Шеберлікті шыңдау сайысы өз мәресіне жетті

Шеберлікті шыңдау сайысы өз мәресіне жетті
28.09.2018
32
Қызметкерлер

Шеберлікті шыңдау сайысы өз мәресіне жетті

Үздік маман – 2018

Қыркүйектің 24-28 күндері Маңғыстау облысы мен Павлодар қаласындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-­ның өндірістік нысандарында «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының қызметкерлері арасында «Үздік маман – 2018» кәсіби шеберлік байқауының ақтық кезеңі өтті. 

Сайыстар ҚМГ еншілес ұйымдарының алты өнеркәсіптік алаңында – «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ (Қаламқас кен орны), «ҚазТрансОйл» АҚ (Ақтау, оқу-курстық комбинаты), «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС (Павлодар), «Oil Services Company» ЖШС (Жетібай кен орны), «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС-де (Ақтау, Маңғыстау технологиялық транспорт басқармасы) ұйымдастырылды. Жалпы, мұндай шаралардың кезегімен әр түрлі компанияларда өтуінің өзі мұнайшылардың өзге кәсіпорындардағы озық әдістерді үйреніп, өзара тәжірибе алмасуына ықпал етеді.
Мұнайшылар арасындағы байқау осы жылы екі кезеңнен тұрып, бұдан да ауқымды және көлемді болды. Бұған дейін еншілес кәсіпорындарда өткен бірінші кезеңге мұнай-газ кешенінің 35 негізгі мамандықтың үш мыңнан астам жұмыскері қатысты.  
Байқаудың ақтық кезеңінде химиялық талдау зертханашысы, тауар операторы, бақылау-өлшеу құралдары және автоматика слесарі, электромонтер, электрогазпісіруші, мұнай және газ өндіру операторы, қабат қысымын сақтау операторы, ұңғымаларды зерттеу операторы, технологиялық жабдыққа қызмет көрсету және жөндеу слесарі, автомобиль краны машинисі, жылжымалы бу  қондырғысының машинисі, автомобиль жүргізушісі, цементтеу агрегатының моторист-машинисі, токарь, ҰЖЖ бригадасы, ҰКЖ бригадасы, технологиялық қондырғылар операторы, технологиялық сораптар машинисі, технологиялық компрессорлар машинисі, мұнайды өңдеу кәсіпорындарының химиялық талдау лаборанты сияқты 20 негізгі және аралас мамандықтың 172 өкілі өз шеберліктерін сынға салды. 
Байқау екі кезеңге бөлінді: теориялық білімдерді тестілеу және практикалық тапсырмаларды орындау. Тест сынағы on-line режимінде электронды түрде өтіп, қатысушылар өз мамандықтарын теориялық тұрғыда қаншалықты меңгергендіктерін көрсетті. Бұл тұста қатысушыларға гаджет пайдалануға тыйым салынғанын атап өткен жөн.  

Практикалық сайыстарды өткізген өндірістік бөлімшелер арнайы жұмыс орындарын, құрылғылар мен құрал-жабдықтарды түгел дайындап, шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Арнайы киім, арнайы жабдық берілді, жұмыскерлер тек нұсқаулықтан өткен соң ғана жіберіліп отырды. Шеберліктерін көрсету сайысы кезінде мамандар  тапсырманы қойылған талап бойынша сапалы әрі шапшаң орындауға тиіс. Әрқайсы сапалы жұмыс нәтижесін көрсетуге тырысып бақты. Әр өндірістік алаңда қайнаған еңбек, қызу сайыс жүріп жатты. Жалпы, жыл сайын өтетін «Үздік маман» сайысы өз мамандығыңның қыр-сырын тереңдете білуге бағыттайтын шара.  
Биыл байқауға тәжірибелі қызметкерлермен қатар үздік жас кәсіпқойлар да қатысты. Олар өздерінің таңдаған ісіне адалдығы және жоғары шеберліктерімен Ұлттық компанияның басты кәсіби алаңдарында өз мекемелерінің намысын қорғауға лайықты екендерін дәлелдей алды. 
ҚМГ кәсіпорындары тобы сарапшыларынан құралған әділқазылар алқасы сайыс шарттарының орындалуын қатаң бақылап, деректерді салыстырып және құжаттарды тексеріп отырды. Конкурстық комиссия практикалық тапсырмаларды орындау сапасы мен теориялық дайындығын бағалап, үздік мамандарды анықтады.  


«Ойл Транспорт Корпорейшн» сервистік компанияның өнеркәсіптік алаңында өткен машинистер байқауын бақылап отырған комиссия мүшесі Серік Құсаевты сөзге тартып көрген едік: «Қазір ОТК аумағында ЦА-320 цементтеу агрегаттарының машинист-мотористерінің сайысы өтіп жатыр. Барлығы бес жұп өзара бақ таластыруда. Бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Барша қатысушылар үлкен ынта-жігер көрсетуде. Біз, комиссия мүшелері, нормалар мен талаптардың орындалуын мұқият қадағалап отырмыз. Ең үздік маман жеңіске жетсін!».
«Үздік маман» сайысы бір шаңырақ астына жинаған ұжымды ұйыстыратын, рухтандыратын шара болды. Жан-жақтан жиналған мұнайшылардың өзара ынтымағы мен бірлігінің артуына септігін тигізді. Байқауға қатысушылар да өз пікірлерімен бөлісті: 


Айжан Хамитова, 
«Ембімұнайгаз» АҚ-ға қарасты «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының химиялық талдау зертханашысы: 

– Жалпы еңбек өтілім 20 жылдан асты. «Үздік маман» сайысының ақтық кезеңіне бірінші мәрте келуім. Бұған дейін өзім еңбек ететін компания ішіндегі турларға қатысып, бірінші орын алдым. Шара өте жақсы ұйымдастырылған, ризамыз. Басқа мекемелерден келген әріптестерімізбен тәжірибе алмастық. Байқаудың теориялық және практикалық тапсырмаларын жақсы орындадым деп ойлаймын. Өзіме өзім сенімдімін. 


Айберген Дәрменбаев, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қарасты бұрғылау жұмыстары басқармасының бу машинасының машинисі. Осы мамандық бойынша бірінші орынды иеленді: 

– Мен 22 жасымда осы мамандықты таңдап, мұнай-газ саласында еңбек етіп келемін. Бұрғылау жұмыстары басқармасына 2012 жылы қабылдандым. Міндетім – бу машинасымен құбырларды жуу, тазалау. Жұмысым өзіме ұнайды, бізде барлық жағдай жасалған, жалақымыз тұрақты. Өз компаниямда алты адамның арасында өткізілген конкурста үздік деп танылып, осында жолдандым. Осы жердегі сайысқа 3 мекеме қатысты, мен бірінші орын алдым. Ұстаздарыма үлкен алғысымды білдіремін. 


Бәйіш Мейіров, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қарасты бұрғылау жұмыстары басқармасының 2-ші автотізбек аға шебері. Өз номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Айберген  Дәрменбаевтың ұстазы: 

– Айберген ақтық кезеңге жолдама алған сәтінен бастап, жан-жақты дайындадым. Теориялық сұрақтардың жауабын бірге іздедік. Практикасын да шыңдап, талай жаттығуларды жасадық. Қауіпсіздік техникасының ережелерін қайталап, тыңғылықты дайындалдық. Айбергенге білгенімізді айтып, бәрін үйретуге тырыстық. Айберген өз ептілігінің арқасында бірінші орынды жеңіп алды. Өз ісінің үздіктері арасында «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» атанды. Бұл біз үшін үлкен жетістік. 


Асылбек Атчибаев, 
«Ембімұнайгаз» АҚ-ға қарасты «Ембімұнайэнерго» басқармасының электромонтері: 

– Мен 2016 жылы «Үздік маман» конкурсына қатысушының көмекшісі ретінде қатысқан едім. Ол кезде сайысқа толық қатыстым деп айтуға келмейді. Ал биыл «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері арасындағы іріктеу кезеңінде 1-ші орынды иеленіп, Ұлттық компания деңгейіндегі сайысқа жолдама алдым. Мамандығым электромонтер. Конкурста шеберлігімді жақсы көрсетуге тырыстым. Теориялық білімімді, тәжірибелік шеберлігімді қолдана отырып, барлығын жақсы тапсырдым. Мен үшін ең бастысы орын алу емес, қатысу, тәжірибе алмасу. 

Конкурска ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадасы номинациясы бойынша қатысып, екінші орынды иеленген «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 2-МГӨБ бригадасының аға операторы Ғабит Имашев, көмекші операторлар Жолдыбай Ибраев пен Марат Камаев және машинист Амангелді Бекежанов: 
– Біз «Өзенмұнайгазда» болған бірінші турда 80 бригада ішінен, екінші турда 14 бригада ішінен топ жарып, бірінші орын алдық. Финалға алғаш рет қатысып отырмыз. Бұл жарыс оңайға түскен жоқ, сынақтар қиын болды. Әр сынақта өз шеберліктерімізді барынша көрсеттік. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы деңгейіндегі байқауға жақсы дайындықпен келдік. Біздің сайысымыз «Жетібай» кен орнында өтті. Ұйымдастыру деңгейі керемет болды, барлық жағдай жасалған. Өз бригадамыз жайлы айтатын болсақ, біздің тобымыз өте ұйымшыл. Осы  ауызбіршілігіміздің арқасында осында келіп отырмыз. Бүгінгі сайыста жақсы көрсеткішке жеттік. 
Ал қыркүйектің 28 күні Ақтау қаласында теңіз жағалауында байқаудың қорытындылары шығарылып, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығының қатысуымен жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Үздік деп танылған қызметкерлерге «Үздік маман» медалі және дипломдар табыс­талды. 
Сондай-ақ, Байқаудың салтанатты жабылуында «Үздік маман – 2018» бейнефильмі көрсетілді. Фильмнен байқауға қатысушылар және әділқазылар мүшелері сайыстың барлық шараларын тамашалай алды.  

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх