Ұжымым – мақтанышым!

Ұжымым – мақтанышым!
29.08.2018
45
Қызметкерлер

Ұжымым – мақтанышым!

Мамандық – жәй күнелту, ақша табу емес. Әр адам өз мамандығынан рухани күш алып, енбектін рахатын көреді. Менің таңдаған мамандығым – мұнайшы. Бұл мамандықты әке жолын қуып таңдадым. Әкем қырық бес жыл өмірін мұнай өндіру саласына арнап, он бір бала тәрбиелеп өсірді.
1985 жылдан бастап еңбекке араластым. Өндірістен мол тәжірибе жинақтап, 1992 жылы Алматы қаласында Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ политехникалық институтын бітіріп, геолог мамандығымен жұмыс жасадым.
Еңбек жолымда көптеген білікті мамандармен кездестім, білімімді ұштадым, ұрпақ тәрбиеледім. Осы мамандығымның жемісін жедім, көптеген марапаттарға ие болдым. Астанада өткен «ЕХРО 2017» көрмесіне бардық. Қазіргі өндіріс жағдайымен салыстырсам, технология әлдеқайда алға дамығанын көремін. Өндірістегі жас буын мамандарға қарап, еліміздің жарқын болашағын көріп қуанып отырамын.
Қолым бос уакытта кітап оқып, ойымнан туындаған өлеңдерді қағаз бетіне түсіремін, тігін тігуді, тоқыма тоқуды ұнатамын. Ас дайындау – менің сүйікті кәсібім. 
Киелі мекен Шығыс Мақат кен алаңының мұнай өндіргеніне – жиырма бес жыл. Еліміздің экономикасын көтеруде өзіндік үлесі мол деп білемін. Шығыс Мақат кен алаңының топырағын басып жүрген әрбір мұнайшының осы салаға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Қыстың сықырлаған сары аязы, жаздың ауыз кептірер аптап ыстығы ауызбірлігі жарасқан бұл ұжымға мұнай өндіруде ешқандай кедергісін келтірмейтіндей.

ШЫҒЫС МАҚАТ МҰНАЙШЫЛАРЫНА 
Шығыстан шықты күн арайланып,
Төгіліп шапағатын жерге жайып.
Аттанды мұнайшылар таң сәріден,
Нәсібесі мол шығысты бетке алып.

Әр кеннің байлығы да болар бөлек,
Тәжірибелі маман ғана оны игермек.
Басын изеп теңселмелер қарсы алар,
«Келдің бе, жанұяң аман ба?» деп!

Жолыңда желеп-жебеп Ошақ Ата,
Тілейді ұрпағына ақ тілеуін.
Алланың табаныңа берген күші,
Майланған топырағың мамық мақта.

Күлкісі сыңғырлаған қыз-келіншек,
Өндіріске сән берер орны ерекше.
Болашақ ұрпақтарға өмір сыйлап,
Тәрбиелеп өсірген зор келешек.

Қызығы мен шаттығы мол өмірде,
Ер азамат, орның сенің әркез төрде.
Мұнайың сарқылмасын, мұнайшылар,
Әріптестер, құтты болсын төл мереке!       

Алмагүл НҰРЖАНОВА, 
«Ембімұнайгаз» АҚ Шығыс Мақат 
кен орны зерттеу цехының шебері

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх