Үздік маман

Үздік маман
14.08.2018
73
Қызметкерлер

Үздік маман

Жетістіктіктің кілті – талап пен еңбек
«Өзенмұнайгаз» АҚ қарасты басқармалардың жұмысшы мамандықтары арасында өткен «Үздік маман-2018» сайысының жеңімпазы Мұхит Көшбаев №4 мұнай-газ өндіру басқармасында 1993 жылдан күні бүгінге дейін слесарь-жөндеуші болып жұмыс жасап келеді.
Жылдың төрт мезгілінен қаймықмай қызмет істейтін Мұхит – өз ісінің нағыз майталманы. «Мен үшін байқауға қатысу өте қызық болды. Жарыс бәсекелестікпен өтті. Байқауға өзіме деген сеніммен, үлкен үмітпен келіп едім. Үмітім ақталды. Мақтанғаным емес, алайда практикалық сайыс та, теориялық сайыс та мен үшін өте жеңіл болды. Тіпті жаңғақша шағып тастадым десе де болады», – дейді ол. 
Санаулы минуттың ішінде НБ-125 сорабын шашып, қайтадан жинаған Мұхит жетістіктің өздігінен келмейтінін, оның кілті талап пен еңбек екендігін айтады.    

Табандылық табысқа бастайды
«Өзенмұнайгаз» АҚ қарасты басқармалардың жұмысшы мамандықтары арасында өткен «Үздік маман-2018» байқауының жеңімпазы технологиялық транспорт басқармасының қызметкері Аманкелді Өтепбаев автокөлік жөндеушісі номинациясы бойынша жүлделі І орынға ие болды. 
Мұнай саласында 23 жылдан бері табан аудармастан жұмыс жасап келе жатқан Аманкелді туралы әріптестері «Ол бізге ерінбей еңбек етудің үлгісін көрсетіп келеді. Кез келген еңбек ақталады емес пе? Оның қуанышына ортақпыз» дейді.     
«Мен «Үздік маман» сайысына бірінші рет қатысып отырмын. Толқығаным рас. Барынша дайындалдым. Мәселе жүлдеде емес қой. Дегенмен, мақтаныш сезімі болады екен. Автөкөлік жөндеушісі жауапкершілікті талап ететін, қадірлі мамандық деп есептеймін. Мен бұл кәсіпке жүрек қалауымен келдім», – дейді қуанышымен бөліскен жүлдегер жігіт.    
Иә, табандылық танытсаң ғана табысқа жетесің. Түсінген адамға жақсы көретін ісіңмен айналысу да бір бақыт!

Әке жолын қуған жүргізуші 
«Өзенмұнайгаз» АҚ қарасты басқармалардың жұмысшы мамандықтары арасында өткен «Үздік маман-2018» сайысының автокөлік жүргізушісі номинациясы бойынша үздік атанған Сүндетбай Қорғанбаевтың әкесі Бердіхан Қорғанбаев та жүргізуші болатын. Бала Сүндетбайдың темір тұлпарға деген қызығушылығын әкесі оятқан еді. 
Бүгінде компанияға қарасты №2 скважиналарға қызмет көрсету басқармасында табан аудармастан 35 жыл жүргізуші болып абыройлы қызмет жасап келе жатқан ол «Үздік маман» сайысының жеңімпазы атанғанда қатты қуанды.
«Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген сөзді қазақ тауып айтқан ғой. Кілең үздіктер бақ сынасқан байқауда жеңімпаз атану бақыты маған бұйырды. Осы өмірімде ұққаным, адам баласының жаны қай жұмысты қалайды, соны істеуі керек. Барлық күш-қуатыңды, ойлау жүйеңді өзің ұнататын іске шоғырландырсаң, қалауың, арманың, мақсатың орындалмақ», – дейді тәжірибелі, сақа жүргізуші. 
Тәрбиелеген балаларынан бірнеше жиен сүйіп, ата болып отырған аға мұнайшы жақында немерелі болып, атын  Сабыржан деп қойыпты.     
«Асығыс өмірді аптығып жүріп өткізбейік деген оймен немеремнің есімін әдейі Сабыржан деп қойдым», – дейді бақытты ата күлімсіреп. 
Жеңімпаз атанып, мерейі үстем болған Сүндетбай байқау мамандардың шеберлігін шыңдайтынын айтады. 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх