Бу өндіру цехының білікті маманы

Бу өндіру цехының білікті маманы
28.08.2018
42
Қызметкерлер

Бу өндіру цехының білікті маманы

Ұзақ жылдар бойы Қаражанбас кенішінің дамуы жолында қажырлы еңбек етіп келе жатқан жұмысшылар қатары өте көп. Солардың ішінде отыз жылдан астам уақыт бойы мұнай өндіру жұмыстарына елеулі үлес қосқан ардақты мұнайшылар да жеткілікті. Осындай азаматтардың бірі «Қаражанбасмұнай» АҚ-да 33 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Бу өндіру цехының жөндеуші слесарі Амантай Әбіш. Амантай Аралбайұлы Әбіш Қаражанбас кен орнында 1985 жылдан бері жұмыс істейді. Отыз үш жылда ол компанияның талай белесті бағындырғанына куә болды. Соған орай өз үлесін қосып, жауапты кезеңдерді бастан өткерген мұнайшы. 
Амантай Аралбайұлы Маңғыстау ауданына қарасты Тұщықұдық аулында 1957 жылы дүниеге келді. Әкесі Аралбай мұғалімдік жұмысына байланысты Шайыр, Жыңғылды ауылдарында бірнеше жыл бойы еңбек еткен педагогика саласының майталманы. Амантай жетіге толған жылы олар жаңадан құрылған Ералиев елді мекеніне қоныс аударып,  сол жақтан өсіп-өніп, мектеп бітірді. 
Бүгінде білікті маман саналатын ол бозбала шағында ұшқыш болуды армандаған. Жатса-тұрса ойынан бір шықпаған асыл арманы оны Ақтөбедегі авиация мамандарын даярлайтын училищеге жетелеп апарды. Талапкер Амантай жоғары дәрежедегі медициналық тексерістен өтіп, Орынбордағы Бугуруслан қаласындағы училищеге жолдама алады. Алайда сол жолы оқуға тапсырған еңбек өтілі барлар мен әскерден келгендерге жеңілдік беріліп, мектеп бітірген балаң жігіт кері қайтады. Ералиевте бір жыл құрылыста жұмыс істеп, келесі жылы қайта талаптанады. Алайда сынақтан сүрінбей өткеніне қарамастан денсаулығынан кінәрат табылып, басқа мамандыққа ауысуына тура келді. Сөйтіп, Ригадағы авиадиспетчер дайындайтын және Бішкектегі ұшақтар мен авиадвигательдерді пайдалану училищесіне бару туралы таңдау тұрды. Амантай Аралбайұлы Бішкекті таңдап, 1975 жылы оқуға қабылданады. Ол оқу бітірген жылдары Маңғыстау облысында мұнай өндірісі қарқын алған тұс болатын. Аймақта авиаотряд ашылғанда бірден жолдамамен туған жерге оралды. 1977 жылы төрт адамның бірі болып Ан-2 ұшағының болашақ технигі ретінде практикадан өтті. УТР-ден практикада бір жыл бойы сыналып, нәтижесінде емтиханнан сүрінбей өтті. Осылайша, АН-2 ұшағының технигі болуға жолдама алды. Жұмыс тобымен бірге АН-2 ұшағында үш жыл бойы техник болып еңбек етті. 
1981 жылы оның авиация саласында алған жарақаты бұл жұмысты одан әрі жалғастыруына мүмкіндік бермеді. Ал 1985 жылы Қаражанбас кен орнына авиация технигі мұнайшы болып жұмысқа келеді. Жер қабатына қысыммен әсер ететін компрессор станциясында Амантай Әбіш краснодарлықтармен бірге білек сыбана сегіз жылға жуық жұмыс істеді. Ол кезде көпшілік білікті мамандар Краснодар қаласынан қатынайтыны көпшілікке белгілі. 
«1981 жылы үйленіп, 5 қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірдім. Қаражанбасқа келген бойда пәтер кезегіне тұрып, 1991 жылы ерен еңбегімен Ақтау қаласынан 5 бөлмелі пәтер алдым. Расында біз өндіріске келген уақыт нағыз сындарлы кезең болатын. Мұнай өндірісінде түрлі сынақтар өтті. Пайдаланылған жабдықтардың көбі тиімсіз болып, араға уақыт өтпестен жаңа технология алмастырылды», – дейді ол өткен кезеңдерді еске алып. 
Амантай Аралбайұлы бүгінде әлеуметтік ахуалдың көші ілгерілеп, жұмысшыларға оң жағдайдың жасалғандығын қуанышпен атайды. «Менімен қатар жұмысқа келген жігіттердің көбі зейнет демалысына шығып үлгерді. Қарап отырсам, 33 жылға жуық өндірістегі өмір түрлі қызықтарымен есте қалды. Әлі де зейнет жасына дейін компания дамуына өз үлесімді қосып, маңдай терімді төгемін деген ойдамын», – дейді майталман маман. 
«Жақында Компания өз тарихында елуінші миллион тонна мұнайын өндіріп, тарихи кезеңге аяқ басты. Бұл жетістік әр жұмысшының кеудесінде мақтаныш сезімін ұялатады.
Әріптестерім білікті мамандар. Қатарымызда бес жөндеуші слесарь, бір темір жонушы, бір огнеупорщик. Бу өндіру цехында жемісті еңбек етіп жатырмыз», – дейді әңгімеміздің кейіпкері. 
Компания болашағына үкілі үмітпен қарайтын Амантай Аралбайұлы мұнай өндірісінде «Қаражанбасмұнай» АҚ биік белестерді бағындыратындығына сенеді. Компания осындай білікті мамандарымен қуатты. 


 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх