Басты мақсат – геологиялық қорды көбейту

Басты мақсат – геологиялық қорды көбейту
22.06.2018
113
Өндіріс

Басты мақсат – геологиялық қорды көбейту

«Өзенмұнайгаз» АҚ Даму концепциясының бір қағидасы – геология саласында барлау жұмыстарын жүргізіп, геологиялық қорды көбейту болып табылады. Геологтар мен геофизик мамандар кенорындардың негізін анықтап, әлеуетті жерлерді барлайды, зерттейді, қажет болса қалыпқа келтіріп өңдейді. Осыған орай, «Өзенмұнайгаз» АҚ Геология және геофизика департаменті геофизика бөлімінің басшысы Ерболат Бақтияровпен сұхбаттасқан едік.

– Компаниядағы Даму концепциясының ең негізгі әрі маңызды қағидаларының бірі – геологиялық барлау. Осы бағытта компания­да қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 
– Қазіргі таңда компания бойынша күрделі әрі ауқымды барлау жұмыстары атқарылып жатыр. Нақтырақ айтатын болсақ,  2016-2017 жж. жүргізілген сейсмикалық жұмыстардың қорытындысы бойынша Қарамандыбас кенорнында Палеозой дәуіріндегі жер қабаттарына 6000 метр тереңдікте 1-А геологиялық атауы берілген барлау ұңғысының нүктесі белгіленді. Былай айтқанда, біз қазір Юра дәуіріндегі жер қабаттарын игеріп жатырмыз, бұл орташа 1100-2500 метр тереңдікті құрайды. Ең терең қазылған ұңғы Триас дәуірі, оның тереңдігі 4500 метр құрайды. Осы уақытқа дейін Өзен кенорнында бұрын-соңды 6000 метр тереңдікке скважина қазылмаған болатын.
Осы барлау скважинасын қазу арқылы геологиялық қорды көбейтеміз деген сенімдеміз. 
Кенорындарды зерттеудің ең алғышарты – сейсмикалық жұмыстар жүргізу болып табылады. Сейсмикалық жұмыстар жүргізілгенде, жер қабатына сейсмикалық толқындар  жіберіліп, оны арнайы мамандар бағдарламамен өңдеп, жер астында қандай  тереңдікте белгілі бір көмірсутектер бар екендігін анықтайды. Сейсмикалық зерттеулер өңделгеннен кейін бізге жерасты байлығының мұнай әлде газ екені белгілі болады. Содан кейін, тиісті геолог, геофизик мамандар бірлесе отырып, барлау ұңғысының нүктесін жоспарлайды. 
Барлау скважиналарынан алынатын геологиялық, геофизикалық мәліметтердің маңызы өте зор болып саналады, олар арнайы геологиялық қорда сақталады. Барлау скважинадан міндетті түрде тасбаған (тау жынысының бір бөлігі) алынады. Яғни, бұрғылау жұмыстары қазылып жатқан кезде арнайы ыдысқа салып, жер қыртысындағы қабаттың бір бөлігін алып шығады. Алып шыққан тасбағанды ғылыми-зерттеу институттары қабаттың мұнай беру қабілеттілігін, оның қандай көмірсутекпен қаныққандығын, өткізгіштігін және тағы басқа параметрлерін анықтайды. Сондай-ақ, бұрғылау кезінде геофизикалық зерттеулер жүргізу тиісті шара болып саналады. Барлау скважинасын қазу кезінде толыққанды ақпарат алу мақсатында, арнайы геофизикалық зерттеулер жүргізіліп отырады. Геофизикалық зерттеулердің қорытындысы бойынша қай тереңдікте қандай қабаттар бар, сол қабаттардың мұнай-газ немесе сумен қаныққандығын анықтап береді. Анықталған әлеуетті мұнай қабатын ату-жару арқылы игеру жұмыстары басталып кетеді. Қабатты игеру кезіндегі алға қойған жоспарымыз ойдағыдай болса, келесі бұрғылау нүктелері қойылып, ары қарай кешенді шаралар жасақталады. 
– Жартығасырлық тарихы бар Өзен кенорнында әлі бұрғылау түспеген жерлер бар ма?
– Өзен және Қарамандыбас кенорындарында әлі бұрғылау түспеген жерлер жеткілікті. Бүгінде жүріп жатқан жоғары ажыратымдылық сейсмикалық жұмыстардың мәліметіне сүйене отырып, жаңа мұнай-газ көздерін табамыз деген үмітіміз бар. Мәселен, 2016-2017жж. жасақталған сейсмикалық зерттеулердің қорытындысы бойынша Қарамандыбас кен­орында Палеозойден мұнай көздері бар екендігі анықталды.
– Жерасты геологиялық қорын көбейту үшін тағы қандай шаралар іске асырылуда?
– Геологиялық қордың С2 деген категориясы бар. Бұл мемлекеттік қорда арнайы есептелмеген, тек қана геологиялық және геофизикалық мәліметтерден мұнай-газ көзі бар екені анықталған өндірістік емес қор болып саналады. Соны С1 мемлекеттік есепте тұрған категориясына ауыстыру мақсатында Қарамандыбас кенорнына кешенді шаралар жасақталып, орындалуда. Кешенді шарада тиісті скважиналарда жасақталатын жұмыстар толық қарастырылған. Шараның орындалысын біздің департамент қадағалайды. Мұндай жұмыстар 2016 жылы Өзен кенорны бойынша жүргізіліп, геологиялық қорға қосымша 
1 307 000 мың тонна мұнай және 2017 жылы  Қарамандыбас кенорнының 25 қабаты бойынша 49 330 тонна қосымша мұнай аударылды. 
Бұдан басқа, 2018-2019 жылдары Қарамандыбас кенорны бойынша 9 игеру қабаттарына (13-15,19-24) осындай С2 категориясынан С1 категориясына мұнай қорын аудару жоспарлануда. Осының арқасында геологиялық қорымыз тағы да 7 983 000 тонна мұнайға өседі деген болжам бар. Әрбір қабатты атып-жарып, геофизикалық, гидродинамикалық зерттеулер, скважиналарды жіберіп, игеру нәтижесінде алынған өнімді актілеу сияқты жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Мұны «Қазақ ғылыми зерттеу және мұнай-газ жобалау институты»ЖШС мамандары өңдеп, толық есеп жасақтап, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қор жөніндегі комитетінде қорғап, мемлекеттік балансқа алынады. Мемлекеттік балансқа енген мұнай қорын тиімді өндіру мақсатында, «Қазақ ғылыми зерттеу және мұнай-газ жобалау институты»ЖШС-ның жасаған геологиялық-гидродинамикалық моделін кең ауқымда пайдаланудамыз. Мұнда әр скважинаның тарихы, барлық жасалған шаралары арнайы бағдарламаға енгізілді. Компьютерде отырып, әрбір скважинаны көріп, әрбір қабатты, соған сәйкесінше геологиялық-техникалық шара жасақтап, өндірілетін өнімнің тиімділігін арттырып отырмыз.  
Даму концепциясы тәжірибеде бұрыннан бар дүние. Ал қазіргісі, бұрыннан қолданылып жүрген әдістерді ауқымды түрде жаңалап, қайта жаңғыртып, іске асыру арқылы өндірілетін өнімнің сапасын жақсартып, көлемін ұлғайту. Ең басты мәселенің бірі – мамандардың біліктілігін көтеру, тәжірибесін арттыру, кенорынды игеру тиімділігі және өнімнің сапасын мен мөлшерін көбейту.
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх