Спорт додасы кен алаңының мерейтойына арналды

Спорт додасы кен алаңының мерейтойына арналды
29.08.2018
77
Қызметкерлер

Спорт додасы кен алаңының мерейтойына арналды

Үстіміздегі жылдың 16-17 тамыз күндері «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Қазақстан Республикасы мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі мен «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты С.Балғымбаев кен алаңының 50 жылдығына орай спорттың бірқатар түрінен жарыстар өтті. 
Мерекелер қарсаңындағы жарыстар шағын футбол турнирімен басталды. Жарыстың ашылу салтанатына ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков қатысып, командаларға сәттілік тіледі. 


–Тарихы тереңде жатқан компаниямыз үшін мұнайшыларды өндіріс қауіпсіздігімен қамтамасыз етумен қатар олардың денсаулықтары мен өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай жасау басты басымдық саналады. Барлық жұмысшыларымыз отбасы мүшелерімен бірге медициналық сақтандырумен қамтамасыз етіліп, барлық кен алаңдары базаларында спортпен шұғылдануға толық жағдай жасалған. Сондықтан да атаулы мерекелерге орай ұйымдастырылатын шараларды спорттық жарыстардан бастауды ұйғардық, – деді Ә.Жақсыбеков. 
Доп додасына компанияға қарасты өндірістік құрылымдық бөлімшелер мен басқару аппаратынан барлығы 8 команда қатысып, 70-ке жуық қызметкердің басын қосты. 


Екі күнге созылған байрақты бәсекенің ақтық кездесуінде орталық басқару аппаратының командасы «Қайнармұнайғаз» МГӨБ командасынан басым түсіп, турнир жеңімпазы атанды. Ал, қайнарлықтар күміс жүлдегер атанды. Жүлделі үшінші орынды «EMG-EP Catering» командасы иеленді. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубок, медальдар табыс етілді. Сонымен қатар турнир соңында үздік ойын көрсеткен ойыншылар номинациялар бойынша марапатталды: Серік Бисекенов («Доссормұнайгаз» МГӨБ командасы) «Үздік қақпашы»; Ерназар Табылдиев («EMG-EP Catering» командасы) «Үздік шабуылшы»; Батырбек Жүнісов («ӨТҚжЖК» командасы) «Үздік жартылай қорғаушы»; Нұрбек Ишанов (Орталық басқару аппараты командасы) «Үздік қорғаушы»; Айгүл Какимова («Жылыоймұнайгаз» МГӨБ) «Үздік бапкер» атанды. 


Сондай-ақ, жоғарыда аталған мерекелерге орай 17 тамыз күні «Инфинити» бильярд клубында шар додасы ұйымдастырылып, 16 қызметкер жарыс жолына шықты.
Ойын екі жеңіске дейінгі екі пирамида жүйесі бойынша өтті. Жарыс қорытындысымен орталық басқару аппараты командасынан Жолдас Ильясов жеңіске жетті. Ал, аталған команданың мүшесі Талғат Әбілов екінші орын, Нұрқуат Наурызғалиев («Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау» командасы) үшінші орынды жеңіп алды. Жекелеген номинациялар бойынша Амантай Дүйсеғалиев «Ең ересек ойыншы», Бауыржан Ерекешов «Жеңіске деген жігері үшін», Қадыр Әбуов «Ең жылдам ойыны үшін» аталымдары бойынша марапатталды. 


Спорттық ойындарды дәстүрлі «Алтын ұя» отбасылық эстафеталық жарысы қорытындылады. Бұл жарысқа компанияға қарасты басқармаларда еңбек ететін мұнайшылар қатысып, өз жанұяларымен бірге 10 эстафеталық жарыс бойынша бақ сынады. 


Дода қорытындысында «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының намысын қорғаған Салимовтар отбасы жеңіске жетті. Ал, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан Есқазиевтер жанұясы екінші орынды иеленсе, орталық басқару аппаратының бухгалтері Мақсот Сүйесіновтің отбасына үшінші орын бұйырды. Жеңімпаз бен жүлдегер командалар диплом, кубок, медальдармен марапатталды. Бұған қоса, барлық қатысушы отбасылардың балаларына ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх