Көргені көп көшелі кісі

Көргені көп көшелі кісі
14.08.2018
91
Қызметкерлер

Көргені көп көшелі кісі

Алғашқылар

Жаңаөзенде өмірі өнеге адамдар аз емес. Бүгінге тоқсанның аулына ат шалдырып отырған Боранбай Нұрмұханов ақсақал осындай жандардың бірі.

Ол өткен ғасырдың сонау 1929 жылы мұнайшы отбасында дүниеге келді. ХХ ғасырдағы ең ауыр несібені татқан аға буын өкілі бала болып ойнамай, еркелік көрмей өсті. Қиын заман қаршадай баланы ерте есейтіп жіберді. 1943 жылы 14 жастағы намысты бозбала «қасық қаным қалғанша елімді жаудан қорғаймын» – деген мақсатпен әскери комиссариатқа барып, өзінің тілегін жеткізеді. Алайда, жасы жетпегендіктен және отбасының үлкені болғандықтан бозбала ФЗО-ға қабылданады. Оны бітіріп, Мақат ауданына қарасты «Комсомольский» мұнай кәсіпшілігіне жұмысқа орналасады. Жұмысқа деген өлермендік, бойындағы қайрат пен күш-жігер Боранбайды гараж меңгерушісі лауазымына дейін апарады.
Қыдыр дарып, бақ қонған киелі мекен Маңғыстауда 1960-шы жылдары барлау жұмыстары жүргізіліп, мұнай-газ қоры бар екендігі анықталады. Мүлгіп қалың ұйқыда жатқан шөлді сахарадан «қара алтын» табылады десе, ол кезде біреу сенер, біреу сенбес еді. 
Қазыналы мекенді игеру мақсатында 1964 жылы «Маңғышлақ мұнай бірлестігі» ашылып, құрамында «Өзен мұнай басқармасы» құрылады. Одақтың түкпір-түкпірінен мамандар ағылып келе бастады. «Дарияның жарға соққан толқынындай» (Балуан Шолақ) жастық шақта адам қайда бармайды, қай қиырды кезбейді... Мақала кейіпкері де Өзен кенорнын игеруші және қала іргетасын қалаушы, бүгінде аты аңызға айналған Рахмет Өтесіновтің шақыру хатымен алғашқы мамандардың бірі болып Ескіөзен ауылына Гурьевтен (қазіргі Атырау) екі інісімен ұшаққа отырып жетеді.
«Ойпырмой, сол кездегі табиғаттың дүлей күшіне жігіттің жігіті ғана шыдады ғой. Көптеген жігіттер қатты желдің әсерінен көзге түртсе көргісіз қалың шаң мен аптаптан жүректері шайлығып, біздер ерттеп мініп келген ұшаққа мініп, келген жақтарына кері ұшып кетіп жатты» – деп еске алады тарих қойнауында қалған сағым жылдарды Боранбай ақсақал. 
Жаңаөзен қаласы ол кезде «Газ городок» деп алатын-ды. Автокөлікпен кенорынға келген вагондар дастарханға шашылған бауырсақтардай әр жерде тұратын. Алғашқылар осы вагонды баспана етіп пайдаланды. Қарапайым тұрмыстық жағдайдың өзі ол кезде мүмкін болмады. Бірінші шағынауданындағы барак типтес үйлердің іргетасы енді қаланып жатқан болатын. Ешқандай жағдайдың болмағанына қарамастан алғашқылар қыстың қарды боранында да, жаздың ыстық аптабында да қайтпас қайсарлық танытып, кенорынды игеруге жанкештілікпен кіріскен болатын. 
Боранбай Нұрмұханов бүгінде №2 Скважиналарға қызмет көрсету басқармасында (сол кездегі «Трактор кеңсесі») бас инженер қызметін атқарады. Кейін №3 Скважиналарға қызмет көрсету басқармасында әр түрлі жауапты қызметтерді абыройлы атқара жүріп, осы мекемеден құрмет демалысына шығады. Ол Өзен кенорнының өсіп-өркендеуіне барынша өлшеусіз үлес қосқан азамат. 55 жыл жұмыс жасаған Борекең өзіне тапсырылған кез келген жұмысты өте тыңғылықты атқарды. Өзен кенорнын игеруді арнайы техникаларсыз елес­тету мүмкін емес. Темір тұлпарлардың мұнай өндіруде алатын рөлі өте зор екенін ешкім де жоққа шығара алмасы анық. Борекең арнайы көліктерінің үнемі сақадай сай дайын болып тұруына үлкен мән берді. Әрбір техниканы балапандай баптап, баладай күтімге алды. Барлық жүргізушілермен жақсы тіл табысып, жұмысты оңтайлы ұйымдастырумен көзге түсті. Әріптестер арасында сый-құрметке ие болды.
Ұлы Отан соғысы кезіндегі тылдағы ерлікке пара-пар ерен еңбегі үшін асыл азаматтың өңіріне медальдар мен ордендер тағылды. Ол отбасында үлгілі әке, жақсы жар бола білді. Алла тағала Борекеңе ұлықты ұл да, қылықты қыз да берді. Сүйіп алған зайыбы Ағия екеуі берекелі отбасында тәрбиеленген Қайрат, Алтынай, Айнаш, Айнагүл атты балаларына заманға сай білім алып берді. Ағия жарты ғасырдан астам уақыт №6 орта мектепте қала халқының балаларын білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие берді. Ол сан жылдар бойы халық баласымен бірге өз балаларының тәрбиесіне де көңіл бөлуді ұмытқан жоқ. Балапандары Қайрат пен Алтынай әке жолын қуып, мұнайшы деген мәртебелі мамандық иесі атанды. Айнаш ана жолын қуып Ақтауда ұстаз болып еңбек етіп жүр.
Адам еңбегінің мәні жемісін тату емес пе?! Бір кездері Борекеңмен бірге кенорынды игеру үшін ұшаққа мініп ілесіп келген екі інісі қазір зейнеткерлікке шығып, еңбегінің жемісін татып, әрбір арайлап атқан таңды шүкіршілікпен қарсы алып отыр. 
Қазіргі таңда «Өзенмұнайгаз» АҚ атты алып құдықтан су ішіп отырған біздер осы құдықты қазу үшін бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен Боранбай Нұрмұханов сынды ағалар алдында өмір бойы қарыздар екенімізді естен шығармағанымыз жөн. Кешегі болмаса-бүгінгі болмақ емес. Ел үшін егіліп, жұрт үшін жұмылып еңбек еткен ағаларға Алланың нұры жаусын. Оларға басымызды иіп, шексіз алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх