«Ембімұнайгаз»: Геологиялық барлауға – жаңа қадамдар

«Ембімұнайгаз»: Геологиялық барлауға – жаңа қадамдар
22.06.2018
93
Өндіріс

«Ембімұнайгаз»: Геологиялық барлауға – жаңа қадамдар

«Ембімұнайгаз» АҚ өз активтерін арттыру мақсатында белсенді жұмыстар атқарып келеді. Соның ішінде, толық барлау жұмыстары мен компанияның қорларын көбейте алатын жаңа құрылымдарды іздестіру шаралары да қолға алынуда. Басқарма төрағасының геология және кен орындарын игеру жөніндегі орынбасары Қайрат ӘДІЛБЕКОВ бізбен сұхбатында бұл жұмыстың қалай жүргізіліп жатқанын айтады.

– Компанияның балансында ескі кен орындары көп. Сол себепті, Компанияның қорларын үнемі ұлғайту бағытында жұмыс жасауға тура келеді. Қорларды толықтырудың пайызы қандай?
– Иә, шынымен «Ембімұнайгаз» АҚ балансында сонау 1900 жылдары ашылған кен орындары бар. Қазіргі таңда Компания балансында барлығы 43 кен алаңы болса, соның ішінде тоғызы – консервацияда. 
Компанияда барлау және толық барлау жұмыстарын жүйелендіру және жаңа технологияларды өндіріске енгізу бағытында ауқымды жұмыстар жүруде. Бұл қадамдар, өз кезегінде, кейбір кен орындарының жұмыс жасау кезеңінің ұзақтығына қарамастан, қорларын арттыруға септігін тигізеді. Ембілік геологтардың қажырлы еңбектерінің арқасында соңғы жылдары өндіріліп жатқан кеніштерде толық барлау жұмыстары жүргізіліп, өнім өндіру көлемін жылдық межеде сақтауға мүмкіндік туып отыр.   
Жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде С.Нұржанов, Шығыс Мақат, Батыс Прорва, Оңтүстік-Шығыс Новобогат, Жаңаталап, Уаз, Аққұдық кен алаңдарының бастапқы қоры ұлғайып, мұнайлы аудандары кеңейтілді.  
Шығыс Уаз (Тайсойған), Орталық Новобогат (Лиман) кен орындары ашылды. Барлығы 5 миллион тоннадан астам мұнай өнеркәсіптік категорияларға ауыстырылды, олар қазірдің өзінде игерілуде. 
– Компания геологиялық барлау бағытында қандай жұмыстарды жүргізуде? Келешекке жоспарларыңыз қандай? 
– «Ембімұнайгаз» компаниясы кен алаңдары тобына соңғы жылдары жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының қорытындысына сәйкес қолданыстағы кен алаңдарда толық барлау және жаңа алаңдарда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу арқылы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгенімізді атап өту керек. 
Жаңа технологияларды пайдалану алынатын материалдың сапасына да оң әсер етіп, соның негізінде түскен мәліметтер егжей-тегжейлі сараланып, тиімді жоспар құрылады.  
Компаниямыз келісімшарт аумақтарындағы геологиялық барлау жұмыстары көлемін жүйелі түрде арттырып келеді. Жақын арада 3Д-ЖТНӘ (МОГТ) сейсмобарлау барлау жұмыстары ауқымын арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, іздестіру-барлау бұрғылау жұмыстарының көлемі де өсуде. 
Бұдан басқа аймақты зерттеу бағытында да жүйелі шаралар қолға алынды.  Жинақталған материал мен зертханалық зерттеу жұмыстарының қорытындылары Каспий маңы ойпаты оңтүстік бортының тұзүсті кешеніне қосымша зерттеулер жүргізу қажет деп қорытынды жасауға және Каспий маңының орталық бөлігінде кішігірім кен орындарын ашудың жоғары перспективасы бар деп мәлімдеуге мүмкіндік береді. 
Мәселен, мұнайдың геохимиялық зерттеулерінің нәтижелері бойынша Кас­пий маңы ойпатының әр аумақтары бойынша белгілі бір заңдылықтар анықталды. Қорытынды нәтижелерді алғаннан кейін келесі жылдың басында толық және кеңейтілген ақпаратты ұсынамыз.
Геохимия бойынша қорытындылар сейсмикалық және іздестіру-бұрғылау деректерімен өзара байланыстырылады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен келісілгеннен кейін жұртшылыққа таратылады. Менің ойымша, қорытындылармен танысуға бәрі қызығушылық танытуда.  
– Сіз өз сөзіңізде компанияда іздестіру-барлау бұрғылау жұмыстарының көлемі де өсіп отырғанын айтып өттіңіз. Кәсіпорын 6 шақырым тереңдікте бұрғылау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғаны белгілі. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз...
– Иә, соңғы кезде ЕМГ іздестіру-барлау бұрғылаудың көлемін өсіруде: 2015 жылы 5 ұңғы бұрғыланса, 2016 және 2017 жылдары сәйкесінше 11 және 14 ұңғыда бұрғылау жұмыстары жүргізілді. 
Бұдан басқа, айтып өткенімдей, жаңа технологияларды қолдану сапалы жаңа деректерді алуға мүмкіндік береді, бұл алаңдарымыздың жағдайын жақсы түсінуге және жаңа кен орындарын ашуға мүмкіндік береді. «Ембімұнайгаз» АҚ өндіріс көлемінің артуын міндетті түрде жаңа кен орындарының ашылуымен байланыстыру керек. Қазақстан нарығындағы технологиялардың дамуы тереңдікті зерттеуге мүмкіндік береді. 
«Ембімұнайгаз» АҚ мамандары жақын маңдағы аумақтарда жаңа орташа тұзүсті және ірі тұзасты кен орындарын ашу үшін үлкен талдамалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тұзүсті және тұзасты шөгінділерінде мұнайлы нысандар анықталды. Мәселен, қолданыстағы Қаратон, Уаз, Досмұхамбетов, Ақтөбе және басқа да кен орындарындағы жерасты кешенінде бұрғылауға жаңа перспективалы құрылымдар дайындалуда. 
Сонымен қатар, бұдан әрі геологиялық барлау мен тереңдікте бұрғылау жұмыстары жүргізілетін тұзасты объектілер анықталды. Тереңдікте бұрғылауға дайындалған құрылымның бірі Каратон-Сарықамыс келісімшарт аумағында орналасқан. Бұрғылау жұмыстарын жүргізу 2018 жылға жоспарланған. Жер қойнауын пайдаланудан өзге аумақтарда орналасқан құрылымдар бойынша Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне тұзасты шөгінділерді барлауға арналған жаңа барлау келісімшарттарын алу туралы өтінімдер жіберілді.
– Бізге белгілі болғандай, Сіз Компанияның геологиялық барлау бағытымен қоса өзге салаларға да жетекшілік етесіз. Жоспарыңызбен бөлісіп өтсеңіз. 
– Иә, қызмет бабында геологиялық барлау бағытымен қоса кен орындарын игерудегі жаңа әдістер мен технологияларды енгізу жұмыстарын да жүргізіп келеміз. Бұл да негізгі бағыт десек, қателеспейміз. 
Сіздер білетіндей, Компанияның негізгі кен орындары – өнім берудің соңғы сатыларында.  Бұдан басқа, тұтқырлығы төмен мұнайға толы нысандардың қормен қамтылу деңгейі де төмен екендігін де атап өту керек.  
Алдағы 10 жылдағы мұнай өндіру болжамына сәйкес, жеңіл мұнайдың ресурстық базасы азаяды, дегенмен, тұтқырлығы төмен мұнайдың қоры айтарлықтай өзгермейді. Геологиялық барлау жобаларында, әдетте, барлау, жобалау жұмыстарын мақұлдауға, кен орындарын жабдықтау және іске қосуға ұзақ уақыт кетеді. МГӨБ-нің геологиялық қызметі жеңіл мұнайдың қоры азайғанда, тұтқырлығы төмен мұнайлы нысандарға көшуге мәжбүр болады. 
Бұл нысандар тұтқырлығы жоғары мұнайдан бөлек әлсіз цементті күрделі жыныс құрамынан тұрады, ондағы құм «байланысушы» қормен араласа отырып, мұнайды тауарлы күйге дейін жеткізе дайындау лифтингі мен дайындығын қиындата түседі. 
Бүгінгі таңда қордың 40 пайызынан астамы тұтқырлығы жоғары мұнайға сәйкес келеді. Жыл сайын бұл теңдік кедергілері бар нысандардың қалдық қорларын арттыру бағытына қарай өзгеріп отырады. Жоғарыда аталған мәселе тұтқырлығы жоғары мұнай қорын жасақтау қарқынын арттыру бағытындағы шешімдерді іздеуге және кедергілері бар нысандармен тиімді жұмыс жасауға мүмкіндік беретін технологияларды іріктеуге ынталандырады. 
Бүгінде өндірісте кен орындарын игеру тиімділігін арттыру, оқшаулау жұмыстары, асфальтты шайырлы парафиннан тазарту, ілеспе мұнай газын қолдану, қалдықтардың шектеулі мөлшерін қолдану, энергияны үнемдеу, алыстан өлшеу, ұңғыларды зерттеу сынды туындаған мәселелерді шешу мақсатында негізгі бағыттар анықталды. Соның ішінде, өндіріс көлемінің азаюы едәуір байқалатын кен орындарын игеру тиімділігін арттыру, оқшаулау жұмыстары, асфальтты шайырлы парафиннан тазарту негізгі бағыттар саналады.  
Маңызды міндеттерді шешу бойынша суды қойнауқат қысымын сақтауға дайындау мен шаруашылық және тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдалану мәселелерін пысықтау жос­парланып отыр. 
Шалғайда орналасқан кен алаңдары үшін күн батареялары, жел энергиясы мен газ генераторлары пайдалануға мүмкіндік беретін баламалы энергия көздерін жеткізу де маңызды мәселе болып табылады. Қазірдің өзінде тоғыту ұңғымаларының қабылдағыштығы мен сұйықтық, газ, су есебінің заманауи жүйесін қолдану және деректер сапасы талқыланып, зерттелуде. 
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 2016-2017 жылдары жүзеге асқан жобалар есебімен қосымша өндіру көлемі 39 790 тоннаны, ақшалай қаражат баламасы 2 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіптік тестілеу сынақтарының тиімділігі Қоғамның негізгі өндірісіне үлкен үлесін қосуда. Екі жылдың ішінде 30 өнеркәсіптік тестілеу сынағы жүргізіліп, оның жартысынан астамы сәтті жүзеге асты. 
– Сұхбатыңызға рахмет!

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх