Сансызбай Күмісқалиев: Жұмысшыға барлық жағдай жасалады, есесіне талап та күшті

Сансызбай Күмісқалиев: Жұмысшыға барлық жағдай жасалады, есесіне талап та күшті
10.05.2018
93
Әлеумет

Сансызбай Күмісқалиев: Жұмысшыға барлық жағдай жасалады, есесіне талап та күшті

Мұнайшылардың өндірісте қолайлы жағдайда еңбек етуіне жағдай жасау жылдан жылға жақсарып келеді. Осыдан ширек ғасыр бұрынғы кезеңдегі ахуалмен бүгінгі жағдайды салыстыруға келмейді. Өндірістік әлеуметтік жағдайды жақсарта түсу Қоғам басшылығының ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Алға қойған осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Ембімұнайгаз» АҚ-ның басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков әлеуметтік нысандармен тікелей айналысатын департамент құру керек деп шешті. Бұл мақсат бұған дейін әлеуметтік мәселелермен айналысып келген әлеуметтік саясат департаментін екіге бөлу негізінде жүзеге асты. Осылайша жаңа «Инфрақұрылымдық нысандарды және сервисті басқару» департаменті өмірге келді. Бұл жаңа құрылым алға қарай қай бағытта жұмыс жасамақ, қандай мәселелерді жүзеге асырады? Сол туралы департамент директоры Күмісқалиев Сансызбай Асылбайұлымен сұхбаттасқан едік.


– Сансызбай Асылбайұлы, жаңа департамент қандай бағытта жұмыс жасайтынын, мақсатын түсіндіріп өтсеңіз?
– «Ембімұнайгаз» АҚ-ы қазақ мұнайының қара шаңырағы десек, оның иелігіндегі игеріліп жатқан кен орындарының саны 42. Осынша өндірістің басын біріктіріп отырған 4 мұнай газ басқармасында 45 жатақхана, 38 асхана бар. Бүгінгі күнге дейін осы нысандарды дамытуда айтарлықтай істер тындырылды. Олардың күрделі жөндеуі, жиҺаздармен жабдықталуы, тұрмыстық техникалармен қамтылуы, аумақты көгалдандыру секілді толып жатырған жұмыстар жүйелі жүргізілді. Ең басты мақсатымыз – жұмысшыларға өндіріс басында жағдай жасау десек, ол міндеттер орындалды. Бірақ, уақыттың бір орнында тұрмайтындығын ескерсек, жасалып отырған жұмыстардың сапасын арттыру, әрі тиімді басқару қажеттігі күн сайын сезіліп отырды. Басшылық уақыт талабын қолдап, жаңа департамент ашуға қолдау білдірді. Департаменттің атауы айтып тұрғандай, біз алдымен инфрақұрылым мен сервисті басқарамыз. Компанияда Еңбек шартына сай жұмысшыларға әлеуметтік пакет қарастырылғаны белгілі, яғни, еңбек демалысы, шипажайларға жолдама, медициналық сақтандыру, балаларының жазғы демалысы, т.б. Сонымен қатар олар өмірінің жарты бөлігін жанұясынан алшақ жатқан өндіріс басында өткізетін жандар. Сондықтан, жатақхана, асхана жұмысы, әлеуметтік қызметтің қай түрінің де талапқа сәйкестігі маңызды. Негізі, еліміздегі шетелдік компанияларда әлеуметтік мәселе қашан да өндірістен кейінгі бірінші орында тұрады. Біз де осы бағытты қолдаймыз. Оған жауапсыз қарауға болмайды. Өйткені ол сан қырлы, сан салалы және аса жауапты қызмет. 
– Департамент жұмысын қандай істермен бастап жатырсыздар?
– Біздің мақсатымыз инфрақұрылымды дамыту болғандықтан, алдымен барлық жатақхана, асханалардағы жағдаймен танысып көрдік. Тарата айтар болсақ, жұмысшылар тұрып жатқан жатақхананың жағдайы, төсек орны, аяқ-киім сақтайтын, киініп-шешінетін орын, демалыс бөлмелері, жиһаздың жай-күйі, тренажер залдары, ғимараттың сыртқы-ішкі келбеті, ауланың тазалығы мен абаттандырылуы, асханада тамақ пен тамақтану сапасы, ыдыс-аяқтардың жуылуы, тағамдардың тасымалдануы, санитарлық талапқа сай сақталуы, т.б. көптеген мәселелер. Егер шетелдік компаниялар тәжірибесіне сүйенсек, осы аталған қызметтердің барлығын бір компанияның басқаруына тапсырады. Осылайша талап та, сұраныс та бір компаниядан болады. Біз толып жатырған қызметтер үшін бірнеше мемлекеттік сатып алулар санын тек біреуге қысқартамыз. Жасыратыны, Қоғам бойынша мұндай жұмыс бірінші рет қолға алынғалы тұр. Егер біз оған қол жеткізсек, жұмысшылар жағдайы бұрынғыдан да жақсара беретініне сенім мол. Жаңа департаменттің бақылауында жатақхана, асханалардан өзге орталық аппараттың ғимараты да бар. Біз осы ғимараттың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрт сөндіру жүйесін басқару, төтенше жағдайда адамдарды эвакуациялау жолдарын талапқа сай қалыпқа келтіруіміз қажет, себебі, жоғарыда айтылған жұмыста жүрген әрбір қызметкердің отбасына аман-есен қауышуы басты мақсатымыз болып қала береді. Бөлмелердің салқындату мен жылыту жүйесін реттеу, қызметкерлер демалатын орын қарастыру, олардың жайлы демалуына қолайлы жағдай туғызу секілді т.б. жоспарларымыз бар. Сондықтан осы жұмыстарды жаңаша бастап, қолға алу міндеті тұр. Соған кірісіп жатқан жайымыз бар...
– Иә, оны офистің кіре берісін жаңарту бағытындағы бастамаларыңыздан көре бастағандаймыз?..
– Айтуыңыз орынды, ол жұмысымыз сәтті жүзеге асты деуге болады. Қай мекеменің де кіре берісі – оның айнасы іспетті. Оның үстіне жүз жылдан артық уақыт мұнай өндіріп жатқан «Ембімұнайгаз» секілді отандық компанияның кіре берісі келушілерге ыңғайлы, ашық-жарқын болуы тиіс. Мұнда күніне жүздеген адам, компания өкілдері әр түрлі жұмыстарымен келеді. Сол себепті арнайы ресепшн жасақтап, оған қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік меңгерген екі жас маманды аутсорсинг жүйесімен жұмысқа алдық. Олар қонақтарға қалтқысыз қызмет көрсетеді. Одан келген қонаққа қызмет көрсету сапасы әрі компания беделі арта түседі. Мекемеге келген әр адам өзіне қолайлылық болғанын қалайды. Отыратын, күтетін, сөйлесетін орын болмаса, ішінде үлкені бар, кішісі бар, шаршап, мазаланатыны сөзсіз. Сондықтан арнайы кең холл жасақтап, онда бірнеше жұмсақ кресло мен шағын аласа үстелдер қойылып, келген адам ЕМГ мамандарымен сол жерде кездесіп, сөйлесе алатындай мүмкіндік жасалды. Бүгінде келушілер мен біздің мамандарымыз сол жерде жұмыс бабындағы істері жөнінде сөйлесе алатын жағдай қалыптастырдық. Сонымен қатар, сегіз қабатты және бірнеше қанатқа бөлінген үлкен офиске кірген адам адасып жүрмес үшін, департаменттердің қай қабатта екені көрсетіліп жазылған бағыттамалар, кабинеттерді нөмірлеу жүргізілді.
– Ал, өндірістегі әлеуметтік нысандарды қандай жаңалықтар күтіп тұр?
– Бұл енді басты бағытымыз. Жоғарыда айтқанымдай, бүгінгі күні жатақханалар мен асханаларға, олардың қызмет көрсету сапасына қатысты сұрақтар көп. Ол үшін осы жұмыстардың бәрі бір қолдан шығатындай етіп, аутсорсингке, бір ғана мердігерге беруді ойлап отырмыз.Қазір мақтанышпен айтуға болады, «Ембімұнайгаз» АҚ-ы «ҚазМұнайГаз» ҰК компанияларының арасында алғашқылардың бірі болып цифрлау жұмыстарын бастады. Ол бүгінде басқа мекемелерге үлгі ретінде ақпарат құралдарында насихатталып отыр. Әлеуметтік саланы дамытуда да осындай деңгейге жетіп, үлгі боларлықтай компаниялар қатарына қосылу ойда бар. Әзірге ол тәжірибе жүзінде «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-на қарасты «Кенбай» кен алаңындағы жатақханалардан басталмақ. Вахталық қалашықтағы №1,2,3 жатақхананың іші мен сырты күрделі жөндеуді қажет етеді. Сыртқы киімді кептіру орны санитарлық-эпидемиялық талапқа сай ету, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Су, кәріз желісі, вентиляция, жабдықтар, тазалық бойынша да атқаратын жұмыстар көп. Ауыз су диспенсерлеріне дезинфекция жүргізу, төсек орын сақталатын инвентарлық бөлмелерді қалыпқа келтіру секілді жұмыстар күтіп тұр. Вахталық поселоктегі Еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы, санитарлық бағытта да пысықтайтын жұмыстар көп. Соған сәйкес, осы жұмыстардың бәрін бір компанияға беріп, сол бір ғана компаниядан сұрасақ дейміз. Егер жақсы нәтиже берсе, осы тәжірибені барлық жатақханаларға таратамыз. Кенбайда бұл жұмыстар биылғы жылдың 2-3-ші тоқсанында басталады деп күтілуде. 
– Басқа жатақханалар бұрынғыша қала бере ме?
– Міне, осыны болдырмас үшін ЕМГ басқару аппаратында және барлық құрылымдық бөлімшелерде «Тұрғын-үй комитетін» құрудамыз. Оның құрамы сол жатақханаларда жататын, қызметін пайдаланатын жұмысшылардан тұрады. Сол өкілдер кемшіліктерді анықтап, бүркеліп жата бермес үшін, бізге тікелей шығып отырады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демей ме? Біз өз тарапымыздан бақылау жасап, орын алған олқылықты жедел шешу қамын жасаймыз. Мердігерлерге деген талап та қатаяды, оларды босаңсытып қоя алмаймыз. Талап деңгейінде жұмыс жасауға міндеттейміз. Ол бастамамыз алғашқы қадамын жасап та үлгерді. Біз жуырда басқармалардан ұсынылған делегаттардың қатысуымен алғашқы Форумды өткіздік. Бұл басқосуға жұмысшылардан өзге басқармалардың кәсіподақ басшылары да қатысты. Жалпы жұмысшылар тарапынан біз үлкен қолдау таптық.  
– Ал, мұнайшыларды тамақтандыру бағытында не өзгеріс болады?
– Бұл бағытта кемшіліктердің бары рас. Бірақ біз әзірге қазіргі мердігер компаниямен осы мәселені талқылауды көздеп отырмыз. Тағам түрлері сан алуан болуы тиіс. Бұл жерде тағамдардың тасымалдануы, сақталуы, дайындалуы, қауіпсіздігі сынды мәселелер бар. Ең бастысы СанПин және НАССР ережелері мен талаптарын сақтау қажет. Тіпті ыдыс-аяқты жуудың да өз талабы бар. Соған сәйкес, басқа компаниялардың тәжірибесімен танысу мақсатында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның барлық 6 құрылымдық бөлімшесінің әлеуметтік бөлім басшылары мен мамандары Карабатандағы вахталық қалашықта болып, ондағы мердігер мекемелердің басқаруындағы жатақхана, асхана жұмыстарымен танысып, жақсы әсерде оралды. Енді біз де жұмысшыларға қызмет көрсетуді жақсартуға жұмыстануымыз керек.   
– Айтпақшы, Сіз де өңірдегі бірқатар шетелдік компанияларда қызмет еттіңіз ғой. Олардың бұл саладағы тәжірибесі бізге үйлесе ме?
– Әрине, үйлеседі. Біз Атырауда еңбек етіп жатқан шетелдік компаниялармен иық тірестіре алатындай дәрежеде боламыз, ол тек мұнай өндіру емес, әлеуметтік салаға да қатысты. Оларда сервис саласына ерекше көңіл бөлінеді. Жұмысшыға деген көзқарас мүлдем бөлек, барлық жағдай жасалады, есесіне талап та күшті. 
– Тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– Басқарма төрағасы А.Жақсыбековтың қолдауымен биылғы жылы қазақ мұнайының бастауы – Қарашүңгіл кен орнына «Қарашүңгіл Ата мемориалдық кешенін» жаңа дизайнда жаңартқымыз келіп отыр. Бұл ер есемін ел есінде сақтау, жастарға, кейінгі буынға өнеге әрі мұнай бұрқағы алғаш атқылаған жерге ескерткіш болмақ. Прорвадағы мұражайды қайта жаңартуымыз қажет. Бас кеңсе жанындағы мәңгілік алау паркін де қайта жаңартып, қала адамдарының демалатын бір демалыс аймағына айналдырғымыз келеді. Сонымен бірге бас кеңсе алдындағы фонтан жұмысын жаңарту, қаланың көрікті жерлерінің біріне айналдыруды көздеп кеңсе айналасына өзгешелеу көгалдандыруды жүзеге асырудамыз. Офисте шай ішетін орындар, кафетерий, сөйлесу, пікірлесу алаңдарын жасақтау да ойда бар. Ал құрылымдық бөлімшелердегі жатақханаларды басқаруды бір стандартқа сәйкестендіруді қарастырып отырмыз. Бұл жұмыс жасауға да, талап етуге де ыңғайлы. Қысқасы, жұмыс көп, соларды көпке созбай жүзеге асыру бүгінгі міндетіміз.
– Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңыз жемісті болсын! 
 

Күмісқалиев Сансызбай Асылбайұлы – 1965 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Сарқамыс ауылында мұнайшы отбасында туған. Мамандығы – заңгер, экономист. Ұзақ жылдар НКОК, Аджип ККО, Теңізшевройл мекемелерінде инфрақұрылым, сервис, логистика саласында менеджер, директор лауазымдарында еңбек еткен. Соңғы бес жылда Америка, Канада, Дубай, Польша, Ұлыбритания елдерінде тәжірибеден өткен. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген. 
 

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх