырды қағып артқа тастады. Бірақ Үстірттің әр төбесі, әр белі, құлан жортқан құба жоны Исатай-Махамбет рухымен, еркіндік, бостандық рухымен суарылып, шар болаттай шыңдалды. Қалың қазақ туған өлкесінің әр түп жусаны мен изеніне, әр түп жыңғылы мен жантағына, әр түп сораңы мен қарабұтасына дейін қасиет тұтып, нар қомында жүріп бабалардың қастерлі өсиетіне адалдық танытты. 
Бір кездері осы өңірге жер аударылып келген украин ақыны Тарас Шевченко қазақтардың жай-күйін қарындашпен бейнелеп, бірнеше тарихи суреттер қалдырғаны белгілі. Қолын жайып қайыр тілеп тұрған балалар, киіз үйде отырған қазақтар жайлы суреттер ұлы кобзарьдың жүрек сүзгісінен өткен шынайы көріністер еді. 
Бүгінгі ұрпақ сол ауыр тірліктен мойымай өткен қазақтардың ұрпағы. Өркениетке ұмтылған елдің баласы. Махамбеттер атой салып ел мен жер тағдыры үшін жанын шүберекке түйіп, «беркініп садақ асынып, біртіндеп жауды қашырып, қорамсаққа қол салған, қозы жауырын оқ алған» жерлер қара алтынның қоймасы сияқты, қадау-қадау мұнай мұнаралары қаздай тізіліп, Маңғыстау мен Атырау даласы иіп беріп жатыр. Дүниенің төрт құбыласындағы елдер Батыс Қазақстанға қызыға да қызғана да көз тігуде. 
Үстіртке барған әр адам Исатай мен Махамбет армандаған, сол жолда құрбан болған ұлы даланың еркіндігіне тәу етеді, басын иеді.... 

Ежелгі өркениеттен бүгінге дейін

Негізі батыс өлкесіндегі жалпы адамзат тарихы мен мәдениетіне жататын баға жетпес құнды ескерткіштердің соншалықты көптігі оның алғашқы тас дәуірінен бастап талай ғасыр адам баласының алтын бесігі болғанын дәлелдейді.
Қазір ғалам жұртшылығы көз тіккен мұнайлы өлкенің тарихы тереңде жатса, мәдениеті де соған сәйкес кеңінен тамыр жайған. Мәселен, Маңғыстау жері – ежелгі өркениеттің елі. Былайша айтқанда, археологиялық қорық. Ашық аспан астындағы керемет тарихи ескерткіштердің саны 11 мыңнан асып жығылады. Не түрлі ғажайып ертедегі ғимараттар, Бекет ата мен Шақпақ атаның, Масат атаның мешіттеріне Қазақстан ғана емес, Ресейден, Өзбекстан мен Түркіменстаннан, Кавказ бен Ираннан, Түркиядан тәу етушілер ағылып келіп жатады. Мыңдаған жыл бұрын дәл осы Маңғыстау өлкесі арқылы Хорезм мен Хиуадан Еуропаға, Таяу Шығысқа қарай керуендер тізіліп өтетін болған. Ол – әлемге әйгілі «Жібек жолы».
Үстірт үстінде керуен сарайлары, қолөнершілердің, аңшылар мен мал өсірушілердің қоныстары болғанын және олардың тұрмыс деңгейінің айтарлықтай жоғары екендігін археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеп берді. Байтақ өлкеде үздіксіз жүрген қақтығыстар мен халықтардың ұлы қоныс аударулары Үстірт үстімен өтетін Жібек жолының тағдырына нүкте қойды. Оның үстіне Шыңғысханның шапқыншылығы ізін мүлде өшірді. Сөйтіп, еуразиялық қатынастарда өзіндік маңызы бар өлкенің дамуын көптеген ғасырға кейін сырғытып тастады. Мұнымен бірге түбектің қатал табиғаты, аңызақ желі мен төбеден төнген шақырайған күннің аптап ыстығы ежелгі өркениеттің орнын біртіндеп мүжіп, тоздырып жіберді. 
Солай болса да кешеден бүгінге жеткен осы ежелгі мұралар халқымыздың тарихи жылнамасында ерекше құнды, ерекше маңызды орын алады. Атақты кеңес ғалымы Н. Андроусов осы өңірді палеонтология мен тектоника, планетология мен стратиграфия оқулықтарымен салыстырған екен. Себебі, көміртегі мен күн сәулесінің реакциясы нәтижесінде жер бетінде тіршіліктің пайда болуын дәл осы жерде байқауға болады. Сондай-ақ, осы жерде адамзат ойының даму тарихы, жоғары руханилықтың туу тарихы бағамдалады. Мамандардың айтуына қарағанда, мұнда ғаламдық көзқарастар параметрлерімен өлшенетін мәдениет қалыптасқан. Ғалымдар ат үстінде құйындай жүйткіп, үстірт бетінде көшіп-қонып жүрген көшпелілер ежелгі және жаңа Еуразия халықтарының қалыптасуына бастау болған деген батыл болжам жасады. 


Мәселен, белгілі геолог А.Г.Медоев 1966-1969 жылдары Маңғыстаудағы Қаратау жоталары етегіндегі қайнарлардың маңайынан тас дәуіріндегі ежелгі тұрақ кешенін тауып зерттеді. Сонда шаруашылық өндірісі формаларының Еуропаға өту жолдары туралы ғалымдардың болжамдарын дәлелдейтін нақты негізделген фактілеріне кез келді. Атап айтқанда, микролит мәдениеті негізінде тұрақты отырықшылық пен аңшылық қалыптасқан аридтық аймақтан алыс Еуразия кеңістігінде ат-темір мәдениеті, ат мінудің стихиясы мен мифі, осы өркениеттің идеалдары туындады. Сол кездегі көшпелілерге скиф мәдениетін қалыптастырып, тарих сахнасына шығу үшін әлі де мыңдаған жыл керек еді.
Каспий төңірегіндегі далада да көшпелілер өркениетінің сол кезеңдегі іздері сайрап жатыр. Сегізінші ғасырда ежелгі түркілердің тарих сахнасынан кетуі салдарынан ұзаққа созылған обскурация орын алды. Дегенмен, мәдениеттің даму энергиясы сақталып қалды. Ол енді экологиялық, әлеуметтік, саяси жағдайлардың туындауына сәйкес қайта тұтанып, көшпелілер өркениеті жаңа қарқынмен өркендей бастады. Оғыздар мен қыпшақтар эстафетаны жалғастырып әкетті. Оғуздар Румның селджуктер мәдениетіне ыңғайланса, қыпшақтарға Шығыс Еуропаның ортағасырлық мәдениеті әсер етті. Солай бола тұрса да, Маңғыстаудағы ортағасырлық ескерткіштер оғыз-қыпшақ стилінің бірегей негізін көрсетеді. 
Осындай терең тамырлы мәдениеті бар өлке – 362 әулиелі Маңғыстау жұрт санасында ерекше қасиетті саналады. Халық ұғымына әбден сіңісті болып, қалыптасқан бұл пікірдің атадан балаға мирас болып, үзілмей сабақтасып келе жатқан қағидатқа айналуында үлкен мән бар. 
Бұл тұрғысында Әбіш Кекілбаевтың кезінде айтқан мына бір пікірі назар аудармай қоймайды: «Болжамдарға келер болсақ, «360 әулие» сөзi басы Мекке-Мәдинадан бастап, ар жағы Синай түбегiнен келе жатқан дәстүр – «Құдайдың 360 күнiнiң иесi бар» дегеннен шыққан болуы керек деп есептеймiн. Алғашында Синайда, оның бергi жағында «Мекке-Мәдинаның жанында 360 әулие жатыр» деген есеп болған. Бiр кездерде әр тайпаның өзiнiң пiрi болған. Сол пiрлердiң барлығы «әулие» деп саналған. Сол дәстүр барлық Орта Азия территориясын мекендеген халықтар сияқты бiздiң Ұлы Тұранға да келiп жеткен болуы керек. Бәлкiм, ол дiннен де бұрынырақ жеткен болуы мүмкiн. Кейiн таза Ислам дiнi келгенде, сол дәстүрдi жалғастырып әкеткен. Бiздiң Ислам дiнiнiң ерекше бiр түрлерi болған. Оның ең ерекше жетiлген түрi – суфизм. Суфизм – Шығыс философиясының ең үлкен тармақтарының бiрi. Осы ағымның жолына түсiп, Түркiстан, Бұхарадан тараған шәкiрттер бұл iлiмдi жер-жерлерге таратқан.
Ал Маңғыстауға келер болсақ, Маңғыстау – сонау пұтқа табынушы, киеге табынушы замандардан бастап үлкен киелi орындар орналасқан жер. Өйткенi Маңғыстаудың осы жатқан ландшафты, жер реңкiнiң өзi осыған итермелейдi. Адам, ежелгi адам өзiнен күштiге, өзiнiң рухы жетер-жетпесiн бiлмейтiн жерлерге табынған. Шындығында да, алғашқы адамдардың ең бiр тоқырасқан, ұштасқан жерi – осы Атырау (Хазар, Каспий) теңiзiнiң маңайы. Сондықтан да бұл жерлердегi әулиелердiң көбi – сол алғашқы адамдар заманынан бермен қарай келе жатқан киелi орындар. 
Соны осы маңайға соққан барлық дiндер өздерiне меншiктеп, әр жерге өздерiнiң әулиелiк белгiлерiн орнатқан. «Маңғыстаудың ойында – 360 әулие» сөзiнiң ар жағындағы ең түпкi маңызы осындай деп есептеймiн мен. Бiрақ оның бергi жағында осы жердi жайлап жатқан елдердiң барлығы, оның iшiнде бiздiң қазақ халқы да осы өлкенi жаулап алу кезеңiнен бастап өзiнiң көсемдерiн әулие тұтқан. Бұл тұрғыдан келгенде, Маңғыстаудың ойында шындап келгенде 360 емес, мыңдаған әулие жатуы мүмкiн..».
Жазушы Рахат Қосбармақ Әбекеңнің осы пікірін ары қарай былайша сабақтайды: «Үш жүз алпыс екi әулиелi Маңғыстау» дегенде, алдымен аузымызға Шопан ата, Шақпақ ата, Қошқар ата, Қараман ата, Қаңға баба, Кенттi баба, Сұлтан Епе (“Сұлтан Үфi” деп те жазылып жүр), Сисем ата, Масат ата, Сислам ата, Темiр баба, Алтықұлаш әулие, Бекет ата, Бекбаулы ата, Бердалы әулие, Мәтi әулие, Мыңкiсi ата, Асар сұпы, Долан апа, Есенаман, Ұланақ, Қалың Арбат, Данысман, Ақшора-Белтұран, Қыз әулие, Есмәмбет ата, Қалипан, Үштам, Үшқатын қорымдары, Бала әулие, Барақ әулие, Шiлкөз әулие, Жалғызағаш әулие, Құлбарақ, Құсшы, Құрманалы әулие, Әуеталық әулие, т.б. ондаған қасиет иелерiнiң аттары түсерi анық.... 
Әбiш ағамыздың дуалы аузынан шыққан дұғадай сөздегi «..оның бергi жағында осы жердi жайлап жатқан елдердiң барлығы, оның iшiнде бiздiң қазақ халқы да осы өлкенi жаулап алу кезеңiнен бастап өзiнiң көсемдерiн әулие тұтқан..» деген ойына ден қойып, жүздеген қол бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендердi қосатын болсақ, әулиенiң алды мыңнан асып жығылып, әрiге кетуi мүмкiн».
Қалай десек те Маңғыстаудың қасиетті жер, құдайдың нұры түскен өлке екенінде дау жоқ. Айталық, Шопан ата – Қожа Ахмет Яссауидың шәкірті, оның ісін жалғастырушы. Ол жерленген жерде ерекше тарихи ескерткіш – жер асты мешіті бар. 
Бұдан 260 жылғы жуық уақыт бұрын өмір сүрген Бекет ата Мырзағұл ұлы Оғланды деген жерде жатыр, мұнда да жер асты мешіті салынған. Ол адамгершілікті пір тұтқан ағартушы, батыр, ойшыл, аруақ қонған қасиетті адам болған. Тірі кезінде-ақ халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Бекет атаның қасиеттері ел аузында аңыз болып айтылады. Ол сырқат жандарды емдеп, балаларды оқытқан. Жақпар тасты жотаға бес мешіт салған. Өмірінің соңғы сәтінде Оғландыдағы мешітте тұрған көрінеді.
Сисем ата зираты батырлар пантеоны болып есептеледі. Ол Сайөтес ауылынан солтүстік батысқа қарай 35 шақырым жерде. Ерте орта ғасырда пайда болған мола аймаққа ислам дінінің келген кезіне сәйкес келетін сияқты. Бұл жерде әртүрлі 1,5 мыңдай құлпытас ескерткіштер жатыр.
Үстірт осы сияқты ашық аспан астындағы ежелгі, ерте дүниедегі сан алуан ескерткіштер мұражайына айналған. Қол бастаған батырлар мен жыраулар елінің ғажайыптары қатарында Шерқала тауы бар. Біреулер оны төңкерілген кесеге ұқсатады, енді біреулер бір тұсынан қарағанда киіз үй, екінші тұсынан қарағанда жасырынып жатқан аң түрінде көреді. Бұл Сфинкс тауына шығу қиын, шықсаң түсу қиын. Тарихшылар бір кездері оның үсті бекініс болған дегенді айтады. 13 ғасырда Шерқалада Шыңғысханның ұлы Жошының резиденциясы болған екен.
Түпқараған мүйісі – мәдениеттер конгламераты. Қасиетті жерге тәу ету үшін украиндар, армяндар, қазақтар, түркімендер, немістер осы жерге әдейілеп келіп жатады. 8-12 ғасырдағы араб ғалымдарының жазбаларына қарағанда бұл жерде ежелгі қала болған.
Аңызақ жел мүжіп, шақырайған күн жалап тұрған, ішер суы қат Маңғыстауда көшпелілер өмір сүру үшін жанталаса күресіп, тіршіліктің өздеріне тән бейімділігін қалыптастырған. Сондықтан да олардың табиғатындағы өршілдік, табандылық қасиеттері тегін емес. Махамбет рухы, еркіндік рухы туралы әңгіме өзегі түптеп келгенде жергілікті халық рухының күштілігінен бастау алады деп түйіндегеніміз жөн болар. 
Қазақта «Ұлы жүзді таяқ беріп малға қой, орта жүзі қамшы беріп дауға қой, кіші жүзді найза беріп жауға қой» деген сөз бар. Негізінен кіші жүз рулары мекен ететін Батыс Қазақстан қазақтары, әсіресе адай руы бейбіт қатар өмір сүріп, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды берік ұстаным еткен. Бүкіл Каспий бассейнінде мекен еткен халықтардың ежелгі мәдениетіндегі кейбір ұқсастықтардың мәні де осында тұр. Өйткені, ерте кездегі олардың өзара алыс-беріс, қарым-қатынасы жақсы дамыған. 
Бүгінде кісі жерлеу рәсіміндегі кейбір дәстүрлерде исламға дейінгі иран мәдениетінің іздері бар. Шақпақ ата зиратындағы мүрдені қою рәсімінде, тастағы суреттерде, сәулет өнері мен мәдениетте, әдебиетте осы ықпалдылық айқын сезіледі.    Орта ғасырлардағы әзірбайжан және түркімен ескерткіштерінің үлгілері қазақ қойтастарында, сағанатамдарында кездеседі.
Қазақ құлпытастары дағыстан және осетин құлпытастарындағы ою-өрнектерімен, тамырларының бірегейлігімен өте ұқсас. Осындай ағайындық аралас бауырластық белгісі сәулет өнерінде ғана емес, поэзия мен саз өнерінде де терең тамыр тартқан. Ұлы композитор Құрманғазы Сағырбаевтың, күйші анамыз Дина Нұрпейісованың, басқа да халық арасынан шыққан таланттардың шығармаларына құлақ салып көрсеңіз, сол сарынды жазбай танисыз.
Махамбет те сол ортада ерлік пен батырлықты, еркіндікті жыр етті. Бөкей ордасы кезінде бұл жерден көптеген оқыған азаматтар өсіп жетілді. Кейін олар ренессанстық қазақ интеллигенциясының негізін құрады.
Солардың бірі – өз заманының озық ойлы ағартушысы болған, Бөкей ордасын 50 жылдай басқарған Мақаш (Мұхамбетжан) Бекмұхамбетов. Ол – өлкенің оқу-ағарту, денсаулық сақтау, кәсіпшілік, отырықшылық мәдениеті сияқты мәселелерде өз көзқарасы бар, өзгелерден оқ бойы озық тұрған тұлға.
В.Григорьев, В.Ханьков, В. Даль, И. Березин сияқты әйгілі ғалымдармен аралас құралас болған ол сонау 1908 жылы Қазан қаласында «Жақсы үгіт» атты кітабын шығарыпты. Мақаштың отырықшылыққа қатысты мына бір ойлары бүгінге дейін мәнін жойған жоқ: «...Отырықшылықты қабылдау және сонымен бірге оңды қадам құру, жерді пайдалану тәртібі мен жас ұрпаққа білім берудің мүмкін болған бар тәсілдерін қолдану, өндіргіш күштерді, сауда мен өнеркәсіпті дамытуға бағыттап, ұлғайта түсуге халқымыздың қолын жеткізер еді таяу болашақта...». Бұдан жүз жылдан астам уақыт бұрын айтылған осы сөздерден-ақ сол кездегі оқыған қазақ зиялыларының қаншалықты өресі биік болғанын аңдау қиын емес.
Осынша бай тарихы мен мәдениеті бар, сәулет өнерінің ғаламдық болмысын көрсететін ескерткіштер жинақталған Батыс Қазақстан халқымыздың көпғасырлық ұлттық рухын сақтай білді. Осы өлкеде тұрған адамдардың биік рухани болмысы кіндік қаны тамған жерді мақтан етуі арқылы барынша ынталандырылып, жігерлене түседі. Және пассионарлықтың жарқын үлгісі де осы жерде. Батыс өлкенің жер асты байлығын игеруге келген адамдар да жергілікті халықтың рухани игілігін қабылдап, игеруге құлшынып тұрады.
Маңғыстау елдің ырыздығы мен байлығын иіп беріп жатыр. Шежіресі мен жылнамасы бедерленіп түскен, өлке өмірінің өзегіне айналған «қара алтын» тарихына көз жіберсеңіз, бұған көз жеткізу оңай. Ғасырлар бойы жат жұрттықтар қазанын қайнатып келген қара алтынды өндірістік негізде өндіріп алғанға дейін жергілікті қазақтар жер бетіне шығып жатқан қара майды отын ретінде пайдаланып келіпті. Көнекөз қариялар мұндай табиғи отын Қарасаз, Тапас деген жерлерде көбірек кездескенін айтады. 
Кезінде Каспий өңіріне андағайлап ат қойған шетелдік мұнай компаниялары Маңғыстау түбегінен түбінде ірі мұнай қорын табуға болатынын түсініп, көз тіккенімен одан арғыға бара алмаған. Лүп етіп жел соқса, сарышағыл құмы суылдап, таңдай кептірер аңызағы, маңдайдан күн, табаннан ыстық өткізетін шөліркеген сайын дала, бұйрат-бұйрат төбелер ашық даладағы ежелгі тарихтың мұражайы ғана емес, «қара алтынның» қазынасы да болып шықты. 
Азырақ тарихқа үңілсек, жалпы, адамзат баласы мұнайды ерте уақыттан бері біледі. Оны доңғалақтарды майлауға, алау жағуға және адамдарды емдеуге пайдаланған. Фараондар билік құрған кезде Египетте атақты адамдардың мүрдесін майлаған. Мұнай атауы біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтағы Вавилон қолжазбаларында және санскриттік жазуларда кездеседі. Византиялықтар өз заманында жауларының кемелерін мұнайға малынған шүберекті жағып, жебемен атқылаған. Бұл дүниенің әр түкпірінде мұнай туралы түсінік әбден қалыптасып, уақыт өткен сайын оны алуға деген ұмтылыс күшейе түскенін көрсетеді. 
Ал Маңғыстау өлкесіне Орыс ғылым академиясы екі ғасыр бұрын назар аударды. 1714 жылы 22 мамырда І Петр қазақ даласының табиғи байлығын және оның ауа райын зерттеуге арнайы экспедиция жіберді. XVIII ғасырда С.Г. Гмелин, одан кейін Э. А. Эверсман мен С.Г.Карелин деген ғалымдар келді. Содан бастап Каспий бассейнінің қазақстандық бөлігі сан алуан экспедициялар мен ғалымдардың зерттеу объектісіне айналды.
Егер дүние жүзінде тұңғыш рет алғашқы мұнай Америкада бұдан 155 жыл бұрын алынса, осыдан 40 жыл өткенде Атыраудың Жылой ауданындағы Қарашүңгіл кен орнынан тұңғыш қазақ мұнайының бұрқағы атқылады. Алғаш рет осында 7 тонна «қара алтын» өндірілді.
Дала мәдениеті мен өркениетінің тұнып тұрған ежелгі ордасында жаңа ғасырдың, жаңа заманның қуат көзі – мұнай өндірісі осыдан кейін қауырт қолға алынды. 
Қазіргі түсінікпен қарасақ, негізі адамзаттың жалғыз арманы – ешқашан перпетум-мобилені жасай алмауы. Мәңгілік двигательді бір тапса Эйнштейн табар еді, оның да жолы болмады. Василий Шукшиннің кейіпкері теңдессіз қозғаушы күшті табамын деп жаман сарайында күндіз-түні азапқа түсіп ел-жұртқа мазақ болып тынды.
Ал мұнай адам баласына ұзақ уақыт бойы керек. Тіршілік етуі үшін, лайықты өмір сүруі үшін. Қазіргі өмірдің пәлсапасы осында тұр. Осы орайда Каспий бойы өркениетінің сан ғасырлық тарихы жаңа қозғалыспен адамзат дамуының соны серпінді биігіне бағыт алды. Жиырмасыншы, жиырма бірінші ғасырдың тынысы «қара алтын» бұрқақтарының, мұнай құбырларының бойымен кеңінен ашылып, уақыт тұлпардың шабысынан қалмай келеді.
Кезінде КСРО құрамында 70 бойы бодандық қамытын киіп, Мәскеуге жалтақтап келген Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары қиын жағдайларды басынан өткерді. Алғашқы кезде мұнай өндірісі тым құлдырап кетті. Салыстырып көрелік: 1991 жылы еліміз жылына 26,6 миллион тонна мұнай өндіріп келсе, 1994 жылы оның көлемі 20 миллион тоннаға дейін құлдырады. Мұнай-газ кәсіпорындарының қызметі жергілікті кен орындарындағы операторлардың жұмысымен ғана шектелді. Ал Мәскеу мұнай жобаларының, мұнай мен газ маркетингі және экспорты сияқты экономикалық мәселелерді өзіне қалдырды. Дәл осы кезеңді Президент Н. Назарбаев мемлекеттің «клиникалық өлім жағдайында болуы» деп бағалағаны есімізде.
Бағымызға қарай, өткен ғасырдың 70-80 жылдары ашылған көміртегінің орасан мол қоры арқасында Қазақстан айтарлықтай ауқымды шикізат қорына ие болды. Алайда, мұнай-газ саласындағы табиғи байлықты игеру үшін республика ірі инвестицияларға мұқтаж еді. Сондықтан да Президент Н. Назарбаев нақты дұрыс шешім қабылдап, «Қазақстан Республикасының мұнай-газ кешенін нығайту бойынша кезек күттірмейтін шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Енді елімізге шетелдік ірі мұнай компаниялары бірінен соң бірі ұмтыла бастады.
Қазақ мұнайының бағасы артты, республиканың «қара алтыны» ғаламдық нарыққа шығарылып, «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг», «ПетроҚазақстанИнк» АҚ және басқалар елімізге жалпы инвестицияның 90 пайызын құйды. Тек 2007 жылы ғана минералды-шикізат кешенінде табиғи байлықты игеру үшін 74,6 миллиард доллар инвестиция әкелінген екен.
«Қара алтын» өндіру тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде жылдық мөлшерін төрт есе көбейтті. Еліміздегі мұнай мен газ өндірудің 24 пайызын Маңғыстау облысындағы 50-ге жуық мұнай-газ кәсіпорны еңсерді. Мұнай нарығындағы мемлекеттің ғаламдық үлесі 10 пайызға өсті. «ҚазМұнайГаз» шетелдік компаниялармен бәсекелесетін ірі компанияға, мұнай-газ өндірісінің отандық локомотивіне айналды.
Сөйтіп, мұнай газ саласы ұлттық экономиканың басты өзегі болуда. Және ол – еліміздің басты стратегиялық саласы.
Каспийдегі қазақ мұнайы дегенде дүние жүзіндегі алпауыт елдердің бәрі де көзін тігіп, өзегі талып үздігіп отырғанын айта кеткен жөн. Олардың қай-қайсысы да майлы «шелпектен» үлес алып қалуға тырысуда. Үлкен саясат «қара алтынға» тіреліп тұр. Қазақстан қазір «күлшелі баланың» бейнесінде. Сондықтан мемлекеттің саясаты мұнаймен өріліп, мұнаймен байланыстырыла жүргізіле бастады. 
Бүгінде мұнай-газ саласында индустриалдық жобалар жүзеге асырылып, жаңа өнеркәсіптік өндірістер пайда болуда. Сан тарау мұнай-газ құбырлары Маңғыстау, Атырау жерінен стратегиялық маңызды бағыттарға күре тамырдай тартылып жатыр. Өз қолымыз өз аузымызға жетті. Ендігі мақсат – шетелдіктердің қатысуымен жасалған жобалардағы шығындарды азайту. Қазақстан Үкіметі 2020 жылға дейінгі ғылыми-техникалық дамыту жоспарын және өндірістік-инновациялық техникалық дамыту бағдарламасын бекітті. Ал Президент шикізаттық мемлекет санатынан шығу алдыңғы қатарлы технологияларды енгізумен ілесе жүргізілуі керектігін бірнеше мәрте атап көрсетті. Осы орайда «ҚазМұнайГаз» АҚ бастаған қазақ мұнай-газ саласы жаңа әлеуеттерді іске қосып, жаңа биіктерді бағындыруға, ел экономикасының тірегі болуға ұмтылуда.
Талай соқтықпалы-соқпақсыз жолдан өткен қазақ мұнайы еліміздің өркениет көшіндегі қадамына қуат беріп, табаны таймай ілгері басуын қамтамасыз етіп келеді. Қанша ғасыр бабалар көші шаңдатқан, ат тұяғы дүбірлеп, доңғалақ іздері шиырлаған Каспий бойындағы киелі даламыз – ежелгі өркениеттің ордасы бүгінгі ұрпаққа қылау түспей аман жеткеніне мың да бір шүкір дейсің. Тезек жаққан көшпелілер елі қазіргі алмағайып заманда дүниенің тұтқасына айналған мұнай мен газдың игілігін көріп отырса, мұнда табиғи заңдылық бар. Ол – әр азаматтың бойында туған жерге деген ыстық ықылас, кең пейіл, ғашық жүрек арқылы қалыптасқан құдіретті перзенттік махаббат. Бабалар аманатының туын жықпай келе жатқан ұлы сезім осы.
Біз бүгін ерекше өңірдің барлық рухани және табиғи байлығын игерудің бірегей гуманитарлық идеясын тұтас қарастыруға ұмтылсақ, қазір сол ұғым өмірлік маңызға ие болды. Өйткені, мұнай – бүгінгі тіршіліктің қайнар көзі, ал оны өзге игіліктен бөліп қарастыруға болмайды.

Эпилог орнына

Қазақ мұнайының қатпарлы тарихына қарап отырсаңыз, соның өн бойында шежірелі өңірдің жылнамасы қоса жүреді. Жаугершіліктің, шешендік пен жыраулық өнердің, күйшілік пен аңшылық-кәсіпшіліктің көптеген түрлерінде тамыр тартқан, үзілмей келе жатқан бір желі бар.
Халқымыздың адал көңіл ақ пейіліне лайықты шалқар даламыздың асты-үсті жер асты байлығына тұнып тұр. Оны ел игілігіне, ұрпақ игілігіне жарату ұғымы аттап бассаң, алдыңнан шығады. Үзілмей келе жатқан алтын желі дегеніміз осы болар.
Бір кездері осы өңірдің тума таланты, ақын Мұрат Мөңкеұлы былай деген екен:

«Еділдің бойы – қанды қиян,
Жайықтың бойы – майлы қиян,
Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян,
Адыра қалғыр, үш қиян!»

Туған өлкенің қадір-қасиетін, киесі мен құдіретін қысқа қайырып, күңірене суреттеудің бұдан артық көрінісін табу қиын шығар, сірә. Сол үш қиян – ата-бабамыздың мәңгілік тұрағы болашақтың есігін бұлқынған бұла күшпен қақты. Қазақстан әлемнің мұнайлы елдері қатарында тұр. Төрткүл дүние бізбен санасатын болды. Қазақтың маңдайына біткен рызық несібеміз игілігімізге жаратылып жатыр.
Мұнай саласы ел бюджетінің төрттен бірін құрайды. Әлеуметтік бағыттағы қыруар шаруа мұнайдан түскен пайда арқылы атқарылуда. Күні кеше жаһанды жайлаған дағдарыстан «қара алтынымыз» болмаса қысылмай, қымтырылмай шыға алар ма едік? Ұлттық қорымыз мұнайдан түскен пайда арқылы толықтырылуда, индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бір сөзбен мұнай келешектің игіліктерін қамтамасыз етудің бастауы болып тұр. 
 Мұнайлы өлкенің бүгінгі тынысы, дүние көз тіккен қазақ мұнайы, оны игеріп жатқан аптал азаматтар бүгінде әлемдік өркениет пен мәдениет көшіндегі Қазақстанның маңдайын жарқыратып, болашағын баянды ете бергей!

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ 


 

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх