Атырауда халықаралық мұнай-газ көрмесі өтті

Атырауда халықаралық  мұнай-газ көрмесі өтті
28.04.2018
139
Өндіріс

Атырауда халықаралық мұнай-газ көрмесі өтті

2018 жылдың 10-12 сәуір аралығында Атыраудағы «Көрме орталығында» Солтүстік-Каспий аймақтық «Atyrau Oil & Gaz 2018» халықаралық көрмесі өтті. Көрменің өтуіне ҚР Энергетика министрлігі, Атырау облысының әкімдігі, «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, KAZSERVICE сервистік компаниялар одағы мен қатысушы елдердің дипломатиялық миссиялары ресми қолдау көрсетті,  ұйымдастырушылары – Iteca (Қазақстан) және ITE Group Plc (Ұлыбритания) көрме компаниялары болды.
Биыл 25 жылдығын атап өтетін «Теңізшевройл» компаниясы, «Ембімұнайгаз» АҚ, Каспий құбыр жүргізу Консорциумы, NCOC көрменің негізгі серіктестері болып, көрмеге өздерінің жұмыс бағытын көрсететін экспозицияларын қойды. Бұл жолы «Ембімұнайгаз» АҚ көрменің Алтын серіктесі бола отырып, «Мұнай өндіру ісіндегі цифрландыру» форумын өткізді. Көрмеге қатысушылардың географиясына келсек, Австрия, Ұлыбритания, Түркия, Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Қазақстаннан 100-ден аса компания көрмеде өз өнімдерін, жұмыс бағыттарын көрсете алды. 
– Көрменің негізгі мақсаты – мұнай-газ кешені кәсіпорындарын қолдау және дамыту, мұнай-газ саласына инновациялық технологиялар мен инвестициялар тарту. Мен көрме қатысушыларының өз қызметтеріне жаңа тұтынушылар табатынына сенімдімін. Мұндай алаңда кездесу кен орындарын және серіктестердің өзара қарым-қатынасын дамытуға, өз бизнесінің көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді. Көрме аясында қатысушылар пайдалы ақпарат алмасып, әр компанияның серіктестер ортасы кеңеймек. Қазіргі уақытта облыста мыңнан аса шетелдік және отандық компаниялар еңбек етуде. Облысымыз 50 елмен әріптестік қарым-қатынаста еңбек етеді», – деді көрменің ашылуы салтанатында сөз сөйлеген Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
– Осындай маңызды шараның мұнай өндірісінің бастауы болған Атырау облысында өтуі қуанышты жағдай. Мұнай-газ саласы Қазақстан экономикасының локомотиві, сондықтан да біз оның одан әрі қарқынды дамуына мүдделіміз. Көрмеге көптеген елдер қатысады, олар жаңа әріптестік қатынас орнатып, алдағы уақыттағы жоспарларын нақтылауға мүмкіндік алып отыр, – деді ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов. 
Расында да, бұл ауқымды шара қазақстандық мұнай-газ кәсіпорындарын қолдау мен дамыту және жаңа технологиялар мен инвестициялар тартуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Жалпы, жыл сайын көрмеге қатысушылар саны, соның ішінде қазақстандық компаниялар қатары көбейіп келеді. Сонымен қатар, отандық кәсіпкерлер іскерлік кездесу өткізіп, тиімді келіссөздер жүргізді. Биыл 110 компания өкілдері қатысқан көрмеде мұнай-газ кен орындарын барлау және өндіру, тасымалдау, жаңа қондырғылар мен технологиялық жабдықтар, сервистік компанияларға арналған аса пайдалы жобалар бар. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі компаниялар үш күн бойына жергілікті кәсіпорындар мен мамандар үшін түрлі семинарлар, шеберлік сыныптарын өткізді.
Жыл сайын көрменің әлеуеті де артып келеді. Биылғы жылы экспозициялық алаңның 30 пайызға өскендігі байқалып, ол мұнайгаз және құрылыс саласы өкілдерінің белсенділігі артқандығын көрсетті. Көрмеге қатысушылар одан нәтижелі қорытынды шығатынына үлкен үміт артқаны белгілі, бұрынғы әріптестермен қатар жаңа серіктестікке жететіндігіне де сенім артты. Көрме мұнайгазды өндіру және қайта өңдеу, мұнайгаз жабдықтары, тасымалдау, мұнайгаз өнеркәсібіндегі дәнекерлеу, инжиниринг және консалтинг, геофизикалық қызметтер, қоршаған ортаны қорғау, т.б. салаларды қамтыды. Бұл бағытта, әсіресе, ресейлік компаниялардың қызығушылығы көп болды. Көрмеге қойылған «Ембімұнайгаз» АҚ стендісін ұсынған мамандардың бірі Маралова Майя мен Кульчиев Азаматтың атап өткеніндей, өздерін таныстырып, тілдескен шетелдік және ресейлік компания өкілдерін қазандарды тазалау, экологиялық шараларды орындау, абаттандыру ісі, арнаулы техникалармен қамтамасыз ету, тасымалдау, Компания тендеріне қатысу мүмкіндігі, жалпы мұнайгаз тақырыбына қатысты басқа да көптеген мәселелер қызықтырған. Сонымен қатар, олар әріптестік қарым-қатынасқа қашан да дайын екендіктерін мәлімдеген.
Айта кетерлігі, облыс мұнай-газ көрмесімен «AtyrauBuild 2018» құрылыс және интерьерлік көрмесі де қатар өтті. Ол көрмеге 40-тан астам экспонент қатысты. Оның көп бөлігі – «Құрылыс», «Интерьер», «Жылу және Вентиляция», «Терезе, Есіктер және Қасбеттер», «Керамика және Тас», «Жол құрылысы», «Сылау-сырлау» бөлімдерін таныстыратын отандық компаниялар.

”ҚазМұнайГаз” БӨ“ АҚ ресми сайты және еншілес компаниялары

верх