СІЗДЕРГЕ МЫҢ АЛҒЫС – МҰНАЙШЫ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР!

СІЗДЕРГЕ МЫҢ АЛҒЫС –  МҰНАЙШЫ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР!
10.05.2018
90
Қызметкерлер

СІЗДЕРГЕ МЫҢ АЛҒЫС – МҰНАЙШЫ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР!

«Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлерін зейнеткерлік демалысқа салтанатты жағдайда шығарып салды. Кенорынның игерілуіне өз үлестерін қосқан мамандарға Компания басшылығы үлкен құрмет көрсетті. 

Құрмет иелеріне арналып қаладағы «Атамекен» мейрамханасында ақ дастархан жайылды. Шақырылған 256 адамның 200-ден астамы мекемеде қызмет етіп, әр жылдары зейнеткерлікке шыққандар, ал қалғаны жуық арада көп жылдық еңбектерінің құрметті демалысына аттанып бара жатқан мамандар болды. 
«Өзенмұнайгаз» АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы Наурыз Сақтағанов: «Сіздер мұнай өндірісіндегі қызық та қиын күндеріңізді артқа тастап, зейнеткерлікке шығып бара жатырсыздар. Компанияның өрлеу кезеңдерінен Сіздердің қолтаңбаларыңызды анық танимыз. Бүгінгі күні Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ өмір және шаңырақтарыңызға қуаныш пен шаттық тілейміз», – деп ізгі ниетін білдірді.
Ұзақ жылғы абыройлы қызметтері үшін зейнеткерлікке шығып бара жатқан бір топ мұнайшыға Компания тарапынан Алғыс хаттар мен «Технодом» сауда үйінің сертификаттары табысталды. Әр зейнеткердің құшағы гүлге толды. Сондай-ақ, барлық зейнеткерлерге сыйлықтар табыс етілді. Олар да өз тараптарынан разылықтары мен ақ тілектерін жаудырып жатты. Ырзық-несібесін осы компаниядан табуға жазған әр жан еңбектерін бағалап, құрметпен шығарып салып жатқан компания басшылығына ризашылығын білдірді. Ұжымның мұнай өнімінің жоспарын орындап, алға қойған мақсаттарға қиындықсыз жете беруіне тілектестік білдірді. 
Жиналған көпшілікке жаңаөзендік өнерпаздар ән, күйден шашу шашты. 

Сейітхан Қадыров,
«Өзенмұнайгаз» АҚ, ТТБ автобус жүргізушісі

– Мен 38 жыл бойы ТТБ автобус жүргіздім. Ұжымға бауыр басып қалғаным соншалық, еңбек демалысына кеткенде кәдімгідей сағынып көрісемін. Зейнеткерліктің де өзіндік артықшылығы бар деп ойлаймын. «Адам өткен күндерімен күліп қоштасады» деген сөз бар емес пе? Еткен еңбегіміз бен төккен терімізді ескеріп бізге мерекелік дастарқан жайып, құрмет демалысына салтанатты түрде шығарып салып жатқан компания басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. 

Рәзия Түлкібаева,
«Өзенмұнайгаз» АҚ, №1 МГӨБ сораптар станциясының машинисі

– Менің әкем Смағұл Түлкібайұлы Өзен кенорнын алғашқы игерушілердің бірі. Ол киелі түбекке 1962 жылы келіп қоныстанған болатын. Мен де мұнай саласында 40 жыл үзбей жұмыс жасап, бүгін аман-есен зейнеткерлікке шығып тұрған жайым бар. Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын. Компания басшылығына алғысым шексіз. Адамды өрге бастыратын еңбек қана. Өзен кенорнының болашағы жарқын болып, өсіп-өркендей берсін деген тілек айтамын.

Қанатбай Өтепбаев,
«Өзенмұнайгаз» АҚ, МӨҚжТКЖБ, №1 дәнекерлеу цехы бастығының орынбасары:

– Мен өмір бойы өзімнің талабыммен, адал еңбегіммен нан тауып жеген адаммын. Мазмұнды, мағыналы өмір сүрдім деп есептеймін. Шаруамды еңбекпен үйлестіріп, тұрмысымды түзедім. Компанияға ешқандай өкпем жоқ. Еңбегім еленіп, талай марапатқа ие болдым. Бейнетіміздің зейнетін көру үшін құрмет демалысына шығып барамыз. Мерекелік көңіл-күй сыйлап, марапаттап жатқан басшылыққа Алланың нұры 
жаусын!  
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх