Өндіріске арналған өмір

Өндіріске арналған өмір
10.05.2018
64
Қызметкерлер

Өндіріске арналған өмір

Жылыойлық ардагер мұнайшы Елеусін Бисенов мерейлі 80 жастың биігіне көтерілді. Ол өмірінің 40 жылдан астам уақытын еліміздің мұнай-газ саласының дамуына арнады. Ардагер мұнайшының өмір жолы бүгінгі жас мамандарға үлкен өнеге. Ембі кеніштерінің біразында оның қолтаңбасы қалды. Майталман мұнайшының мұнай-газ саласындағы еңбек жолын бүгінде балалары жалғастыруда.


Жылыой өңірінің Жаршық ауылы орта мектебінен түлеп ұшқан Елеусін Боқыбайұлы Бисенов Алматы тау-кен-техникалық институтының геология факультетін инженер-геолог мамандығы бойынша тәмамдады. Бұл 1959-1965 жылдардың аралығы болатын. Оқу бітіріп келген жылы Құлсарыдағы «Қазмұнайбарлау» бұрғылау кеңсесінде коллектор, геолог, аға геолог міндеттерін абыроймен атқара жүріп, қазіргі «Жайықмұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларындағы Мартыши, Прорва кен орындарының игерілуіне үлес қосты. Сол кездері аталмыш кеңсенің бастығы Кемелов Аққуан, бас инженері Есенов Зайлағи және бас геологы Әлжанов Айтбайлармен бір сапта қызмет етті. Еділ мен Жайық - қос өзен аралығындағы кенішті игеру экспедициясындағы уақыттарын еске алған Елеусін аға сол кездердегі Мартыши учаскесінің бастығы Үсібалиев Латип, геолог Шеркешбаев Нұр, Прорва учаскесіндегі бастығы Қуанғалиев Бақтығали, геологтар Амангельдин Сәлкен, Тлеубаев Мырзабай ағаларды өзінің өндірістегі алғашқы ұстаздары ретінде санайды. Бұрғылау ісінің шеберлері Қалымбетов Бақтыбай, Мирманов Бақтияр, білікті жас инженер Жұмағалиев Жолдаспен де бірге еңбек еткен жылдарында көп үйренді. Өндірісте шыңдала түсті. Бұдан кейінгі еңбек ортасы Биікжал бұрғылау учаскесінде жалғасты. Мұнда аға геолог болып еңбек ете жүріп, бүкіл мұнайлы Ембіде бірінші рет аса терең ұңғыларды қазудың дайындық жұмыстарына араласты. Кейін осы учаскенің негізінде Биікжал аса терең бұрғылау экспедициясы құрылады. 
1967–1970 жылдарда Үстірт мұнайын игеру басталды да, мұнда барлау экспедициясы құрылды. Бұған дейін өзін білікті маман ретінде таныта білген Елеусін Бисенов жаңадан құрылған экспедицияның аға геологы ретінде жаңа міндетке шақырылады. Осы кезде экспедиция бастығы Кемелов Аққуан мен бас геологы Тлеубеков Мырзабай еді. Бірлесе еңбек ету арқасында сол жылдары «Арыстан», «Қарақұдық» кен алаңдарынан мұнай бұрқағы ашылды, бірақ өндірістік пайдалануға берілмей, консервацияға қойылды. Бүгінде Маңғыстау облысына қарайтын осы кенорындары өндірістік пайдалануға беріліп, мұнай өндіріліп жатыр.
Е. Бисенов 1970 жылы «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің «Құлсарымұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының Қосшағыл мұнай өндіру цехына аға геолог болып жұмысқа ауыса отырып, басқарма бастығы Ғабдуллин Хамит, бас инженері Бешімов Наурызғали, бас геолог Қарабалин Әбілқайыр, цех бастығы Оразалиев Шамбай, аға инженері Жаналиев Демеулермен қызметтес болады. 1975 жылы өндірісте аздаған кадрлық өзгеріс болып, Оразалиев Шамбай басқарма бастығы лауазымына көтеріледі. Цех бастығы орнына Жаналиев Демеу тағайындалады да, Елеусін Боқыбайұлына аға инженерлік міндет жүктеледі. Ал, 1986 жылының қазан айының 26 жұлдызында ол цехтың басшылығына көтеріледі. Ол уақыт Коммунистік партия саясатының дүрілдеп тұрған кезі мамандарға қойылар талап өте қатал еді. Әрбір басшылық лауазымға лайық деп танылған маман аудандық партия комитетінің бюросында бірлестіктің директорлар кеңесінде бекітілетін. Цех басшысы болып 2001 жылдың тамыз айына дейін абыроймен міндетін атқарған Елеусін Бисенов зейнеткерлік демалысқа шығады. Тек Қосшағыл цехының өзінде табан аудармай еңбек еткен 31 жылын майталман мұнайшы былай деп еске алады.
«Осы цехта қызмет істеген кезімде талай қиындық та, көңіл толатын қуанышты кездер, де болды. Қиындықтарды айтатын болсам, олар мұнай құрамын тазарту, ескі мұнай құбырларының жиі-жиі жарылуы, құрал-жабдықтың ескілігі деген сияқты көпке белгілі өндіріс қиындықтары ғой. Газ жүргізгенге дейін, мұнайды тазарту процестерінде пештерге мұнайды қыздыру үшін отын есебінде мұнайды жағатынбыз. Бұдан қоршаған ортаға зиян келетіндігі (пештерді жаққан күндері поселке қара түтінге оранып тұратын), мұнайдың көп мөлшерде шығын болуы және мұнайды тазарту процесінің ұзаққа созылуы, соның себебінен құрал-жабдықтар жиі-жиі істен шығады. 1995 жылы газ құбыры жүргізілгеннен кейін, аталған қиындықтардан құтылдық. 
1998 жылға дейін әлеуметтік салаға қатысты объектілер (жылу жүйесі, жылу қазандары, балалар бақшалары, поселкенің тазалық жұмыстары) цехтың міндетінде болды. Бүкіл поселкені қыста үзіліссіз жылумен қамтамасыз етуіміз керек, ол үшін 4 жылу қазандарының тоқтаусыз жұмыс істеуі жіті назарда тұратын. Сондықтан осылардың ырғақты үзіліссіз жұмыс істеулерінің барлық шараларын алатын едік. Мен осы цехта жұмыс істеген уақытымда жылу жүйесі мен қазандарының тоқтап қалғанынан төтенше жағдайлар болған жоқ.
Мен басшылық еткен 15 жылдың ішінде Қосшағыл цехы бірқалыпты ырғақты жұмыс жасап тұрды. Мұнай өндіру, тапсыру жоспары үнемі орындалды. Осындай табыстың негізі өндірісті дұрыс ұйымдастыру, ұжымдағы ынтымақ, жақсы қарым-қатынас, сыйластық деп білемін. Сонымен қатар өндіріске жаңа технологияны енгізудің, алынған ұйымдастыру-техникалық шаралардың уақытында орындаудың арқасында еді. 1993 жылы Ақінген кен орыны жайластырылып, өндірістік пайдалануға берілді».
Еліміз егемендік алғаннан кейін өндірісте, ұжым мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуда үлкен өзгерістер мен жағымды жаңалықтар болды. Өндірістік эстетика мен мәдениетке көп көңіл бөлінетін болды. Цехта өндірістік және әлеуметтік жағдай заман талабына сай түбегейлі өзгерді деп айтуға болады. Осы жылдарда бірнеше бір қабатты, екі қабатты үйлер салынды. Ескі барак үйлер құлатылып, олардың иелеріне жаңа үйлер берілді. Осындай игі істердің Қосшағылда жасалуын (тек қана Қосшағыл емес басқарма бойынша) бүгіндері ардагер мұнайшылар сол уақыттағы «Ембімұнайгаз», «Теңізмұнайгаз» АҚ-ның, «Құлсарымұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының: Батырбаев Махамбет, Сағытжанов Серік (марқұм), Дүзбаев Сатыбай, Ізбасов Мақсым, Бойжанов Бағыт(марқұм), Қарабалин Әбілқайыр (марқұм), Көптілеуов Мәліктердің білікті дұрыс басшылықтарының арқасы деп біледі.Ембі кеніштерінің өркендеуіне қосқан азды-көпті еңбегі бағаланған Елеусін Бисенов «Ерлік еңбегі үшін В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне», «Еңбек ардагері» медальдарымен, жоғары органдардың құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталған. 2017 жылы Жылыой ауданы әкімінің ұсынысымен, аудандық мәслихаттың шешімімен, Елеусін Боқыбайұлы Бисеновке аудан алдындағы ерекше еңбегі үшін «Жылыой ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Жақсы әкенің тірнектеп жиған атақ-абыройы балаға өмірлік азық қой. Елеусін аға мен Зияда ападан (марқұм) тараған 3 қыз, 1 ұл бүгінде жоғары білім алған білікті мамандар. Ақмамық әке жолын қуып мұнайшылық кәсіпті таңдаған. Қазақ политехникалық институтын инженер-геолог мамандығы бойынша бітіріп, бүгінде «Жылыоймұнайгаз» басқармасында геолог болып, геология және мұнай-газ кен орындарды игеру бөлімінде еңбек етсе, оның жолын Қази да жалғастыруда. Ол да Алматыдан мұнай-газ институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша тәмамдап, «Жылыоймұнайгаз» басқармасының қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы болып қызмет етіп жатыр. Гүлсімнің мамандығы – экономист-бухгалтер, Теңіз кенішінде абыройымен еңбек етуде, Гүлшат та қаржы саласының жоғары білімді маманы ретінде, Гүлнар келіні де аудармашы ретінде, магистралдық мұнай құбыры мекекемесінде еңбек етуде. Немерелері Асылбек пен Райымбек атасы мен әкесінің жолын қумақ болып, мұнайшы мамандықтарын тандап, бұрынғы Қазақ политехникалық институтында, кәзіргі Қ.Сәтбаев атындағы университетте оқып жатыр.Ұл-қыздарынан тараған немере-жиендерінің ортасында өмір кешіп жатқан майталман мұнайшы ағамызға әлі ұзақ уақыт ұрпағының қызығын көруге жазсын деп тілейміз.

Фотомұрағат

 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх