Негізгі құндылық – адам өмірі

Негізгі құндылық – адам өмірі
29.04.2016
608
Еңбекті қорғау

Негізгі құндылық – адам өмірі

«Қаражанбас» компаниялар тобының басты құндылықтары – қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау және олардың алаңсыз еңбек етуі үшін қауіпсіз жағдай жасау болып табылады. Осы жауапты қызметті жүзеге асырумен айналысатын «Қаражанбасмұнай» АҚ Қауіпсіздік және еңбекті қорғау, қоршаған ортаны қорғау және денсаулық қорғау департаментінде 10 адам жұмыс жасайды.

Кен орнында 16 адамнан тұратын еңбекті қорғау бөлімі, 3 эколог қызмет етеді. Барлығы да санитарлық-эпидемиология, экология саласында ұзақ жылғы еңбек өтілі бар, тәжірибелі білікті мамандар. Мамандардың  біліктілігі – Компанияның ұстанып отырған басым бағыттарының бірі. Департамент басшысының міндетін атқарушы Самат Бисенов те Ресейдегі мұнай өндіру кенішінде, облыстық төтенше жағдайлар басқармасы, мемлекеттік техникалық бақылау инспекцияларында сыннан өткен білікті басшы. 
– Компаниямыз осы жылдың 13 қаңтары күні «Қауіпсіздік техникасы және стратегиялық даму» тақырыбында  форум өткізген болатын. Форумға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ  Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқарушы директоры Энтони Винсент Спинелли қатысып, ҚМГ компаниялар тобының корпоративті деңгейінде әлемдік деңгейдегі еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы саласына талдау жасады. Әлемдік есептеу көрсеткіші бойынша ҚМГ тобы орташа 1,6 сатыны иеленген. Соның ішінде «Қаражанбасмұнай» АҚ – 2,1 сатыда тұрғанын айтқан болатын. Соның ізін ала, біздер, бұл жеткен жетістіктерімізбен шектеліп қалмай, «ҚБМ» тобының қауіпсіздік жүйесін 2,1-ден – 3.0. деңгейіне жеткізуді мақсат етіп, 18 наурыз күні  «ҚМГ» ҰК» АҚ-мен Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бойынша Меморандумға қол қойдық. 
Оны жүзеге асыру үшін еңбекті қорғау саласында қолға алынған жұмыстарды жалғастыра отырып, одан әрі жетілдіруді көздейтін 36 тармақтан тұратын, кен орнында пайдалану мүмкіндігі бар іс-шаралардың жоспарын жасақтадық. Олардың арасында жөндеу жұмыстары кезінде оқшаулау әрекеттерін жетілдіруге бағытталған «ЛОТО», мердігерлермен арадағы қауіпсіздік саласының іс-қимылын үйлестіретін «Пирамида», жол қауіпсіздігі ережелері коэффициенті мен жазатайым оқиғалар коэффициенті жүйесін енгізу т.б. шаралар бар. Бұл жұмыстар басталды, 2-тоқсанда жүйелі түрде жүргізетін боламыз. Сондай-ақ ҚМГ «Алтын ережелерін» де кен орнына лайықтап, жетілдіріп пайдаланудамыз, – дейді Самат Сармалайұлы.  
Кен орнында тұрақты әрекеттегі комиссия жұмыс істейді. Комиссия тоқсан сайын әр цехтағы жұмыскерлердің жұмыс орындары мен еңбек жағдайларын тексеріп, қорытындысын Компанияның стратегиялық даму бойынша комиссиясының талқысына ұсынады. «ҚБМ» тобы мен  мердігер компаниялардың қатысуымен де екі аптада бір рет жиналыс өтіп тұрады. Медициналық мердігер компания өкілдері жұмыскерлерді емдеп қана қоймай, олардың арасындағы ең ауыр сырқат түрін анықтаумен айналысып, ұсыныстарымен бөліседі. Қауіпсіздік саласына аса мән беріп, сын-ескертпеден қорытынды шығарған белсенді жұмыскерлерді ынталандыру жүйесі де енгізілген. 
– Қабылданып, іске асырылған іс-шаралардың нәтижесінде биыл төтенше оқиғалар орын алған жоқ. 2015 жылы «ҚБМ» тобында 4 жазатайым оқиға болып, соның бірінде жұмыскер қаза тапқан еді. Тексеру жұмыстары аяқталып, тиісті қорытындысы алынса да, бұл мәселені жүйелік бақылаудан шығармай отырмыз, – дейді департамент басшысының міндетін атқарушы.  
Компанияның тағы бір басты құндылығы – қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау. Бұл бағытта кен орынның экологиялық ахуалына жүйелі түрде мониторинг жасалып, мемлекеттік органдар алдында тұрақты есеп берілуде. Департамент 2016 жылдың 1-тоқсанындағы басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау бойынша эмиссиялар лимитіне қол жеткізді. Жергілікті экология басқармасымен бірге «2016-2025 жылдарға арналған Қаражанбас кен орнындағы тарихи ластанған аумақтарды жою туралы іс-шаралар жоспары («Жол картасы») дайындалып, орындалуы үшін қаржы көздері қарастырылуда. 
Қорыта айтқанда, елі мен отбасының игілігі үшін жұмыс жасайтын әрбір жұмыскер, шаңырағына әркез аман-есен оралатынына нық сенімді болуы қажет. «Қаражанбас» компаниялар тобының  таяу жылдары қол жеткізуге ұмтылатын басты мақсаты да осы.

Сұлтанбек Құдайберген, Ақтау қаласы

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх