Құрманғазы Есқазиев: Инвесторлар тиімді шешім қабылдайды деп үміттенеміз

Құрманғазы Есқазиев: Инвесторлар тиімді шешім қабылдайды деп үміттенеміз
17.09.2018
76
Экономика

Құрманғазы Есқазиев: Инвесторлар тиімді шешім қабылдайды деп үміттенеміз

Сарапшылар қауымдастығы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ артықшылықты акцияларының ұстаушыларына қайта сатып алу туралы ұсынысты қабылдауға кеңес берді. Олардың пайымдауынша, бір акцияның құны әділ бағаланған. Ал акционерлер құнды қағаздарын сатуға дайын ба? Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев айтып берді. 
– Құрманғазы Орынғазыұлы, өзіңіз акционерлермен кездестіңіз бе? Артықшылықты акцияларды қайта сатып алу туралы жаңалықты олар қалай қабылдады?
– 2017 жылдың желтоқсанында жай акциялар мен жаһандық депозитарлық қолхаттарды (ЖДҚ) сатып алу туралы шешім қабылданды. Бірақ компания алдағы уақытта артықшылықты акцияларды да қайта сатып алу мүмкіндігін де жоққа шығармады. Сол себепті бұл акционерлер үшін де, жалпы Қазақстанның инвестициялық қауымдастығы үшін де күтпеген жаңалық болды деп ойламаймыз. 
Жуырда біз Атырауда «Ембімұнайгаз» АҚ кеңсесінде және Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» АҚ-да артықшылықты акциялардың ұстаушыларымен кездесулер өткіздік. Акционерлер көп жиналды. Олар біраз сұрақ қойды, біз барынша нақты жауап беруге тырыстық. Акционерлердің барлық тілек-ұсыныстарын тыңдадық. Акционерлердің басым бөлігі біздің бұрынғы немесе қазір жұмыс жасап жатқан қызметкерлер екендігі баршаға белгілі. Меніңше, кездесулер нәтижелі болды. Конструктивті диалог түрінде өтті.
Бір өкініштісі, жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында ҚМГ БӨ артықшылықты акцияларын сатып алу бағдарламасы жөнінде түрлі жарияланымдар шығып, акционерлер арасында түсініспеушілік тудырды. Барлық шешімдер қатаң түрде заңнамалық нормалар аясында қабылданатынын баса айтқым келеді. Инвесторлар осы жағдайда олардың ешбір құқығының шектелмегендігін түсініп, дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенеміз. 
– Сіз айтып отырған бұқаралық ақпарат құралдары компания жаһандық депозитарлық қолхат, жай акция және артықшылықты акцияға ұсынған бағаларды салыстырған болатын. 
– Жай және артықшылықты акциялар – бұл түрлі санаттағы акциялар. Олардың құқықтары мен шарттары екі бөлек. Әдетте, олардың баға диапазоны да бірдей емес. Бағаны қалыптасқан өтімділік пен тәуекел деңгейі негізінде нарық өзі белгілейді. Артықшылықты акциялардың компанияның жарғысында көзделген белгілі бір кірісі бар. Бұл жағдай да нарық бағасына әсер етеді. 
Акцияның баланс құны таза бухгалтерлік шама екендігін атап өткен жөн. Бағалы қағаздың нақты құны – бұл оның биржадағы нарық бағасы. Ол баланс құнынан жоғары да, төмен де болуы мүмкін. Егер биржада акцияның бағасы 10 292 теңгені (сатып алуды жариялағанға дейінгі соңғы 30 күн ішіндегі орташа баға) құрайтын болса, демек бұл барлық инвесторлардың оның құнын нақты бағалауы. Бұған дейін артықшылықты акциялар сатылымға бұл сомадан қымбат та, арзан да шығарылғанын баса айтқым келеді. Бұл көптеген факторларға, соның ішінде нарық конъюктурасы мен мұнай бағасына байланыс­ты. Тиісінше, мұнай бағасы жоғары болған кезде ҚМГ БӨ-нің артықшылықты және жай акциялары анағұрлым жоғары бағамен сатылды. Нарықтағы бағаның белгіленуі бұл акционер тиісті құралға инвестиция салған кезінде өзіне қабылдайтын тәуекел болып табылады. Ал компания қазіргі сәттегі жағдай бойынша нарық бағасына 24,4% көлемінде сыйақы ұсынып отыр. Тендерлік ұсыныс 12 800 теңге сомасымен жарияланғандықтан, нарық бағасы осы деңгейге жетті. Өйткені, осы баға бойынша үлкен көлемге сатып алушы табылды. Компания өзінің қайта сатып алу ұсынысымен артықшылықты акция­лар ұстаушыларына тиімді бағамен шығуға мүмкіндік беріп отыр. 
Сондықтан төмен баға жөніндегі мәлімдемелерді негізсіз деп санаймыз. Өйткені, жай акциялар мен ЖДҚ сатып алынған кезде нарық бағасына қандай сыйақы ұсынылса, тура сондай сыйақы артықшылықты акцияларға берілуде. Мұндай мәлімдемелер компанияға қысым көрсетудің құралына айналады. Тағы бір атап өткім келетіні, компания артықшылықты немесе жай акциялардың иелері болсын, барлық санаттағы инвесторлардың мүдделері үшін әрекет етеді. Біз корпоративтік басқару принципін дәл осылай түсінеміз. Сол себепті компания ЖДҚ мен жай акцияларды, сондай-ақ артықшылықты акцияларды сатып алған кезде нарық бағасына бірыңғай сыйақыны қолдануға тырысты. Ендігі жерде артықшылықты акционерлерден акцияны бұдан да жоғары сыйақымен сатып алу әділдік пен компания алдындағы барлық акционерлердің теңдігі принципін бұзатын еді. Жай акциялар мен ЖДҚ ұстаушыларының наразылығын тудыруы мүмкін. 
– Кезінде акцияларды жоғары бағамен сатып алған, енді арзан бағамен сатуға мәжбүр болып отырған акционерлер бар ма? 
– Нарықта артықшылықты акциялардың құны жай акциялардың деңгейіне дейін өседі деген үмітпен артықшылықты акцияларға инвестициялауда алып-сатарлық стратегиялардың бар екендігі ешкімге жасырын емес. Дей тұра, олардың барлығы табысты бола бермейді. Акцияның тиісті дивидендтік кірісіне және нарықтық құнының негізгі өсіміне сүйенетін қарапайым инвестор үшін, әсіресе ол кезінде артықшылықты акцияларды тегін алған қызметкер болса, бұның еш мәні жоқ. Ал кәсіби инвесторлар туралы айтар болсақ – олар әрдайым тәуекелге баратынын жақсы түсінеді. 
– Акциялардың бөлшектенуі бола ма? 
– Аталған мәселе компания акционерлерінің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасы жай акциялардың ұстаушыларына – акционерлерге қосымша эмиссия немесе бөлшектеу жолымен жай акциялардың санын көбейту бойынша шешім қабылдау кезінде ешқандай шектеу қоймайды және артықшылықты акцияларға қатысты осындай іс-әрекеттерді қажет етпейді. Мұндай шешім белгіленген тәртіппен қабылданған жағдайда ол заңды деп есептеледі. 
– Құрманғазы Орынғазыұлы, компанияның өткен жылға дивиденд төлемеу туралы шешімі де акционерлер арасында сұрақ тудырады…
– 2017 жылға дивиденд төлемеу туралы шешім жай акцияларға қатысты ғана акционерлердің көпшілік дауысымен қабылданды. Бұның бәрі заңнамада қарастырылған. Акционерлер заңнамада немесе компанияның жарғысында қарастырылған кез келген шешімді қабылдай алатынын бәріміз білеміз. Оған ешкім шектеу қоя алмайды. 
Акционерлердің жылдық жалпы жиналысында артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерге байланысты шешім қабылданған жоқ. Артықшылықты акциялардың ұстаушылары дивидендтерді заңнама, жарғының және акциялар эмиссиясы проспектісінің шарттары негізінде алады. Сондай-ақ, олардың акцияға тиесілі ең төмен кепілдікті кірісті алуға құқықтары бар. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх