Көгілдір отын көмбесі

Көгілдір отын көмбесі
17.09.2018
52
Өндіріс

Көгілдір отын көмбесі

Мерейтой

Қазақ газ өңдеу зауытының іске қосылғанына биыл 45 жыл толып отыр. Оның ойдағыдай қарқынмен жұмыс жасап кетуіне көптеген сала мамандары тер төгіп, өз үлестерін қосқанын біз жақсы білеміз. 1957-61 жылдар аралығы Маңғыстаудағы мұнай мен газ қорын айқындаған уақыт болып есептеледі. Сол шақтардағы Өзен алаңында жүргізіліп, жете тексерілген ізденіс жұмыстары нәтижесінде аймақтағы өндірістік газ көкжиектерінің белгілері анықталды. 1961 жылы Өзенде атқылаған мұнай фонтаны осы жерде республикалық маңызы бар ірі мұнай-газ қоймасы бар екендігін дәлелдеді. 1968 жылдан бастап Жетібай мен Өзен кенорындарынан газды өндіру басталды. Әрі осы кенорындарында алғашқы газлифт әдісімен мұнай өндіру қолданыла бастады. 
1972 жылы Теңге кәсіпшілігінен газ өндіру бас­талып, оны Орта Азия – Орталық газ құбырымен ­тасымалданып, өндірілген газды төменгі температурада тазарту қондырғысы іске қосылды. Жаңаөзеннің жұлдызы жарқыраған осы уақыттарда өлкеге өндірісте мұнаймен бірге ілесіп шығатын газды заласыздандыруға арналған өңдеу зауытының қажеттілігі артты. Коммунистік партияның ХХIV съезінде Маңғыстауда Қазақ газ өңдеу зауытын салуға шешім қабылданды. Зауыттың алғашқы құрылыс жұмыстарының жауапты директоры болып Иван Григорьев тағайындалды. Құрылыстың бірінші кезеңі 1972 жылы басталды. Кеңестік дәуірдегі одақтас республикалардың 100-ден астам кәсіпорындарынан құрал-жабдықтар жеткізілді. Мамандардың көмегімен қысқа мерзімде алып құрылыс аяқталып, 1973 жылы пайдалануға берілді. Оны сол кездегі алпауыт Кеңес Одағының әр қиырынан келген мамандар тұрғызды, бірнеше жобалау институты техникалық құжаттарын дайындады. Зауытты алғаш жұмысқа қосу үшін Грозныйдың мұнай өңдеу, Миннибаевск, Вознесенский газ өңдеу зауыттарынан, Невинномыскийдің химкомбинатынан газ өңдеу және газомотокомпрессорлар пайдалану бойынша мамандар шақырылды. Жыл санап өндіріс орны көркейіп, ондағы еңбек ететін адамдардың әлеуметтік тұрмысының жақсаруына негіз қаланды. 1973 жылы республиканың тұңғыш газ өңдеу зауытының бірінші блогы іске қосылды. 1974 жылдың алғашқы айынан бастап-ақ зауыт өзінің алғашқы өнімдерін Атырау мен Башқұртстан химия комбинаттарына жөнелте бастады. Содан бері қырық бес жылға таяу уақытта миллиондаған текше метр «көгілдір отын» осы кәсіпорында өңделіп, зауыт өнімі жұрт қадесіне жаратылып, халықтың сұранысын қанағаттандырып келеді.
1976 жылы зауыттың екінші бөлігі пайдалануға берілді. 1977 жылы компрессорлық станса мен Франциядан әкелінген №2 тоңазыту бөлімшесі, газды фракциялау қондырғысының 3 блогы (ГФУ-3) іске қосылды. 1979-2004 жылдары аралығында: күкірттен тазарту және этан шығаратын қондырғы, К-890 компрессор стансасы (турбина), КС-80 франциялық компрессор стансасы, АОС (азот-оттегі стансасы), СКДС-70М2 қондырғылары орнатылды. 
«Қазақ газ өңдеу зауыты» 2007 жылдың сәуір айында «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Газ өңдеу басқармасы» болатын, одан соң «Өзенмұнайгаз» АҚ құрамынан шығып, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамына тікелей қарасты «Қазақ газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды. Сол жылы қазан айында «Газ өндіру және тасымалдау басқармасымен» (ГӨТБ) біріктірілді.
Қазақ газ өңдеу зауыты – Қарамандыбас газ кенорны, Батыс Теңге, Тасболат, Ақтас, Оңтүстік Жетібай, оның ішінде Өзен–Жетібай, Газ алаңдарындағы газ конденсатын өңдеу мен табиғи және мұнай газын дамытуды іске асырудағы бірден-бір айрықша өндіріс орны. Қазіргі таңда зауытта мыңға жуық қызметкер жұмыс жасайды. Құрамында 15 цех, 18 бөлім-топтар бар. Мекеме белгіленген жылдық жос­парды орындап келеді. Зауыт жыл өткен сайын өркендеп, өсуде. Зауыттың газ өңдеу қуаттылығы жылына 1,5 млрд. текше метр газ өңдеуге есептеліп салынған. Дей тұрғанмен, газ кенорындарынан газдың келуі соңғы 15-20 жылда азаюына байланысты зауыт 42-47% қуатымен жұмыс жасап тұр. Кіріспе газдың көлемін көбейту бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде. 
Бүгінгі таңда еліміздің экономикалық даму саясатының басты арнасы отандық өндірісті күшейту, өндіруші сектормен қатар өндеуші өнеркәсіпті жаңаша құруға, барлық салада инновациялық ізденістерге батыл бетбұрыс танытып отыр. Ел экономикасын дамытып, халық игілігі үшін еңбек етіп жатқан серіктестік жұмыс қарқынын үнемі арттыруда. Қолда барды шыңдай білумен қатар зауытты заманауи жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықтау бағытындағы мәселелер оң шешімін табуда. 
Ірге тасы қаланғанына 45 жыл толған зауыт ұжымы биыл мерейлі мерекені кең көлемде атап өтпек. Зауыттың 45 жылдығына орай түрлі мерекелік шаралар, концерттік бағдарламалар мен бірнеше спорт түрлерінен ашық турнир, қызметкерлер арасында әр түрлі сайыстар ұйымдастырылуда. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх