Майталман мұнайшы – Мадхат

Майталман мұнайшы – Мадхат
28.08.2018
84
Қызметкерлер

Майталман мұнайшы – Мадхат

С.Балғымбаев кен алаңының 50 жылдығына орай

 

Биыл – Еділ мен Жайық өзені аралығындағы көмірсутегі кәсіпшілігінің мұнайшылары үшін үлкен мереке. Исатай ауданының аумағындағы іргелі ұжымның бірі саналатын «Жайықмұнайгаз» басқармасына қарасты С.Балғымбаев кен алаңына 50 жыл толып отыр. Бұл – жайықмұнайгаздық мұнайшылар үшін маңызды оқиға, олардың жүріп өткен өмір соқпақтарының үлкен бір бетшесі. Аға буынға Мартыши атауымен танылған, бүгінде С.Балғымбаев атындағы кеніште қаншама жұмысшылардың ұрпақтары алмасты. Сол кезеңдердің куәсі ардагер-мұнайшылардың естелігін тыңдай отырып, олардың жүріп өткен сан соқпақ жолдарын еске алғанды жөн санадық. 
Мадхат Нұрмұханов 1969 жылы Қазақ политехникалық институтын бітіре сала, жолдамамен Байшонас мұнай кәсіпшілігіне жұмысқа келеді. Кәсіпшіліктің сол кездегі басшысы Қуаныш Құдабаев пен бас инженер Виктор Балдуев жас жігітті жылы қабылдады. «Сәлем – сөздің атасы» дегендей, алдарында отырған қараторы жас жігіттің жылы ұшырай амандасқанынан, ешкімді жатырқамайтын көпшіл, ақкөңіл мінезінен көп нәрсені ұқты ма, әлде жанарындағы «көрсем, білсем» деген отты байқады ма, әйтеуір екі басшы ақылдаса келе, жас жігітті қос өзен аралығындағы жаңадан ашылып жатқан жаңа кәсіпшілікке жұмысқа жіберуді ұйғарысады. Ал, жас жігіт болса, алғашқы еңбек жолын кәсіпшілікте бастаудың қаншалықты үлкен жауапкершілік екенін дұрыс түсіне білді. Бірден қабылдады. 
Кіндіктен жалғыз Мадхат алдағы жоспары туралы анасымен ақылдасып отыруды әдетіне айналдырған, бұл жолы да ең жақын адамымен «жаңаны көрсем, үйренсем» деген ойымен бөлісті. Анасы көзіне жас алып баласына батасын берді. «Орналасқан соң, анамды қасыма аламын» деген ішкі ойымен Мадхат жолға дайындалды. Бөтен орта, жаңа кәсіп. Алайда, ешкім мұны жатсынбады. Мартыши кен алаңының участок бастығы Зиядин Айдыналиев, оның көмекшісі Рысқали Қалмұханов, шебер Сайын Сатпаев, оператор Мәлік Сағытжанов – өндіріске жұмысқа келген Мадхатты мұнайшылық кәсіптің қыр-сырына баулыған алғашқы ұстаздары. 


Сол кездегі өндірістің қиындықтарын ардагер-мұнайшылар әлі күнге дейін еске алып отырады.
– Әрине, ең алдымен өндірісшілік жолдың мүлдем жоқтығы. Соның ішінде Мартыши жерінің топырағы өзге кеніштерге қарағандай ерекше-тін. Жергілікті халықтың тілімен айтсақ, «тамшы тамса, 12 ай батпақ жататын «бауырмал жер». Қара батпаққа жолдың жоқтығын қосыңыз, қысқасы, сол кездегі мұнайшылар жыл он екі ай бойы аяқтарынан керзі етік тастамаушы еді. Техниканың тапшылығы да қол байлау болды. Мұнайшыларды өндіріс басына таситын көліктің өзі қазіргі тілмен айтсақ, «қауіпсіздік ережесіне мүлдем сай келмейтін». Үсті ашық жүк машинасымен қатынайтынбыз. Оның өзі де жүргенінен тұрғаны көп, ескі көлік. Сол ескі көлікпен мұнайшыларды Мартышидан Доссор, одан әрі Байшонасқа тасушы еді. Өндірістегі ұңғымалар дизель моторымен жұмыс істейді. Тоқ көзі бірде болса, бірде жоқ. Электр энергиясы жоқ дегеніміз – өнім өндіру барысы толығымен тоқтады деген сөз. Сондай уақыттарда бүкіл мұнайшы бірлесіп, уақытпен санаспай, күнімен-түнімен жүріп, моторды іске қосатынбыз. Ұңғыма іске қосылғанда, таң жаңа ғана атып келе жататын. 1-2 сағат көз шырымын аламыз да, қайта жұмысқа шығатынбыз. Сол кездерде «мен артық сағат жұмыс істедім, демалыс керек, не болмаса маған жүрген уақытыма ақшам жүрсін» дейтін бір де бір жан жоқ еді. Өндіріс жұмысы тоқтамау керек, бұл – айқын мақсат. Сол мақсат жолында жұмыла еңбек еттік, – дейді ардагер-мұнайшы Мадхат аға. 
Ол кездегі өндірістегі ауыр жағдай белгілі. Ең бастысы, өндіріске қажетті қарапайым құралдардың өзі жетпей жататын. Алайда, сол қиындықтарды жергілікті мамандардың өздері жеңді. Шынын айту керек, ол кезде мұнай-газ саласы Мәскеудегі министрлікке қарады. Ал жаңадан ашылып жатқан мұнай кәсіпшілігі – Мартышиға министрлік тарапынан қамқорлықты көре алмады. Тек еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана проблемалар тетігі шешіле бастады. Бұрын қол жеткізе алмай жүрген өндірістік құрал-саймандар келе бастады. Мұнымен өндірістегі қиындық атаулы толықтай түгесілді деген ой тумасын. Басты қиындық жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы болды. Мұнайшылар ай далада қауқиып тұрған вагондарда орналасты. Вагонның тар бөлмесінде бірнеше адам тұрып жатты. Жергілікті жердің ауа райы да қолайсыз, жазы аптап ыстық, қысы адам төзгісіз суық жел. Вагон ортасында темір пеш орнатылып, сол жерде тамақ та пісіріледі, жұмыстан соң мұнайшылар пешті айнала отырып жылынатын да. Кейін мұнайшылардың арасынан алғашқы болып Ғинаят Хайруллинге мұнайшылар жиналып, баспана тұрғызды. Баспана деген аты болмаса, бульдозермен топырақты үйіп, үйдің биіктігіне келтіріп, биіктетті. Астын қазып, тереңдетіп, жер үй салды. Қыста кәдімгідей жылы, жазда ыстықтан пана. Мұнайшыларға бұл баспана жұмақтай көрінгені де рас. Келесі жылы Жұмаш Тоғайбаевқа да бәрі жұмыла тағы бір баспана салып берді. Екі бөлмелі баспананың бір бөлмесі сырттан келген мамандарға жатақхана есебінде болды. Жанынан жиылып асхана салды. Сөйтіп, өндіріс алаңында алғашқы әлеуметтік нысандар бой көтере бастады. Басты қиындықтың тағы бірі, орталықпен байланыс деген мүлдем болмады. Ауа райының қолайсыз күндерінде, жауын-шашынды мезгілдерде орталықтағы елді мекендерге жету мұң болатын. Телефон деген атымен жоқ, мұнайшылар бірнеше күн қатарынан орталықпен байланыссыз қалатын.
Мартыши кен алаңында қойнауқатқа су айдау – маңызды шараның бірі. Себебі, мұнай қабатына көлдете су айдау арқылы өнім деңгейін бір қалыпты ұстап тұруға жол ашылатын. Алайда, бұл әдістің қиындығы – су аз ғана уақыт тоқтап қалса, өнім дейгейі бірден төмен түсіп кететін. Бүгінде айтуға оңай болғанымен, жоғарыда аталған проблемалар сол кездегі өндіріс қиындықтарының бір-екеуі ғана. Сол қиындықтардан шығар жолды жайықмұнайгаздық мұнайшылар өздері шешті, тиісті шешімін де тапты. 
20 жылдан астам өндірісті басқарып, басқарманың бас инженері болған Мадхат Нұрмұханов осы қиындықтардың басы-қасында жүрді. Қиындықтарды жеңуде ұжымды бірлестіре білген білікті басшы атанды. 


Мұнайшы ретінде оның еңбек еткен жылдарының ең жарқын беттері «Жайықмұнайгаз» басқармасында өтті. Өзіне ыстық басқарманың бүгінгі тынысы да ардагер мұнайшының үнемі назарында. Өндіріске еніп жатқан жаңалықтарға мұнайшылармен бірлесе қуанып та отырады. Әсіресе, ілеспе газды пайдаға асыру қондырғысының іске қосылғаны мұнайшы-ардагерлердің күні кеше ойларына да кірмеген тың жаңалық. Аталмыш қондырғының іске қосылуы арқылы мұнайшылар аса маңызды екі шараны жүзеге асыруға бір мезетте қол жеткізді. Біріншіден, жергілікті халықтың көгілдір отынға деген сұранысын толығымен қамтамасыз етіп отырса, екіншіден, газды өндірістік қажеттілікке де жұмсауда. 
Заманның алға қойған талабының бірі – өндірісті цифрландыру жүйесі. Бұл орайда Ембі өңіріндегі Уаз кен орнынан («Қайнармұнайгаз» басқармасы) басталған Интеллектуалды кен алаңы жобасы енді «Жайықмұнайгаз» басқармасында жалғасуда. Бұл – бүгінгі өндірісті толықтай автоматтандыруға қол жеткізгеннің көрінісі. Жаңа жүйемен жұмыс істеуге мамандардың біліктілігі де сәйкес болуы аса маңызды. Компания соңғы уақыттарда мамандарды қайта оқытуға үлкен мән беріп отыр. Ембілік мамандар шет елдерде арнайы курстардан өтіп, мұнай-газ секторындағы әлемдік тәжірибемен кеңінен танысуда. Соңғы кездерде жақсы жолға қойылған жобаның тағы бірі – Дуалдық оқыту бағдарламасы. «Ембімұнайгаз» АҚ облыстағы екі бірдей іргелі оқу орнымен тығыз байланыс орнатып, талантты жастардың өндірістік тәжірибеден өтулеріне мүмкіншілік орнатып отыр. Практика кезінде жақсы нәтижелерімен көрінген, саналы білімдерімен топ жарған оқу орындарының түлектері компанияға жұмысқа қабылдануда. Міне, осындай тың жобалар арқылы ежелгі Ембі өндірісі біліктілігі жоғары, бүгінгі бәсекелестік талабына сай мамандармен толықтырылуда. Өндіріс алаңындағы әлеуметтік нысандар да типтік жүйеге көшкен. Кешегі вагондар жаңа, жайлы жатақханалармен, асханалармен алмастырылған. Айта берсе, бүгінгі Ембі өндірісі жаңалыққа толы. Осының бәрін көрген ардагерлер жастарға жасалып отырған қамқорлықтарға дән риза. 
– Бүгінгі мерейтой қарсаңында барша әріптестерімді, жайықмұнайгаздық мұнайшыларды, шәкірттерімді осынау тамаша тоймен құттықтаймын. Бұл – біз ұмытпайтын, біздің санамыздан ешқашан өшпейтін тарих. Мен өмірімнің осынау тамаша кезеңдерін дәл осы басқармада, осы ұжыммен өткізгенім үшін өзімді бақытты санаймын, – дейді еңбек ардагері, майталман мұнайшы Мадхат Нұрмұханов. 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх