Кәсіподақтың көшбасшылық мектебі

Кәсіподақтың көшбасшылық мектебі
22.06.2018
77
Жаңалықтар

Кәсіподақтың көшбасшылық мектебі

14 маусымда Астанада Кәсіподақ көшбасшылығы мектебі ашылды. Ашылу салтанатына ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары 
Алик Айдарбаев қатысты.

Кәсіподақ қызметкерлерінің жаңа сипатын қалыптастыру мақсатында Қазақстанда алғаш рет қолға алынған кешенді білім беру жобасының мақсаты – еңбек ұжымдарындағы оңтайлы қарым-қатынастың қазіргі заманғы тәсілдеріне үйрету. Жобаны ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен «Самұрық-Қазына» қоры Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы бірлесе қолға алған. Оның барысында кәсіподақтық менеджмент, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, коммуникация, қаржылық және заңдық сауаттылық, қызметкерлерді басқару, дау-дамайларды шешу саласындағы өзекті мәселелер талданады.
«Кәсіподақ көшбасшылығы мектебінің білім беру курсы кәсіподақ басшыларына жан-жақты кәсіби дағдылар мен қазіргі заманғы жұмыстың озық технологияларын оқытады. Әлеуметтік серіктестікті жоғары дәрежеде ұстап тұру үшін, ең бірінші кезекте, сауатты мамандардың керектігін айтқым келеді. Қарапайым еңбек адамдарының құқығын қорғауды жақсартуға ерекше назар аударамыз. Осы орайда «Самұрық-Қазына» қоры басшылығына аталған мәселенің маңыздылығын түсініп, Қор компаниялары тобында әлеуметтік серіктестік пен кәсіподақ қозғалысын дамытуға қолдау танытқанына алғысымды білдіремін», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым.
Осылайша Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы мен Павлодар облысының Павлодар, Екібастұз қалаларынан жиналған 30 кәсіподақ ұйымының басшысының қатысуымен алғашқы оқу сабағы өтті. 28 мамыр күні Маңғыстау облысында пилоттық топ жұмысы табысты өткізілді. Жыл аяғына дейін мұндай оқуға Қазақстанның барлық өңірінен кәсіподақ көшбасшылары қатысатын болады.
«Біз де өз тарапымыздан бұл қадамның маңызды әрі пайдалы екеніне қосыламыз. Бүгінгі өзгерістер сәт сайын орын алып жатқан уақытта біліктілік пен дағдыны үнемі жетілдіріп отыру қажет. Бұл жерде жақында ғана «Самұрық-Қазына» қорының жаңа Даму стратегиясы қабылданғанын, онда қарамағымыздағы компаниялардың қызмет тиімділігін көтеру көзделгенін жеткізгім келеді. Елбасы алға қойған міндеттерді орындауда кәсіпорындар кіріске жұмыс істеп, отандастарымыз ертеңгі күнге сеніммен қарауы тиіс. Бұл бағытта әлеуметтік серіктестіктен тыс, өндірістің өрлеуі де нақты ұжымдардағы кәсіподақ көшбасшыларының біліктілігіне байланысты деп санаймыз. Кәсіподақ басшылары адамдарға биік мүдде төңірегінде топтасып, жаңа заманға бейімделуге көмектескені абзал», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев.
Кәсіподақ көшбасшылығы мектебі алты оқу модулінен тұрады: «Кәсіподақ көшбасшылығы», «Қаржы менеджменті», «Құқықтық сауаттылық және жауапкершілік», «Медиация мен кикілжіңдерді басқару», «Персоналды басқару» және «Тиімді коммуникация». Сабақтар қорытындысында қатысушылар арнайы сынақ тапсырып, оларға сертификаттар беріледі.
Алғашқы «Кәсіподақтық көшбасшылық: бір адым алда» модулін бизнес тренер, ұйымдастырушы кеңесші, менеджмент, психология және ұйымдастырушылық тиімділік саласындағы сарапшы Ерлан Мұстафин өткізді. Бұл модульдің басты мақсаты – көшбасшылық қағидалары мен менеджменттің алдыңғы қатарлы технологиялары арқылы кәсіподақ басшыларының кәсіби деңгейін арттыру. «Көшбасшылық мектебінің негізгі идеясы - өмір бойы оқу, үйрену, іздену және озықтық қасиеттерді дамыту, қалыптастыру арқылы мекеменің де, кәсіподақтардың және кәсіподақ мүшелерінің де бірігіп, жұмыла жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу» – дейді Е.Мұстафин. 

Сәбит Төкенов, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ №2 СҚКБ кәсіподақ төрағасы:

– «Кәсіподақтың көшбасшылық мектебі» жобасы өте қажет. Кәсіподақтардың бір-бірімен тәжірибе алмасып, жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Жүйелі түрде оқу кәсіподақтардың дүниетанымын кеңейтеді, білімін нығайтады. Халықпен жұмыс жасауға көмегін тиігізеді.  

Наурыз Сақтағанов, 
«Өзенмұнайгаз» АҚ кәсіподақ төрағасы: 

– Осындай жобаның басталып, іске асырылып жатқаны өте қуантарлық жағдай. Өмір бір орында тұрмайды, уақыт өте келе жаңарады. Сол жаңашылдықпен жүру кәсіподақтарға да жауапкершілік жүктейді. Сондықтан кәсіподақтардың жан-жақты білімді, білікті болуы жолында өткізіліп жатқан тренингтердің пайдасы мол. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз.  

Тұралқан Болысов, 
«Өзенмұнайгаз»АҚ №1 СҚКБ кәсіподақ төрағасы:  

– Кәсіподақтардың көшбасшылық мектебін де алған білім-тәжірибем болашақта жұмысыма да өз пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Өткізіліп жатқан тренингтер ұнап жатыр. Өзім күткендей болып шықты. Білмегенімізді үйреніп, шыңдаламыз деп ойлаймын. 

Ақмұрат Жақсығұлов, 
«Өзенмұнайгаз»АҚ ХжЭБ кәсіподақ төрағасы: 

– Оқып, әрдайым білімді жетілдіріп отырған жақсы. Осындай мектептің ашылғанына қуаныштымын. Бізге жан-жақты білім беріп, үйретіп жатыр. Алға қарай дами түсу үшін ұмтыласың. Менің кәсіподақ төрағасы болып сайланғаныма 2 жыл болды. Осы мектептің бізге берері мол болады деп ойлаймын.  
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх