Мамандығым – мақтанышым!

Мамандығым – мақтанышым!
28.08.2018
68
Қызметкерлер

Мамандығым – мақтанышым!

Қасиет тұнған мұнайлы мекен Мақат топырағында дүниеге келіп, Қазақстан болашағы үшін мұнайшы болып қызмет етіп келе жатқаным – мен үшін асқан бақыт!
Өзім мақтан ететін мұнайшы мамандығын игеріп, абыройлы еңбек етіп келе жатқаныма 33 жылдан асыпты. Кәсіби білімімді ауыр да қызықты мамандығымды атқару жолында толығымен іске асыруға тырысып келемін. Мен өз мамандығым бойынша қызметімді жауапкершілікпен және үлкен сүйіспеншілікпен атқарамын.
Доссор мұнай кен орны Атырау облысының Мақат ауданында орналасқан. 1911 жылдың 29 сәуір күні №3 ұңғымадан 250 метр тереңдіктен юра қабатынан мұнай фонтаны атқылаған. Қазақ мұнайының қара шаңырағы  саналатын Доссор мұнайы ғасырдан аса уақыттан бері  игеріліп келе жатыр. Қазақстанда ашылған ең алғашқы өндірістік маңызы бар мұнай кені. «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының жетістіктері мен марапаттары жүздеген мұнайшылар мен жер қойнауын игерушілердің қажырлы еңбегінен тұрады. Мұнай кәсіпшілігінің дамуымен бірге кен орындарды игеру жүйесі де уақыт талабымен қатар үздіксіз жетілдіріліп келеді. 
Басқарма басшысы Амангелді Сүлейменовтің білікті басшылығының арқасында мекеме жоғары көрсеткіштерге, жақсы жетістіктерге ие болып отыр. «Доссормұнайгаз» өндірістік басқармасына қарасты 4 мұнай өндіру цехы, 2 мұнай дайындау цехы, 1 жерасты құрал жабдықтарын жөндеу цехы, 1 арнаулы көлік керуені цехы бар. Мол өнім беріп тұрған негізгі 2 кен алаңы Ботақан, Шығыс Мақат кен алаңдарына ұңғыларды интеллектуалды басқару жүйесі енгізілген.  
Шығыс Мақат кен орнынан өндірілетін «қара алтынның» құрамында күкірт аз және технологиялық құрамы жоғары. Мұнай сапасын зертханашылар үнемі тексеріп отырады. Кен орында мұнай өндірудің жаңа технологиялары – бұрандалы сораптар жұмыс істейді. Мұнайды дайындау және тасымалдау цехының қуаттылығы айтарлықтай күшті. Бүгінде мұнаймен бірге келетін ілеспе газды өндіру арқылы цех көгілдір отынмен бүкіл өндірісті және жақын маңдағы елді-мекендерді қамтамасыз етіп отыр.
Тағы бір ауыз толтырып айтатын шара, Ақтөбе трассасынан Шығыс Мақат мұнай өндіру цехына дейін 12 шақырым жолға асфальт салынды. 2015 жылы Шығыс Мақат кен алаңында 40 көлікке арналған арнаулы көлік керуені гаражы іске қосылды. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру – қазіргі заман талабы. Заманауи шешімдер логистиканың барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға жағдай жасауда. Заманауи технологияларды көлік саласында да пайдалану аса маңызды. Бұл барлық арнаулы көлік керуені мәселесін шешуге мүмкіндік береді. 
«Ембімұнайгаз» АҚ-ның еңбек қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздігі саласындағы түпкі мақсаты - компанияның кен орындарында толық қауіпсіз өндіріс құру болып табылады. Осы мақсатты ұстанған «Доссормұнайгаз» өндірістік басқармасы қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. «Ұңғымаларды жерасты жөндеу үздік бригадасы»; «Еңбекті қорғау өнеркәсіп және өрт қауіпсіздігі бойынша үздік құжат жүргізу»; «Үздік жұмыс орны»; «Үздік арнайы техника жүргізушісі»; «Өндіріс нысандарындағы үздік жатақхана», «Жылдың ең үздік қауіпсіз кәсіпорыны» болып танылды. Мұнайшыларымыз ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.
«Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы жұмысының аса маңызды және ажырамас бөлігі – әлеуметтік сала. Бізге қызметкерлеріміз бен  олардың отбасыларының, қызметімізді жүзеге асырып жатқан кенттер тұрғындарының еңбек және өмір сүру жағдайын жақсарту үшін үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. 
Жұмысшылардың жағдайы мен әл-ауқатын көтеру мақсатында кен алаңдарында заман талабына сай жатақхана мен асханалар бар. Басқарма қызметкерлері мен жұмысшыларына сапалы медициналық қызмет көрсетілуі үшін барлық жағдай жасалған. «Медикер» ЖШС дәрігерлеріне жұмысшылар денсаулықтарын тексеруден өткізуге типтік вагондар орнатылып, медициналық пункттер жұмыс жасауда.  
Балалар үшін жазғы демалыстың орны қандай ерекше екені баршамызға мәлім. Оны пайдалы әрі қызықты етіп өткізу мақсатында жазғы балалар демалыс орындарының жұмысы жолға қойылған. Балалардың жазғы демалыс орындары әртүрлі болғанымен, олардың мақсаты мен міндеті бірдей: балаларды тынықтыру, қызықтыру, денсаулығын нығайту, білімін кеңейту, тәрбиелеу. Ол үшін басқарма барлық жағдайды ұйымдастырып отыр.  
Қарт кісіні құт-береке деп танысақ,  ол – ұрпақ көрегендігі. Басқарма мекеме зейнеткерлеріне, қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан-жақты жағдай жасауда. 
Бұдан бөлек, басқармада қызметкерлердің өнері, бойындағы тума таланты мен қабілетін ашуға жол беретін байқаулар мен спорт шаралары тұрақты әрі жиі өткізіліп тұрады. Осындай көптің игілігі үшін жасалып жатқан іс-шараларға азды-көпті үлес қосып отырғаныма қуанамын. 
Мен ұжымымен мақтанамын! Қамбадағы «қара алтынымыз» сарқылмай, қазынамыз лайым ел игілігіне бұйырсын!

Жанат АРЫСТАНОВА, 
«Доссормұнайгаз» МГӨБ
Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің маманы

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх