Кеніш ғұмырын жаңа технология ұзартады

Кеніш ғұмырын  жаңа технология ұзартады
28.09.2018
59
Өндіріс

Кеніш ғұмырын жаңа технология ұзартады

«Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Забурын кен алаңындағы полимерлік суландыру жобасын жүзеге асыру барысында кеніштің негізгі аумағын толық қамту мақсатында су айдау ұңғымаларының саны 6-ға дейін өсті.
Айта кетсек, аталған жобаны іске асыру жұмыстары 2014 жылы жабысқақ мұнайлы кен орындарынан «қара алтынды» өндіруді тұрақтандыру мақсатында басталды. Қазіргі таңда полимерлік ерітіндіні екі ұңғымаға айдау нәтижесінде полимерлік суландыру аумағында тұрақты өнім беруге қол жеткізілді.
Жуырда өңірге келген «Ембімұнайгаз» АҚ Директорлар кеңесі мүшелері аталған кен алаңында болып, алдымен полимерлік суландыру жобасының жұмысымен танысты. 
- Полимерлік суландыру технологиясын қосымша 4 ұңғымаға енгізу кен алаңында өнім беру деңгейін сақтауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта аталған жоба базасында бұл технологияны өзге де кен алаңдарына таратуды жоспарлап отырмыз. Сол арқылы жабысқақ мұнайды әзірлеу мәселелерін шешу, мұнайды бөліп алу коэффицентін арттыру және кен орындарын пайдалануға берудің экономикалық тиімділігін ұзартуға мүмкіндік алуды көздеп отырмыз, - деп атап өтті кен орындарын игеру жөніндегі басқарушы директордың міндетін атқарушы Қайрат Көзов.   
Сондай-ақ, Директорлар кеңесі мүшелері аталған мұнай-газ өндіру басқармасының С.Балғымбаев кен алаңындағы ілеспе мұнай газын залалсыздандыратын газ дайындау қондырғысында болды. 
Аталған қондырғының жылдық өнімі 20 млн. м3-ты құрайды. Ал, шикізат ретінде бұл өндірістік басқарма кен орындарының ілеспе мұнай газы пайдаланылады. 
– Газ дайындау қондырғысынан алынған тауарлы газ 1666-2007 ҚР СТ талаптарына сәйкес келеді. Сонымен қатар, 2188-2011 ҚР СТ талаптарына сай келетін тұрақты газ конденсаты қосымша өнім ретінде алынады. Тауар­лы газ мұнай-газ өндіру басқармасының өз қажеттеліктеріне қолданылып қана қоймай, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүйесі арқылы Исатай ауданының елді мекендеріне жіберіледі. Ал, тұрақты конденсат мұнайды дайындау және айдау цехына жөнелтіледі, – деді қондырғының жұмысымен таныстырған энергетикамен қамту және газ шаруашылығы жөніндегі басқарушы директор  Бауыржан Сейтқазиев. 
Қондырғыдан тауарлы газды толыққанды алу үшін «Аққыстау поселкесі – Тұщықұдық АГРС»  және  «Газ дайындау қондырғысы – Тұманды поселкесі» газ желілері құрылысының жұмыс жоспары жасақталды. Аталған газ желісі тауарлы газдың барлық көлемін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүйесіне кез келген уақытта таратуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда аталған газ желілерінің құрылысы жүруде, іске асыру мерзімі – 2018 жылдың соңы. 
Барлық технологиялық процесс автоматтандырылған, яғни, оператор басқару пульты арқылы өндірісті онлайн жүйесінен бақылай алады. 
Директорлар кеңесінің мүшелері өндіріс алаңдарын аралап болған соң бас кеңседе жиын өткізіп, өзекті мәселелерді талқылады. 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх