Қаражанбас құрметтісі

Қаражанбас құрметтісі
29.08.2018
47
Қызметкерлер

Қаражанбас құрметтісі

Жаңабай Жазықбайұлы қабат қысымын ұстау цехының шебері. Отыз бес жылдан бері өндіріс жұмысының ілгерілеуіне өз үлесін қосып жүрген оның тәжірибесі көпке үлгі.   

1983 жылы 20 жасында «Союзтермнефть» мекемесінің есігін айқара ашқан Жаңабай Жазықбайұлы №1 мұнай өндіру цехында оператор болып еңбек жолын бастайды. Сол уақыттары «Қаражанбасмұнай» АҚ-на Ләззат Қиынов  басшылық ететін. Әскерден келген жігіт Жаңабайды жұмысқа қабылдап, бірден бұйрық шығарды. Сексенінші жылдары Қаражанбас жұмысшылары арасында қазақ жігіттерінің қатары өте аз болатын.  
Жаңабай Жазықбайұлы жұмысқа орналасқан соң оны бірден №1 МӨЦ-те оператор етіп бекітті. Алғаш рет өндіріске келген балаң жігіт тапсырманы дер кезінде орындап, ұқыптылықпен іске асыра білді. Білімге деген құштарлығы оны кәсіби маман ретінде жыл өткен сайын шыңдай түскені рас. 1983 жылдан №1 МӨЦ-те табан аудармастан 2004 жылға дейін жұмыс істеген ол қабат қысымын ұстау цехына ауысып, оператор болып жемісті еңбек етті. Араға жыл салып, шебер болды. 
Жәкеңнің айтуынша, отыз бес жыл бұрынғы Қаражанбастың тынысы басқаша еді. Құла дүздегі өндіріс ошағының көлемі кішкентай, еңбек күші де санаулы болатын. Қазіргідей дамыған технологияны ол кезде елестету мүмкін емес еді. Алайда, соған қарамастан табанды еңбек еткен жұмысшылар Қаражанбастың ілгері қарай қарыштап дамуына жұмыла үлес қосты. 
Отыз бес жыл ішінде Қаражанбас түрленіп, небір қиын кезеңдерді артқа тастап, еліміздегі іргелі мұнай өндіру компаниялардың қатарына қосылды. Бүгінде қабат қысымын ұстау цехының топтық сорап қондырғысының шебері Жаңабай Жазықбайұлы 55 қабылдаушы және 60 су айдайтын ұңғы арқылы күніне 57 мың текше метр суды жер астына жіберіп отыр. Өзімен бірге жұмыс істейтін 8 машинист, 6 слесарь игілікті істі ұқыптылықпен атқаруда. Жалпы, қабат қысымын ұстау цехында екі ауысым бойынша 122 адам еңбек етеді. Цехқа тиесілі 21 сорап болса, соның 14-і тұрақты жұмыс істеп тұр.  
Кейіпкерімізбен қатар жұмысқа орналасқан мұнайшылардың дені зейнет демалысына шығып үлгерді. Дегенмен, сонау компания іргетасы қаланған жылдардан қатар істеп келе жатқан Болат Исекенов, Дауылбай Қоблашев, Кәрім Бозахаров, Бекжан Ишекенов, Ақмұрат Шамиев сынды азаматтардың орны ерекше. Кеше ғана қол жеткізген 50 миллион тонна мұнай өндіруге осы аталған жандардың сіңірген еңбегі орасан. Осындай қанаттас еңбек еткен жолдастары туралы Жаңабай мақтанышпен айтады. 
Жәкең 1986 жылы отау құрып, үй болды. Сол жылы еңбекте ерекшеленгендерге мекеме баспана үлестірген. Мұндай қуаныш оған да бұйырды. Бүгінде үш ұл, бір қыз өсірген Жәкең құдай қосқан қосағы екеуі немере сүйген ата мен әжеге айналған. Немерелерінің алды мектепке баратын жасқа жетіп қалды. Үлкен ұлы әке жолын таңдап, бүгінде мұнайшы болып қастерлі мамандықтан нәсібін тауып жүр. 
Ұзақ жылғы ерен еңбектің жемісін көріп отырған Жаңабай Жазықбайұлы марапаттан да кенде қалған емес. Қаражанбастың даму кезеңіне куә болып келе жатқан ол компанияның іргелі ұжым ретінде мұнай саласында ұзақ жасайтындығына бек сенімді. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх