«Ақбөбекте» қызық көп...

«Ақбөбекте» қызық көп...
22.06.2018
59
Әлеумет

«Ақбөбекте» қызық көп...

Бүгінгі күні «Кендірлі» демалыс аймағында 250 бала демалуда. Балалардың әрбір күнін естен кетпес қызықты да пайдалы етіп өткізу үшін 30 жетекші-маман арнайы жасақталған бағдарламамен жұмыс істеп жатыр.
Лагерь басшысы Юсуф Қонақбайұлы балаларға арналған 25 үйірменің жұмыс жасап жатқанын айтты. «Біз мұнда балалардың зерігуіне жол бермейміз. Күні кеше балалар арасында ұлттық спорт ойындарынан сайыс өткізілді. Бұл сайыс балаларды батырлық пен батылдыққа тәрбиелейді» – деді ол.
Асхана меңгерушісі Жаңыл Шырақбаева теңіз жағасында балалардың тәбеті ашылып кететіндігін, олардың көңілінен шығу үшін асхана аспаздарының бар шеберліктерін салатындығын алға тартты. «Тағамның 50-60 пайызы жеміс-жидек, сүт өнімдерінен тұрады. Таза әрі жеңіл тамақ жеген бала өзін үнемі сергек сезінеді. Тәбет тағам үстінде ашылмақ демекші, асханаға бас сұққан балалардың жүздері қуаныштан жайнап сала береді. Балалар біз әзірлеген тамақты тауысып жесе, біз мәз болып қаламыз», – дейді ол.
Лагерьде балалардың демалысты қызықты әрі тиімді өткізілуіне барлық жағдай жасалған. Олардың жүзінен қуаныштың жарқынын сезінесің. 

Раушан Егізбаева, жетекші, педагогика ғылымының магистрі: 
– Интернет алдында үнемі байланып отыратын бала далаға шығып ойнамайды, қыдырмайды, қолына іліккенін жеп, көзі талғанына қарамай, экранға барлық көңілі кетіп отыра береді. Осыдан келіп, ағзадағы зат айналысы, қан айналымы бұзылады, тамақтың калориялары жұмсалмай, бала май жинайды. Жүрек қан тамырларының қабырғасына май жиналып, талма ауруы пайда бола бастайды. Иммунитет әлсірейді. Бала айналасына самарқау қарайды. Біз осы олқылықтың орнын толтыру үшін әртүрлі спорт сайыстарын өткізіп жатырмыз. Сайыс балалардың өзара ынтымағын күшейтіп, достығын дамытады. 

Манас Айтқұлов
– Мен «Ақбөбекке» келіп, Бекмұрат, Еркебұлан, Заманбек деген достар таптым. Осы достарыммен бірге футбол ойнаймыз. Суға бірге түсеміз. Тамағы да ұнап жатыр. Әсіресе, компоты дәмді-ақ! Теңіздің суы жып-жылы! Әсима апай бізбен бірге ойын ойнап, би билеп, ән салады. Балаларға да, жетекші апайға да әбден бауыр басып қалдым. Он күн тез өтіп кетті. Тағы да қалғым келіп тұр.

Ғазиза Баймұратова
– Мен құммен сурет салатын үйірмеге қатысып жүрмін. Құммен сурет салған өте қызық екенін осы уақытқа дейін білмей келіппін. Сусыған құм көз алдыңда аңға да, ағашқа да айналып шыға келеді. Құммен сурет салу-адамның қиялына қанат бітіреді. Аружан, Кәусар деген қыздармен достасып кеттім. Үйді аздап сағындым. Осындай керемет демалыс ұйымдастырған ағаларға рахмет айтамын! 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх