Жеңіс күні атап өтілді

Жеңіс күні атап өтілді
05.05.2018
80
Әлеумет

Жеңіс күні атап өтілді

Соғыс аяқталғанына 73 жыл өтті. Соғыс жаңғырығы әр адамның жадында сақтаулы. Отан үшін, келешек ұрпақтың бейбіт аспаны үшін күресіп, жандарын қиған сарбаздар ұмытылмайды. Олардың ерлігін мәңгілік қастерлеу қазіргі ұрпақ міндеті. «Ембімұнайгаз» АҚ-да өткен жиын осындай құрметтің айғағы болды. Шараға қатысқан соғыс және тыл, еңбек, Ауған соғысы ардагерлерін Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Айболат Ғабдуллин құттықтады:

– Сіздерді ұлы мереке – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл Ұлы Жеңіске – 73 жыл. Бұл – өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың   мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесі. Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары адам төзгісіз қиыншылықтарды Сіздер қайыспай көтеріп, елдің қамал-қорғаны болдыңыздар. Сіздер сияқты жеңімпаз ұрпақтың ерен ерлігі, жалындаған жігері, өршіл рухы – бізге әрқашанда үлгі болып қала береді, бізді рухтандырады. Ембілік мұнайшылардың Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап “Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!” деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Ер-азаматтар майданға аттанғанда, олар соғыстың ауыртпалығын көтеріп, тылда қайыспай еңбек етті. Тәулігіне 13-14 сағаттан еңбек еткен мұнайшылар мұнай өндіру жоспарын артығымен орындап, тікелей майданға жөнелтіп жатты. Сол сұрапыл жылдарда Ембі өңірінде Комсомол (1943), Қошқар (1944), Тентексор (1945) кен алаңдары іске қосылды.  Мұның барлығы жеңіс таңын жақындата түсті. Ауған соғысы жауынгерлері де интернационалдық борыштарын  абыроймен өтеді, олардың ерлігі де ел есінде. Қазіргі уақытта «Ембімұнайгаз» АҚ есебінде 1786 зейнеткер тіркелген, олардың ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқандар 12 адам болса, тылда еңбек еткендер саны 200 адам. Оларға әр түрлі әлеуметтік көмек көрсету үнемі назарда және оның көлемі жылдан жылға арта түсуде. Ұлы Жеңіс мерекесімен барша ембілік мұнайшылар атынан құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, – деді ол.

Шараға қатысушылар «Азалы ана» мәңгілік алауына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Жеңіс тақырыбына өлең оқып, ән айтқан жас мамандар көкке көгершін ұшырып, мәңгілік бейбіт өмір болуын тіледі. Соңынан ардагерлер Д.Нұрпейісова атындағы мұнайшылар сарайында жайылған мерекелік дастарханда бас қосты. Мұнда да оларға қазақы дәстүрмен сый-сияпат көрсетіліп, дәм ұсынылды. «Ембімұнайгаз» АҚ жастары соғыс әндерін айтып ардагерлердің көңілін көтеріп, мереке сәнін келтірді.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх