«Өзенмұнайгаз» АҚ Жас мамандар кеңесіне 5 жыл

«Өзенмұнайгаз» АҚ Жас мамандар кеңесіне 5 жыл
22.06.2018
102
Жастар

«Өзенмұнайгаз» АҚ Жас мамандар кеңесіне 5 жыл

Жас мамандар кеңесі туралы мәлімет
«Өзенмұнайгаз» АҚ Жас мамандар кеңесі 2013 жылдың 1 наурызында Қоғамдық бірлестік болып құрылды. Алғашқы төраға болып № 3 МГӨБ топтық қондырғы шебері Асқар Ноғаев болды. Қазір аталмыш кеңеске Жұртшылықпен байланыс департаментінің маманы Бауыржан Бәйімбетов төрағалық етіп келеді. ЖМК компанияда бекітілген ереже бойынша жұмыс істейді. Компанияда 18 бен 35 жас аралығындағы 3 мыңға жуық мықты мамандар еңбек етеді. Кеңес құрамында 400 маман бар. Олардың 50-і ғана белсенді жастар қатарына жатады. Үздіксіз жүріп жатқан өндіріс жұмысына кедергі келтірмеу үшін жастар шараларды көбінесе жексенбі күндері немесе жұмыстан кейін өткізіп жатады. «ӨМГ» АҚ Жаңаөзенде қала құраушы ірі компания болып саналатындықтан, қала жастары компания жастарына қарап ойын да, бойын да түзейді. ЖМК «компанияма пайдалы бір нәрсе істесем» дегенді өздеріне ұстаным етіп алған. Олар қоғамдық өмірге, әлеуметтік салаға, әр түрлі шараларға белсенді атсалысады. Келер заман ой тереңдігі, өренің биіктігімен бәсекелесетін заман екені баршаға белгілі.  Кеңестің басты бағыттарының бірі – өнертапқыштық және инновациялық жобаларды өндіріске енгізу. Жастар қашанда жаңашылдыққа ұмтылады. Олардың жаны жаңалыққа құмар. Жастар жаңаны тез үйренеді, тез қабылдайды, тез шешім шығарып, тез бейімделеді. «Үздік өнертапқыштық жобалар байқауын» өткізу дәстүрге айналды. Байқау бірнеше сатыдан тұрады. Іріктеуден өткен жобалар «ҚМГ» ҰК» АҚ жол тартады. ЖМК озық ойлы жастары өнертапқыштық, инновациялық жобаларын апарып, өзгелермен үзеңгі қағыстырып, сайысқа түсті.  

«Үздік өнертапқыштық жобалар байқауы» туралы
Бұл байқауға «Өзенмұнайгаз» АҚ кем дегенде 6-7 маман қатысып, бағын сынайды. Мәселе әрине, санда емес, сапада. №3 МГӨБ жұмыскері Жасұлан Қарақұлов бас жүлде иеленді. Ол күнделікті жұмысын атқару барысында флянцтердің арасын кергіш жобасын сайысқа ұсынған болатын. Бұл күнделікті қажеттіліктен туындаған жоба. Әрине, бұл жобаны жасап шығу үшін Жасұлан біраз уақытын жұмсады. Өндіріске өте тиімді әрі пайдалы жобаның авторы «ҚМГ» ҰК» АҚ президенті Сауат Мыңбаевтың Алғыс хаты мен тиісті сыйлығын өз қолынан алып келді. Соңғы жылдары компанияда өнертапқыш жігіттер саны артып келеді. Солардың қатарында Жарылғап Өтешов, Бекназар Таласбаев, Мұрат Ақын, Әлібек Қосжанов, Қадырхан Есімбетов, Әділжан Үсенов, Дамир Шырақбаев, Ақжігіт Түйешиев, Мақсат Жамилов, Ерлан Тағаев сынды жас мамандар бар. 

Жас мамандар атқарған шаралар
«Кез келген елдің болашағын көргің келсе, сол елде тұрып жатқан жастардың тұрмыс-тіршілігіне қара» деген сөз бар. Ендеше, 5 жылда ЖМК не істеді? – деген сұраққа жауап іздеп көрейік.     
Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай Маңғыстау облысы бойынша жас мамандар арасында спартакиада ұйымдастырды. Бұл шараға облыс бойынша 8 команда қатысты. 
Жыл сайын наурызда Отпан таудың басында өтетін бірлік пен мейірім мерекесі Амал, Наурызды тойлауға барынша белсенді қатысады. Ұлық мерекеге алыс-жақын шетелдерден қандастарымызды қонаққа шақыртуды қолға алған да ЖМК болатын. Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне Орынбор, Астрахань, Қорғаннан қонақтар келеді. Мақсат: түбіміз бір түркі екендігімізді аңғарту, рухани байланысты, бауырластықты нығайту.

Жылына төрт рет «Ой дода» интеллектуалдық ойыны өткізіледі
Түрлі спорттық және қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Оның ішінде ұлттық ойындарға басымдық берілуде. Әсіресе, садақ ату, аударыспақ, асық ойындарына жас мамандар аса қызығушылық танытты. Қайырымдылық шарасы аясында қаладағы қамкөңіл жандарға,  жалақысы аз «Тазалық» мекемесінде жұмыс істейтін апайларға «Кендірлі» демалыс аймағына бір күндік жолдама алып берді. Білімділік пен біліктілікті дамыту, жетілдіру үшін әр түрлі тақырыпта тренингтер өткізеді.
«Күміс көмей» атты эстрадалық және дәстүрлі әндер байқауы ұйымдастырылды.Жылына 4 рет «ӨМГ» АҚ қарасты 16 басқарма арасында «Жайдарман» әзілкештер сайысы өтті. 
«Бабалар жүрген ізбенен» танымдық-экспедициясын ұйымдастырады. Мақсат: әр жасқа туған жердің әр түйір топырағынан қасиет іздеу, әр тал шөбіне үңіле білуді үйрету. 
Сонымен қатар, «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» байқауларын өткізді. 

Бас директордың ұсынысы
«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Бекзат Абайылданов ЖМК кездесіп, әңгімелесті. Арқа-жарқа сөйлесіп, өзара пікір алмасты. Болашақта «Жас өнертапқыштар комитетін» құру туралы ұсыныс жасады. Бұған өзінің тікелей қолдау көрсететінін айтты. Бас директор келесі жылы 55 жылдық мерейтойын тойламақшы болып отырған компанияға міндетті түрде мұражай керектігін баса айтты. «Жастардың ойы техникаға, өнертапқыштыққа ауғаны мені қатты қуантады.Тілімен ойды орып, қырды қырып жүргендей сөйлейтіндердің заманы өтті. Қазір технократтық заман!» – деді бас директор.

Астанада 6-шы рет өткен Жастар күні несімен есте қалды
Шарада ресейлік «Смыслотека» компаниясының тренерлері «Объясняшки» бағдарламасының презентациясын өткізді. Жас мамандар топқа бөлініп, ойлап тапқан сюжеті бойынша видеоролик дайындап, көпшілік назарына ұсынды. Мұндай бағдарлама кішкентайларға қарапайым ертегіні бейнелеп айтудан бастап, компанияның презентациясын дайындауға көмектеседі.  
Кешкі ас кезінде арнайы шақырылған би тренері жас мамандарға «Сальса» биінің қыр-сырын таныстырды.
«Жас мамандар күні маған не берді?» – деген тақырыпта 10 спикер TED форматында презентацияларын ортаға салды. 
«Intellectual battle» зияткерлік сайысы ұйымдастырылып,үздіктер марапатталды. 

ЖМК төрағасының ұстанымы
Болашаққа қызмет еткіміз келеді.  Жоспар көп, халық мұраты жолында кешегі алыптар дәуіріндегі ата-бабаларымыз секілді қал-қадірімізше ұлтқа қызмет еткіміз келеді. Біздер, жас мамандар, заманға бейімделіп, белді бекем буып, білек түріп, еңбекке араласып, Абай хакім айтпақшы, сауда жасап, ілім-білімге бас қоюымыз керек.    
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх